«Оқиға куәгерлері «102» пультіне көлік рулінде мас күйде отырған жүргізуші туралы хабарлады. Полиция қызметкерлері іздеу іс-шарасы барысында Toyota Camry көлігінің 48 жастағы жүргізушісін Мәңгілік ел-Ұлы дала көшелерінің қиылысында ұстады. Құжаттарын тексеру барысында ер адамнан спирттің өткір иісі шығып тұрды», делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, орташа деңгейде мас болғаны расталғанына қарамастан жүргізуші не бәрі 2 бөтелке сыра ішкенін айтып ақталған.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-тармағымен мас жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, көлігі коммуналдық тұраққа қойылды. Әкімшілік сот шешімімен ер адам 15 тәулікке қамалды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды», деді полициядан.