Қоғам • 06 Ақпан, 2021

Көзбояушылықтан арылған жөн

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Он екі жасар бала жоғалды» деген хабар Петропавлдың түймедейді түйедей етіп ала жөнелетін әлеуметтік желілерінде тез тарады. Қазіргі заманда 12 жасар бала өздігінен жоғалмасы белгілі. Жаман ойлы біреулер ұрлап әкетпесе немесе өздігінен үйінен қашып кетпесе шағын қалада ондай жастағы балалардың жоғалуы мүмкін емес.

Көзбояушылықтан арылған жөн

Адасып қалғанның өзінде кез келген «ағайға» немесе «апайға» айтып, шешесінің немесе әкесінің қалтафонына хабарласа алады. Тіпті ондай жастағы балалардың өздерінде де қалтафон бар. Мектепті қашықтан оқудың себебінен қазір барлық ата-аналар да балаларына қалтафон әперген. Сонда да аттандаған желілердің әсерімен полиция мен волонтерлер өре түрегелген.

«Жоғалды» деп хабар түскеннен кейін бала екі сағаттың ішінде ғана таныстарының үйінде жүрген жерінен аман табылды. Не үшін «жоғалды» деп жарияланғаны, неге үйінен кеткені туралы еш хабар жоқ, полицияның берген хабарында тек «екі сағаттың ішінде таптық» деген өздерінің жұмыстарын асыра көрсеткен леп қана бар. Көрінгеннің атын шығару үшін жасап алған әлеуметтік желілеріне қосылып, жасанды мақтан, көзбояушы ерлікті көкірек кере көрсету - полициядай беделді органға жараспайды-ақ...

ПЕТРОПАВЛ