Руханият • 06 Ақпан, 2021

Ақмешітте айтыс өтті

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастырған сөз додасында еліміздің әр түкпірінен келген ақындар сынға түсті.

Ақмешітте айтыс өтті

Айтыстың ашылуында қала  әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аламанға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында құрдастар әзілі, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты. Сырдағы сөз сайысын жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Роза Мұқанова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла және  ҚР мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов сынды есімі елге белгілі өнер өкілдерінен құрылған қазылар алқасы бағалады.

Тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, рухани бай мұрамызды, Отанымызды жырға қосуды мұрат еткен айтыс қорытындысында  III орынды павлодарлық Рауан Қайдаров пен қызылордалық Ержеңіс Әбдиев қанжығаласа, сөз бәйгесінің II орыны өскемендік Серік Қуанғанға бұйырды. Арқалықтан ақтаңгер Айбек Қалиев пен атыраулық арқалы ақын Шалқарбай Ізбасаров  I орынды өзара бөлісті.

Ақмешіттегі айтыс аламанында бас жүлдені маңғыстаулық  Нұрлан Мұсаев иеленді.