Руханият • 08 Ақпан, 2021

Кенеп бетіндегі көрініс

869 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде «Бір туынды тарихы» жобасы аясында Қазақстанның Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 1981 жылы тау пейзаждары жанрымен салынған «Биік таулар» картинасы көпшілікке таныстырылды.

Кенеп бетіндегі көрініс

Тауда бір рет болған адам оның ерекше айбындылығы мен сұлулығын ұзақ уақыт ұмыта алмайды. Біздің алдымыздан сүрлеудің әр бұ­ры­лысынан көкке ұмтылған тау шыңдары, төмен қарай сылдырай аққан сарқырамалар, бөктерге тамаша жайғасқан ағаштар шығады. Құдды, кеу­деңе ұлылықтың нұрын төгіп тұрғандай.

Тау – табиғаттың ең керемет жетістігі. Олар ас­қақ әрі құдіретті. Алыстан көз қа­­дасаң, жылы шырайлы секілді. Солай бола тұра қа­терлі әрі қауіпті. Тәкаппар тау­­ларды сүйген су­ретші ғана өз кар­­тиналарын­да оның күші мен жұмбақ сиқырын жеткізе алады.

Біздің алдымызда Ша­мал­ған тауларының ғажап көрі­ністері көсіліп жатыр. Таудың суреті кенеп бетін түгелдей жауып, биікке ұмсынады. Суреттің тек төменгі жағынан салт аттылар жүріп бара жатқан жіңішке жолды көреміз. Олар таудың әсем көріністерінің әсе­рінен байқалмайды да. Сол кішкентай бейнелер көшпелі қазақтың өмірінен сыр тартатындай.

Оқырман бұл сұлулықты бірінші пландағы қошқыл түс­термен боялған тауда тұ­рып бақылайды. Содан кейін біз жасыл түспен көмкерілген тау бөктерінің тізбегін кө­реміз. Ал самал жел соғып тұр­ған шыңдары тастақты жы­ныстарымен түксиіп тұр. Картина бойымен сәл жоғары көтерілсеңіз, солардың арғы жа­ғынан көз жауын алатын аппақ қарлы тау шыңы шыға келеді. Қарлы шыңдар бірінші және екінші пландағы тауларға мүлде керағар орналасқан. Олар көгілдір аспан астында ауада салмақсыз қалықтап тұр­ғандай. Бұлар – қатып қал­ған тап-таза мөлдір мұз қабат­тарының сақтаушысы.

Әубәкір Ысмайылов өз кар­тинасында таудың құді­ретін, олардың бойындағы құ­пияны және өзіне қарап тұр­­ған адамды сендіретін шек­сіздік пен мызғымастық се­зімін жеткізген. Суретші кейінгі ұрпақ үшін тұмса та­би­ғаттың аспанмен астасып жат­қанын ұғындырып, жер мен көктің тұтастығын кенеп бетіне жазып, қалдырып кетті. Мұндағы ой – қазақтың дарқан даласының әр бөлігі жанға шуақ, көңілге қуаныш сыйлайтынын дәлелдеу.