Аймақтар • 08 Ақпан, 2021

Петропавл күн өткен сайын құлпырып келеді

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков тұрғындар алдында есеп берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Петропавл күн өткен сайын құлпырып келеді

Әкімдіктің жұмысты жақсы жүргізіп жатқанын қала тұрғындары күнделікті өмірде өз көздерімен көріп жүр. Мысалы, қаланы абаттандыру, жарықтандыру және жолдарды жөндеу жұмыстары үнемі алға басып келе жатқаны көзге бірден түседі. Қазір Петропавлдың көшелері түнгі мезгілдің өзінде самаладай жарқырап тұрады. Осының өзі тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп тұратыны белгілі.

Болат Жұмабековтың баяндамасында былтырғы жаман індеттің кедергі жасауына қарамай 40 тұрғын үй салынған, оның 26 бюджет қаражатының, 14 жекеменшік капиталдың күшімен салынғаны айтылды. Бұл 183,5 мың шаршы шақырым тұрғын үй пайдалануға берілді деген сөз. Тұрғын үйлер қаланың «Жас өркен», «Береке» сияқты мөлтек аудандарында және Ш.Уәлиханов көшелерінің бойында салынуда. Мұндағы жаңа үйлердің арасына тұрғындардың тыныстайтын орындары, балалардың ойын алаңдары да қатар тұрғызылуда. 95 үйлердің аулалары абаттандырылған.

Былтыр Петропавлдың экономикасына жалпы сомасы 98 млрд. теңгенің инвестициясы құйылған. Бұл 2019-бен салыстырғанда 28,4% артық. Өнеркәсіп өндірістері алдыңғы қатарда еңбек етіп келе жатқан «Радуга» ЖШС – 1,5, «Петромашзаводта» – 2, «ЗИКСТО»-да 5 есе артқан. Ал Киров атындағы зауытта заманауи комьютерлер, планшеттер шығарыла бастады. Өткен жылдың соңына қарай олардың 54 мың данасы құрастырылған. Ал биыл Петропавлда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 3 ауқымды жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатқа 5,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Нәтижесінде, 300-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Облыс орталығын абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа спорт және балалар ойын алаңдары салынып, аулаларға асфальт төселмек.

Әрине, жұмыстың бәрі майдан қыл суырғандай жайлы жүріп жатқан жоқ. Есепті тыңдауға қатысып отырған облыс әкімі Құмар Ақсақалов былтыр қаланың қоғамдық көлігі үшін 100 жаңа автобусқа ақша бөлінгендігін, алайда бүгінге дейін соның 7-еуі ғана келіп түскенін қатты сынады. Бұл облыстың көлік басқармасының ғана емес қала әкімдігінің де жұмысының шалалығы деп ол атап көрсетті.

Сонымен бірге медициналық кадрлардың тапшылығы да әлі күнге жойылмаған. Мәселен, үшінші қалалық емханада әлі алты маман жетіспейді екен. Оның ішінде офтальмолог, эндокринолог, балалар травматологы, лор, УДЗ маманы жетіспейді.

Қала әкімі тұрғындардан әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен жүздеген сұрақтарға да жауап берді. Негізінен жекеменшік үйлер иелерінен түскен бұл сұрақтардың бәрі де жүйелі жұмыс барысында шешілетіндер екендігі көрініп тұр. Мәселен, аулалардың асфальттандырылуы, түнгі жарықтардың болмауы, автобус аялдамасының ұзартылуы және т.б. Әкім олардың бәріне де тыңғылықты жауап берді.