Қазақстан • 08 Ақпан, 2021

Әуе компаниялары енді жолаушылардың қара тізімін жүргізе алмайды

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет авиация саласына қатысты реформаларын жария етті. Енді әуекомпаниялар «жолаушылардың қара тізімін» жүргізу құқынан айырылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz

Әуе компаниялары енді жолаушылардың қара тізімін жүргізе алмайды

2019 жылғы 27 желтоқсандағы Bek Air компаниясы ұшағының апатынан билік бір сабақ алуға тиіс еді. Bek Air әуекомпаниясына қарасты Fokker 100 ұшағының Алматы әуежайынан көтеріле бере, ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, тұрғын үйге соғыла құлауы салдарынан 15 адам қаза тапты, 49 адам жарақат алды. Осыған орай ел Президенті 28 желтоқсанды «Ұлттық аза тұту күні» деп жариялады.

Содан билік үнсіз қалған-тын. Мемлекеттің сол апаттан қандай сабақ алғаны қазір ғана белгілі болып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жария етті.

Бір жылдан аса уақыт ішінде біраз былық анықталды. Әкімдер барлық дерлік әуежай айналасындағы жерлерді үлестіріп беріп, әуежайлардың өркендеуіне өріс қалдырмапты. Бұл жер телімдерінің жаңа қожайындары ол жерді Үкіметке қымбатқа өткізіп, пайда табуы үшін жасалса керек.

«Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан және басқа да көптеген қала әуежайлары проблемаға тап болды, олардың айналасындағы аумақ тұрғын үй қорына, ауыл шаруашылығына және өзге де мақсаттарға таратып берілген. Салдарынан әуежайлардың инфрақұрылымын одан ары дамыту үшін қажетті жер жоқ. Соның кесірінен, ұшу қауіпсіздігіне қатер туындауда. Бұған 2019 жылғы желтоқсандағы  Bek Air ұшағының апаты дәлел», деді министрлік.