Қазақстан • 08 Ақпан, 2021

Патрульдік полиция планшетсіз көлік тоқтата алмайды

803 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Патрульдік полиция қызметкерлеріне 9000-нан астам қызметтік планшет берілген. Яғни, олар бұдан былай көлік жүргізушілеріне планшетсіз айыппұл жаза алмайды. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жаңа жұмыс тәртібінің қыр-сырын түсіндірді, деп жазады Egemen.kz

Патрульдік полиция планшетсіз көлік тоқтата алмайды

«Қазіргі таңда патрульдік полиция қызметкерлерінің қолында 9000-нан астам планшет бар. Олардың бәрі ІІМ-нің орталық базасы мен Бас прокуратураның әкімшілік іс өндірістерінің базасына қосылған. Жол қазғалысын қадағалайтын әрбір қызметкер планшетпен жабдылған. Планшетсіз қызмет атқарылмайды. Жүргізуші куәлігі мен көліктің тіркеу деректері осы планшет арқылы тексеріледі. Қазіргі таңда планшет көмегімен жүргізушінің жеке басын біріздендіруге болады. Ол оның төлқұжат деректері арқылы іске асады немесе ЖСН-ін планшетте терсе болды. Сол кезде жүргізушінің куәлігі бар-жоғы, ол құжаттың мәртебесі, көлік туралы мәліметтер шығады. Жүргізушінің әкімшілік құқық бұзу деректерін де планшет арқылы тексере алады», дейді комитет өкілі.

Оның сөзіне қарағанда,  жүргізуші көлікке мінер кезде куәлігі мен техникалық паспортын алмаса да, жеке куәлігін ұмытпауы керек. Осы кезде ғана оның көлік тізгіндеуі заңға қайшы болмайды.

«Айтқым келетіні, жүргізушінің куәлігінсіз көлік айдау үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат болуы керек. Оған жеке төлкұжат, дипломатиялық қызметтік куәлік, жеке куәлік, шетелдіктердің ықтияр хаты, туу туралы куәлік жатады. Ал көлікті тексеру үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін планшетке енгізеді. Осы кезде жүйе аталмыш көлік туралы деректерді автоматты түрде экранға шығарады. Көліктің техникалық байқаудан қашан өткені және сақтандыру полюсі қашан ресімделгені туралы да мәліметтер планшет арқылы көрінеді», деді Серік Түсіпов.