Қазақстан • 08 Ақпан, 2021

Зейнет жасын төмендету туралы тараған ақпарат рас па?

1804 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнет жасын төмендету туралы тараған ақпарат рас па?

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнет жастың өзгертілуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнеткерлік жас - 63 жас, әйелдер үшін бүгінгі таңда – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады. Қазақстанда белгіленген зейнет жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді өзекті болжамдарға негізделген. Елдегі зейнет жасы халықаралық тәжірибеге және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жасын өзгерту туралы мәселе қаралмайды. Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуды сұраймыз», деп жазылған хабарламада. 

Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық азаматтарға осы жүйеге қатысу өтіліне байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 100%-ына дейінгі мөлшерде беріледі.

Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақысының мөлшері соғұрлым жоғары болады. Бұл ретте қазіргі уақытта зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктерге ие әйелдерге өзгерістердің қатысы жоқ. Яғни, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер – 45 жаста зейнетке шығады. 

«Сонымен қатар, азаматтар БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитетіне құқықты (зейнетақы жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін алу құқығын) пайдалана алады. Ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жасы төмендетіліп, 45 жасқа толғаннан басталады. Бұл ретте аннуитеттік төлемдер ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін – 52 жастан беріледі», деп жазылған хабарламада.