Экономика • 08 Ақпан, 2021

Ұлттық банк қаңтар айында неліктен интервенция жасамады?

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирусқа қарсы вакциналардың пайда бола бастауы және олардың тиімділігі жайлы ақпараттардың тарауы әлемдік нарықтағы ахуалдың сәл де болса бетін бері қаратқан-ды,  деп хабарлайды Egemen.kz

Ұлттық банк қаңтар айында неліктен интервенция жасамады?

Мәселен, бір жылдан бері алғаш рет Brent мұнайының бағасы барреліне 60 доллардан асып, бірқатар дамушы елдер валютасының нығаюына, экономиканың қайта қалпына келуіне деген сенімділіктің оянуына түрткі болды. Дегенмен вирустың жаңа штаммының кең қарқынмен қайта тарай бастауы, індет жұқтырғандар санының азаймай тұрғаны қорқынышты қайтадан күшейтіп отыр.
Осыған орай Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қаңтар айын қорытындылап, алдағы жағдай туралы болжамымен бөлісті.

– Қаңтардың алғашқы екі онкүндігінде АҚШ экономикасы кезекті ынталандыру пакетін алған соң және инфляциялық болжамдардың өсуіне байланысты, төмен ставкалардың перспективасын реттеуші пікірлерге байланысты қордық индекстердің өсімі байқалды. Айдың басында шикізат нарықтарында да жақсы динамика байқалды. 5 қаңтар күні ОПЕК+ мүше елдер мұнай өндіруді азайту туралы компромисті шешімге қол жеткізді. Сауд Арабиясы ақпан мен наурызда ерікті түрде тәулігіне 1 млн баррельге аз мұнай өндіреміз деген шешімін мәлім етіп, бұл да өз кезегінде мұнай нарығына қолдау болды. Қара алтынның бағасы пандемияға дейінгі деңгейіне жетіп, баррельіне 57 доллардан асты. Алайда, айдың соңғы аптасында кәсіби емес трейдерлердің GameStop сияқты бірқатар компанияларға жасаған мәмілелері қорлар нарығындағы жағдайды құбылтып жіберді, – дейді Ұлттық банк өкілі.

АҚШ қор нарығындағы құбылмалы жағдайдың индексі 11 пайыздық пунктке, 22 пайыздан 33 пайызға дейін өскен. Бұдан басқа, вакцинация уақыты мен оны елдер арасында тең бөлмеу мәселесіне байланысты да нарықта пессимистік болжамдар туындаған. Құбылмалы жағдайға әкеп соғатын басты фактор – Covid-19 жұқтырғандардың көптігі. Сыртқы нарық валюта динамикасына елеулі әсер етеді. Көптеген дамушы елдердің валютасы қаңтар айында әлсіреп кеткен. Бразилия реалы 5,4 пайыз, Мексика песосы 3,3 пайыз, Оңтүстік Африка ранды 3,2 пайыз, Ресей рублі 2,5 пайыз, ал теңге 0,8 пайызға әлсіреген.

– Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 2020 жылдың желтоқсанындағы 2,5 млрд доллар көрсеткішінен 2021 жылдың қаңтарында 2,2 млрд долларға дейін төмендеді. Нарық негізгі факторлардың ықпалына қарай қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық Банк интервенция жасаған жоқ. Бюджетке трансферт беру аясында Ұлттық қордан алынған валютаның сатылымы теңгеге біраз қолдау көрсетті. Сатылым көлемі 720 млн доллар болды. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектордағы субьектілердің 206 млн доллар көлемінде пайда табуы да теңгеге көмегін тигізді, – дейді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк дерегінше, алтын валюта қорында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жыл басынан бері резерв 35,6 млрд долларды құрады. Алайда қаңтардың соңында Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 1 миллиард долларға азайып, 57,7 миллиард АҚШ доллар болған. Оған әсер еткен басты себеп – бюджетке трансферттердің (381 млрд теңге) бөлінуі екен. Дегенмен ақпан айының басында қор нарығы қалпына келе бастаған. Алғашқы бес күнде қордың инвестициялық кірісі 440 млн долларға жетіпті.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, осыншама құбылуға қарамастан жағдайды оң деп бағалауға болады. Өйткені ақпан айының басынан қор индекстері мен мұнай бағасы өсті. Бұл дамушы нарықтардың валюталарына және қаржы құралдарына қатысты инвесторлардың тәуекелінің жоғарылауына ықпал етпек.

Еске салсақ, 2020 жылы теңге курсын ұстап тұру үшін Ұлттық банк 1,9 млрд доллар көлемінде ақша жұмсады. Тек наурыз айының өзінде теңгенің тым қатты құнсызданып кетпеуі үшін 1,4 млрд доллар бөлген. Бұл әлбетте, айтарлықтай сома. Алайда сарапшылар валюта курсын тұрақты ұстауға дәл бұлай қаржы жұмсау экономикаға зиян келтірмейді деп санайды.