Қоғам • 09 Ақпан, 2021

Мұқтаж жандардың мүмкіндігі кеңейтілді

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамда адалдық пен адамдық салтанат құруы үшін мейірім мен махаббаттың сәулесі сөнбеуі керек. Иә, «қай жерде жұмсақтық болатын болса, ол жер мадақталады, ал жұмсақтық болмаған жер қашан да датталады» деген сөздің де астарында терең мағына жатқаны мәлім. Халқымыз әлімсақтан мұқтаждардың мұңына құлақ түріп, мүмкіндігі шектеулілердің мұратына жетуі үшін қолдан келгенше көмек беретіні белгілі. Олардың жақсы өмір сүруі үшін жайлы орта қалыптасып жатқаны да белгілі.

Мұқтаж жандардың мүмкіндігі кеңейтілді

Нақтырақ айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметте 2020 жылы республикалық бюджеттен 366 млрд теңгеден астам қаражат, оның ішінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге – 291 млрд теңгеден астам қаражат, асыраушысынан айырылу жағдайына 75 млрд теңге төленген.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға қарағанда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 525 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылардың саны 166 мың адамды құрайды. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Мысалы, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап жалпы аурудан болған I топтағы мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері – 62 723 теңге, II топқа – 49 983 теңге, III топқа – 33 975 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 45 736 теңге болды. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Мысалы, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап асырауындағы бір адамның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 28 095 теңгені, асырауындағы екі адамның жәрдемақысы 48 676 теңгені құрады.

Бұған қоса өткен жылғы 30 желтоқсаннан бастап «Электронды үкімет» порталында мүгедектігі бар адамдарға арналған бірқатар қызмет пен оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну бойынша құжаттарды ресімдеуге электронды өтінім беру мүм­кіндігі іске асырылды. Бұл қызметтерді «Ең­бек ре­сурстарын дамыту орталығы» АҚ «Ұлт­тық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бір­лесіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауын, сон­дай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 4 наурыздағы «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­лама­сын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізіліп жатқан әлеу­меттік-еңбек саласындағы мемлекеттік қыз­меттерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмыс барысында іске асырды.

Осылайша, енді eGov порталында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігінің келесі мемлекеттік қызметтерін алу­ға өтінім беруге болады. Бұл – есту ке­міс­тігі бар мүгедектер үшін ымдау тілі ма­манының қызметтерімен қамтамасыз ету үшін құжаттарды рәсімдеу (жылына 60 сағат), жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерді жеке көмекшінің қызметімен қам­тамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу, мүге­дектігі бар адамдарды санаторий-курорт­­­­тық емдеумен қамтамасыз ету үшін құ­жат­тарды рәсімдеу, мүгедектігі бар адамдарды сурдо-тифлотехникалық құрал­дармен және міндетті гигиеналық құ­рал­­дармен қам­тамасыз ету үшін құ­жат­тар­ды рәсімдеу, мүгедектігі бар адам­дарға кресло-арбалар беру үшін құжат­тарды рәсім­деу, мүгедектігі бар адамдарға про­тездік-орто­педиялық көмек ұсыну үшін құжат­­тарды рәсімдеу.

Мүгедектігі бар адамдар үйден шықпай-ақ eGov порталы арқылы жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтерді алуға өтінім бере алады және одан әрі әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында өздеріне тиесілі оңалтудың техникалық құралдарын, көрсе­тілетін қызметтерді берушіні өз қажетті­ліктерін ескере отырып таңдай алады, сондай-ақ тауарды жеткізу түрін (өзі алып кету немесе поштамен жеткізу) көрсете алады және оңалтудың жеке бағдарламасы толық орын­далғанға дейін өз өтінімінің мәртебесін қадағалай алады.

Енді қызмет алушыларға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар қыз­метіне келудің және құжаттарды қағаз тү­рінде ұсынудың қажеті жоқ. Өздігінен жүріп-тұруы, барып-келуі қиын жандар үшін бұның өзі таптырмас мүмкіндік деуге болады. Үкіметтің әлеуметтік салаға баса назар аударып, көңіл мен қаржыны қатар бөліп жатқаны қуантады.