Руханият • 09 Ақпан, 2021

Нартайдың батасы

1840 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез. Елді еңбекке шақырып жырын көкке самғатқан ақын Нар­тайдың атақ-даңқы дүркіреп тұр­ған сәт. Көкірегі жырға толған ақын«Алғабастың» қырманында қара гармонды құлаштай сермегенде көкке ұшқан дала қыранындай көрінетін. Неткен шырқау, төгілген жыр.

Нартайдың батасы

Арқалы ақынның жыры жұртты бір серпілтіп тастайды. Алыстан құйын­да­тып біреу келе жатыр. Жас бала екен. Ауыл­дағы ат бапкерінің баласы болар, бірден байқалып тұр. Ақын Нартай орнынан тұрды.

– Аға, сүйінші, Баукен аға ұлды болды. Соған сізді шақыра келдім!

– Ал ағайын, бағанадан бері айтқан ән-жырыма риза болыңдар. Баукен туысым ұлды болды. Мен сол жерді думандатып қайтайын, – деп ақын гармонды құшағына қысып, қара қасқа жорғаға суыт мінді. Жануар ауыздығымен алысып, «Үлгілі» деп аталатын ауылдағы Бау­кен­нің үйін бетке алып жортып келеді.

 Аттан түскен бойда ақын Нартай қау­малаған жұртқа қарай жырды төгіп тастады.

Ауылға келіп қалдым, Баукен інім,

Қып-қызыл жарылыпты қызыл гүлің.

Келешек ғалым болсын, ақын болып,

Халқыңа төгіп тұрсын күннің нұрын!

– Төк-төк Нартай аға! – деп жұрт қаума­лай түсті. Баукен аға қуаныштан көзін­дегі жасты іркіп алды. Ақын Нар­тай­ жаңбырдай нөсерлеген жырды жалғас­тыра түсті:

Ақын боп, атақ-даңқың дауылдасын,

Мәңгілік ұмытпасын бауырласын.

Досына дос боп өсіп, дұшпанына

Тас болсын, қайсар болсын,

табынбасын!

 – Па, шіркін, Нартайым-ай! – десті қариялар.

 Баукен аға Нартайды төрге отырғыз­ды, шекпенін кереге басына ілді. Дастар­қан жайылды.

– Ұлдың атын кім қоямыз, Нартай аға? – деді Баукен. – Абай болсын. Абайдай дана болсын, халқына пана болсын, деп ақын жырды тағы төкті.

Сол Абай Баукенов қазір секесенге қарай бет бұрды. Әңгімелестік, әріден бастап отыр.

– Біздің ауыл ақындар мен батырлар­ ауылы. Диқан Шырынкүл, Ұлбала, ақын Қалмахан, журналист Нұртөре, Шие­­­лінің даңқын шығарған Ыбырай, Шах­мар­дан Есеновпен мақтанамыз. Ауы­­лы­мыз Нартай ауылы атанды. Мен ақын Нар­тай көшесінде тұрамын. Атым Абай бол­ғасын Нартай, Абай жырларын жа­сымнан жаттап өстім. Институтта қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі мамандығын алдым.

Алтын бесік – туған жерде қызметімді қатардағы мұғалімдіктен бастадым. 14 жыл ұстаз болдым. 8 жыл мектеп ди­ректорының орынбасары, содан 21 жылдай Нартай ауылында мектеп директоры болып зейнетке шықтым. Әріптестерім «мені ұстаздар генералы» деп әспеттейді.

Әкем Баукен Байжанов осы Нартай ауылында елуінші жылдарға дейін колхоз төрағасы болды. «Құр­мет белгісі» орденін алды. Анам Тәшен кол­хозшы еді. Ұл-қыз өсірді, бәрімізді ер­жеткізді, – деді ол шежірешілдік әң­гі­месін тереңнен толғап.

Ұстаз Абай Баукенов сүйікті жары Күлайхан екеуі ұзақ жыл мектепте ұстаз болды. Екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді, бәрі де жоғары білімді.

Абай сәлден соң әңгімені тағы да ақын Нартайға бұрды.

– Әлі есімде, сонау алпысыншы жыл­дың қысы еді. Менің он жасар кезім. Ақын атаның үйіне бір топ ағайын кө­ңілін сұрауға барды. Ақын жүдеу кө­рінді. Жастықтан басын көтерді. «Ха­ліңіз қалай, Нареке?» дегендерге «жақ­сымын!» деді де, гармонды құлаштай сер­мегенде жұрт тына қалды. Неткен қай­рат! Ақын қуаттанып орнынан тұрды.

Өздерің білер Нартаймын,

Нарда бір болсам да қартайдым.

Арнасы бар да өзі жоқ,

Баяғы дауыс айқайдың.

Дәме бар да, дәрмен жоқ,

Еріксіз басты шайқаймын!

Бұл күндері бір кезде Нартай жырлаған, атын Абай қойған Абай Баукенов қазір кіндік қаны тамған Шиелідегі Нартай ауы­лында тұрып жатыр. Қуатты. Отырған жерде ақын Нартайдың жырларын, ел аузында сақтаған әңгімелерін айтудан жалықпайды. Қысқасы, ақын Нартайдың бай қазынасын насихаттаушы.

 

Қайырбай МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі