Қазақстан • 09 Ақпан, 2021

Әліпби реформасы – рухани жаңғырудың өзегі

1009 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ елінің рухани жаңғыруының қарқыны күшті. Ұлт тарихындағы ақтаңдақтар айтылып жатыр – аштық құрбандарын түгел анықтап, олардың рухына тағзым ету бұрын тек зиялы қауым арасында көтерілген мәселе болса, қазір жаппай жұртшылық тарапынан талқыға салынып жатқанын көзіміз көріп отыр. Рухымызды түлететін қанша игі шара, бағдарлама қолға алынды. Осы бағдарламалардың ішіндегі халық санасына әсер етуі, бодан санадан бостан санаға жаңғыру тұрғысынан ерекшесі – латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу реформасы. Аталған реформа өз шешуші межесіне келіп жетті. 28 қаңтар күні ғалымдарымыз әзірлеген әліпби мен емле жобасы  Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияда мақұлданды.

Әліпби реформасы – рухани жаңғырудың өзегі

Бұл жоба қазақ тілі ғылымының  қара шаңырағы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жазу мәселесіне тікелей қатысы бар білікті сала мамандарының күшімен бірнеше жыл бойы ғылыми түрде негізделіп, зерттеліп, сыналып, сараланып әзірленді. Жобаның халық арасында талқылануын жазарман жұртшылық арасында сынамадан өтуін Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты «Тіл-Қазына» орталығы жүргізді. Осы процестердің бәріне біздер куә болдық. Бұған дейін жұртқа ұсынылған әліпбилерден аталған жобаның ерекшелігі көп.

Біріншіден, жоба әзірлемешілері –тілтанушы мамандар.

Екіншіден, жобаның тарихи негізі бар, себебі халықтың ұлттық санасында сақталған «ескі латын» әліпбиіндегі таңбалар ескерілген. Кез келген ұлттың жадында, тарихи санасында сақталған дүниеліктер ескеріліп отыруы тиіс. Бұл жаңа үдерістердің қоғам арасында тез қолдау алып кетуіне септігін тигізеді.

Үшіншіден, әліпбидің тілтанымдық негіздері бар, себебі ондағы таңбалар ұлт­тық тіліміздің дыбыстық қорымен толық сәйкес келеді, яғни бұл әліпби қазақ тілінің дыбыстық қорын толық қамтиды.

Төртіншіден, әліпбидің экономикалық негіздері бар. Мәселен, кирилл графи­ка­сындағы әліпбиде 42 әріп болса, жаңа жобада небәрі 31 әріп. Бір ғана құрамдағы мәтінді 42 әріппен жазған үнемді ме, әлде 31 әріппен жазған үнемді ме, бұның жауабы айқын. Яғни осы әліпбиді қолдана отырып, болашақта біздің қоғам ақпарат легі заманында қазіргі әліпбиге қарағанда, жаңа әліпбимен әлдеқайда қысқа уақытта жазатын болады.

Бесіншіден, әліпбидің әлеуметтік-мәдени негізі де мықты. Қазіргі заманда кез келген қазақ азаматы жа­һандық үдерістердің ортасында соның қатысушысы болып отыр, өйткені ол – ІТ техниканың арқасында жаһандағы барлық жаңалықтан әрқашан хабардар. Жаңа құбылыстар мен техникалық құралдарға да жылдам қол жеткізе алады, сондықтан қазақ қоғамының әрбір өкіліне латын графикасы таңсық емес. Егер біз кирилден араб жазуына көшсек, әрине, мұнда әлеуметтік-мәдени фактордың күші қазіргідей зор болмас еді. Осы жердегі тағы бір мәселе, біздің жастар латын әліпбиімен етене таныс. Әліпбиді әзірлеуші ғалымдар, оның құрамындағы таңбаларды анықтауда осы факторды ескере отырып, қазіргі қазақтілді жас қауымдастық санасында әрбір таңбаның мазмұнына қатысты тұрақтаған білімдерді негізге алды.

Алтыншыдан, әліпбидің педаго­ги­ка­лық, психологиялық негіздері де мықты екені байқалады, мәселен, кирил графикасындағы еріндік ұ, ү, у дыбыс­тарының ортақ таңбалану жүйесі, басқаша айтқанда микропарадигмасы осы әліпбиде де көрініс тауып тұр: ū, ü, u. Бұл кирил графикасымен жазып-сызып үйреніп қалған қазіргі қазақстандық қауымдастықтың жаңа жазуды меңгеріп кетуі үшін өте қолайлы жағдай тудырады.

Жетіншіден, әліпбиде ұлттық фак­­тор басым болғанымен, әлеммен құрма­­ла­суға (ассимиляцияға емес), қазір­гі жа­һан­данудағы, халықаралық кеңіс­тік­тегі ұлттармен, ұлыстармен тең дәре­жеде араласуға мүмкіндік беретін ерек­шеліктері де бар. Мәселен, диакрити­калық таңбалар латын әліпбиін қолда­натын озық жазулар тәжірибесі негізінде таң­дал­ған. Қазақ тіліндегі жіңішке дауыс­ты дыбыс­ты білдіру үшін умляут қол­данылған. Умляут диакритикасы не­міс, швед, түрік, әзербайжан, тағы бас­қа тілдерде дәл осындай сипатты біл­діреді. Мұндай таңбалар қазақ жазуы­ның мазмұнын түсінбесе де, басқа ұлттар­дың біздің мәтінді дұрыс дыбыстап оқуы­на септігін тигізеді. Қысқасы, қазақ жазуы­ның халықаралық кеңістіктегі таны­мал­дық деңгейі артады.

Тілтанушы мамандар көрсетіп отыр­ған осы артықшылықтарды, басқа да же­тістіктерді ескере отырып, жаңа әліп­биді бұдан әрі соза бермей бекіту керек деген ойдамыз. Бұл – Елбасының баста­масымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логикалық тұрғыдан жемісті, нәтижелі болуының бір кепілі. Сонымен бірге 2019 жылдың қазанында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың берген тапсырмасының сәтті орын­далуының айғағы болмақ. Кейінгі кезде әліпбидің жаңа жобасына әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, сын-ескертпелер ай­тылып жатқанын байқап жүрміз. Алай­да бұған дейінгі әліпбиге айтылған сын-ескертпелердің жөні бөлек-ті, көбі объективті еді, өйткені ол әліпбилер маман­дар тарапынан әзірленбегенін қоғам да, біз де білетінбіз. Ал осы соңғы әліпби нұсқасының жөні бөлек: бұған  айтыл­ған ескертпелерді – қоғамдағы алуан түр­лі субъективті көзқарастың көрінісі деп ба­ғалап отырмыз. Сондықтан білікті маман­дар әзірлеген әліпби мен емле ереже­лері жобасына сенім білдірейік! Оны бекіту қоғамды ілгерілетуге бастайтын жол деп санаймыз.

 

ҚР ҰҒА академиктері:

Ерлан Сыдықов, Уәлихан Қалижан, Ханкелді Әбжанов, Мәмбет Қойгелді, Тынысбек Кәлменов, Дихан Қамзабекұлы, Бахтияр Сманов

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері:

Кенжехан Матыжанов, Зиябек Қабулдинов, Баян Жолдасбекова