Бұл жоба қазақ тілі ғылымының қара шаңырағы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жазу мәселесіне тікелей қатысы бар білікті сала мамандарының күшімен бірнеше жыл бойы ғылыми түрде негізделіп, зерттеліп, сыналып, сараланып әзірленді. Жобаның халық арасында талқылануын жазарман жұртшылық арасында сынамадан өтуін Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты «Тіл-Қазына» орталығы жүргізді. Осы процестердің бәріне біздер куә болдық. Бұған дейін жұртқа ұсынылған әліпбилерден аталған жобаның ерекшелігі көп.
Біріншіден, жоба әзірлемешілері –тілтанушы мамандар.
Екіншіден, жобаның тарихи негізі бар, себебі халықтың ұлттық санасында сақталған «ескі латын» әліпбиіндегі таңбалар ескерілген. Кез келген ұлттың жадында, тарихи санасында сақталған дүниеліктер ескеріліп отыруы тиіс. Бұл жаңа үдерістердің қоғам арасында тез қолдау алып кетуіне септігін тигізеді.
Үшіншіден, әліпбидің тілтанымдық негіздері бар, себебі ондағы таңбалар ұлттық тіліміздің дыбыстық қорымен толық сәйкес келеді, яғни бұл әліпби қазақ тілінің дыбыстық қорын толық қамтиды.
Төртіншіден, әліпбидің экономикалық негіздері бар. Мәселен, кирилл графикасындағы әліпбиде 42 әріп болса, жаңа жобада небәрі 31 әріп. Бір ғана құрамдағы мәтінді 42 әріппен жазған үнемді ме, әлде 31 әріппен жазған үнемді ме, бұның жауабы айқын. Яғни осы әліпбиді қолдана отырып, болашақта біздің қоғам ақпарат легі заманында қазіргі әліпбиге қарағанда, жаңа әліпбимен әлдеқайда қысқа уақытта жазатын болады.
Бесіншіден, әліпбидің әлеуметтік-мәдени негізі де мықты. Қазіргі заманда кез келген қазақ азаматы жаһандық үдерістердің ортасында соның қатысушысы болып отыр, өйткені ол – ІТ техниканың арқасында жаһандағы барлық жаңалықтан әрқашан хабардар. Жаңа құбылыстар мен техникалық құралдарға да жылдам қол жеткізе алады, сондықтан қазақ қоғамының әрбір өкіліне латын графикасы таңсық емес. Егер біз кирилден араб жазуына көшсек, әрине, мұнда әлеуметтік-мәдени фактордың күші қазіргідей зор болмас еді. Осы жердегі тағы бір мәселе, біздің жастар латын әліпбиімен етене таныс. Әліпбиді әзірлеуші ғалымдар, оның құрамындағы таңбаларды анықтауда осы факторды ескере отырып, қазіргі қазақтілді жас қауымдастық санасында әрбір таңбаның мазмұнына қатысты тұрақтаған білімдерді негізге алды.
Алтыншыдан, әліпбидің педагогикалық, психологиялық негіздері де мықты екені байқалады, мәселен, кирил графикасындағы еріндік ұ, ү, у дыбыстарының ортақ таңбалану жүйесі, басқаша айтқанда микропарадигмасы осы әліпбиде де көрініс тауып тұр: ū, ü, u. Бұл кирил графикасымен жазып-сызып үйреніп қалған қазіргі қазақстандық қауымдастықтың жаңа жазуды меңгеріп кетуі үшін өте қолайлы жағдай тудырады.
Жетіншіден, әліпбиде ұлттық фактор басым болғанымен, әлеммен құрмаласуға (ассимиляцияға емес), қазіргі жаһанданудағы, халықаралық кеңістіктегі ұлттармен, ұлыстармен тең дәрежеде араласуға мүмкіндік беретін ерекшеліктері де бар. Мәселен, диакритикалық таңбалар латын әліпбиін қолданатын озық жазулар тәжірибесі негізінде таңдалған. Қазақ тіліндегі жіңішке дауысты дыбысты білдіру үшін умляут қолданылған. Умляут диакритикасы неміс, швед, түрік, әзербайжан, тағы басқа тілдерде дәл осындай сипатты білдіреді. Мұндай таңбалар қазақ жазуының мазмұнын түсінбесе де, басқа ұлттардың біздің мәтінді дұрыс дыбыстап оқуына септігін тигізеді. Қысқасы, қазақ жазуының халықаралық кеңістіктегі танымалдық деңгейі артады.
Тілтанушы мамандар көрсетіп отырған осы артықшылықтарды, басқа да жетістіктерді ескере отырып, жаңа әліпбиді бұдан әрі соза бермей бекіту керек деген ойдамыз. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логикалық тұрғыдан жемісті, нәтижелі болуының бір кепілі. Сонымен бірге 2019 жылдың қазанында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың берген тапсырмасының сәтті орындалуының айғағы болмақ. Кейінгі кезде әліпбидің жаңа жобасына әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, сын-ескертпелер айтылып жатқанын байқап жүрміз. Алайда бұған дейінгі әліпбиге айтылған сын-ескертпелердің жөні бөлек-ті, көбі объективті еді, өйткені ол әліпбилер мамандар тарапынан әзірленбегенін қоғам да, біз де білетінбіз. Ал осы соңғы әліпби нұсқасының жөні бөлек: бұған айтылған ескертпелерді – қоғамдағы алуан түрлі субъективті көзқарастың көрінісі деп бағалап отырмыз. Сондықтан білікті мамандар әзірлеген әліпби мен емле ережелері жобасына сенім білдірейік! Оны бекіту қоғамды ілгерілетуге бастайтын жол деп санаймыз.
ҚР ҰҒА академиктері:
Ерлан Сыдықов, Уәлихан Қалижан, Ханкелді Әбжанов, Мәмбет Қойгелді, Тынысбек Кәлменов, Дихан Қамзабекұлы, Бахтияр Сманов
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері:
Кенжехан Матыжанов, Зиябек Қабулдинов, Баян Жолдасбекова