«Белсенді азаматтық қоғамсыз жемқорлықты азайту, тіпті оны түбегейлі жою туралы айтудың еш мәні жоқ. Сондықтан біз қоғамдық серіктестерді таңдауда және оның санына қатысты өзімізді шектемейміз. Бүгінгі таңда агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы 80 мыңға жуық белсенді мен еріктілердің қолдауына ие. Олардың қайтарымсыз қызметі азаматтардың нақты мәселелерін шешуге көмектесті. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, жұмысты жалғастырып, алдын алу қызметін күшейтеміз», деді Алик Шпекбаев.
Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, «Алматы – адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерінің, арнайы мониторинг тобының және олардың филиалдарының жетекшілері қатысты. Шақырылғандар қатарында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары, агенттік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Игорь Рогов болды.
Отырыста Алматы қаласы әкімінің орынбасары, «Алматы – адалдық алаңы» жобасының кураторы Ержан Бабақұмаров жобаны іске асырудың оң нәтижелерін атап өтті: «Жүргізілген жұмыстар аясында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар деңгейінің төмендеуі мен халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігінің артуында оң өзгеріс байқалады». Түрлі форматтағы іс-шаралар арқылы жүздеген алматылық елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы ақпарат алды, құқықтық білімдерін нығайтты. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында «Адалдық алаңы» филиалдары ашылғаннан кейін қосымша қарқынға ие болды.
Кездесу барысында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жаңа жетекшісі, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айнұр Сәбитова таныстырылды.
Іс-шараға қатысқан қоғам белсенділері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысқа, оның ішінде қоғамды саяси жаңғырту және демократияландыру тұрғысынан өз көзқарастарын білдіріп, нақты жемқорлық тәуекелдерін белгіледі. Агенттік төрағасы барлық мәселе бойынша толық түсініктеме беріп, бірқатар нақты өтініш пен шағымды бақылауға алды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшыларын жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жұмысты күшейтуге, «Адалдық алаңы» жобасының жұмысын жандандыруға шақырды. «Бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды. Біз үшін белсенді қайраткерлермен өткен әр кездесу маңызды. Біз мұқият пысықтап, нақты басқарушылық шешімдер қабылдаймыз, мұның бәрі заңнамадағы өзгерістерде көрініс табады», деп сөзін түйіндеді А.Шпекбаев.