24 Желтоқсан, 2013

Алаштың арман-аңсары

854 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

(Кенесары хан халық әдебиетінде)

Он сегізінші ғасырдағы Абылай хан бастаған қазақ елі жоңғарлардың, Еділ қалмақтарының, Қытай империясының, қырғыздардың тарапынан болған шап­қыншылықтың бетін қайтарып, біртұтас қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап қалғанымен Қазақ хандығы бәрібір бейбіт өмір сүре алмады, он тоғызыншы ғасыр басталысымен Ресей империясы ашық түрде қазақ жеріне қол салды, үлкен отар­лау саясатын жүзеге асыру үшін өзінің әскерін ғана пайдаланып қойған жоқ. Ол әрқилы амал-әдісті қолданып, қазақ қоғамының ішіне іріткі салып, бір жарым ғасыр бойы қазақ халқымен күресті. «Қазақ жерін толық бағындыруға Ресей империясы 130 жылдан артық уақыт жұмсаса, мемлекеттілігін түпкілікті жою үшін 116 жыл қажет болды.

(Кенесары хан халық әдебиетінде)

Он сегізінші ғасырдағы Абылай хан бастаған қазақ елі жоңғарлардың, Еділ қалмақтарының, Қытай империясының, қырғыздардың тарапынан болған шап­қыншылықтың бетін қайтарып, біртұтас қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап қалғанымен Қазақ хандығы бәрібір бейбіт өмір сүре алмады, он тоғызыншы ғасыр басталысымен Ресей империясы ашық түрде қазақ жеріне қол салды, үлкен отар­лау саясатын жүзеге асыру үшін өзінің әскерін ғана пайдаланып қойған жоқ. Ол әрқилы амал-әдісті қолданып, қазақ қоғамының ішіне іріткі салып, бір жарым ғасыр бойы қазақ халқымен күресті. «Қазақ жерін толық бағындыруға Ресей империясы 130 жылдан артық уақыт жұмсаса, мемлекеттілігін түпкілікті жою үшін 116 жыл қажет болды.

Империя құрамына кірген ортаазиялық бірде-бір халық мұншама ұзақ қарсылық көрсете алған жоқ» (Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Исин А.И. Қазақ хандығы тарихы: құры­луы, өрлеуі, құлдырауы. Алматы, 2011. 26-б). Осындай ұзақ күресті ұйым­дас­тырып, басқарған Сырым, Исатай, Махам­бет, Саржан, Кенесары тәрізді тұлға­лардың есімі ұлт тарихында алтын әріппен жазылып, халық жадында мәңгі сақталары күмәнсіз. Ұлан-байтақ қазақ сахарасының әр тұсында болған ұлт-азаттық күрестердің ішінде өзінің бүкілхалықтық сипатымен, қайт­пас екпіндігімен ерекшеленетіні – Кене­сары Қасымұлының басшылығымен жүргі­зілген майдан. Бұл соғыс жәй ғана стихиялық түрдегі бас көтеру емес-ті. Тарихтан белгілі: ХІХ ғасырдың 20 жылдары-ақ Ресей мен Орта Азия әмірлеріне қарсы көтерілістер басталған болатын. Осы кездегі көтерілістердің тарихын зерттеген Е.Бекмаханов былай деп жазады:

«Возмущение народных масс, вызванное активизацией колонизаторской политики в Казахстане и агрессией среднеазиатских ханств, нарастало пос­тепенно, прежде чем приняло характер широкого и длительного восстания под руководством Кенесары Касымова. В 20-х и 30-х гг. проходило в локально ограниченных рамках в форме сравнительно быстро затухавших вспышек, в которых уже чувствовались признаки надвигавшейся бури. Таким предвестником восстания Кенесары Касымова было движение Саржана Касымова и Жоламана Тленчиева в 20-30-х годах ХІХ века.

Батыр Жоламан Тленчиев возглавил борьбу казахов Младшего жуза. Впервые он выступил еще в 20-х годах ХІХ в. во главе Табынского рода против царских колонизаторов, отобравших у его рода Ново-Илецкий район, богатый пастбищами, реками и соляными копями» (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. Изд. 2-ое. Алматы, 1992. С.197).

Кенесары көтерілісі басталғанда Жоламан өз жасақтарымен Кенесарыға көмекке келіп, Кіші жүз қазақтарын Кенесары әскеріне қосылып күресуге шақырады. Кенесарыдан бұрын көтеріліс бастаған Жоламан сияқты, Кенесарының ағасы Саржан да 1824-1836 жылдары Ресей отарлауына қарсы шығып, жасақ ұйымдастырып, қол бастаған. Саржанның талабы Жоламандікінен өзгеше, ол саяси мәні бар талап қойып, тартып алған жерімізді қайтар деу­мен шектелмейді, Ресейдің бүкіл қазақ жерінен кетуін, қазаққа еркіндік беруін талап етіп отыр. Бұл талаптың арғы түбінде, Е.Бекмаханов айтқандай, Абылай хан ұрпақтары басқаратын Қазақ мемлекетін қайта қалпына келтіру идеясы жатқаны аңғарылады.

Ресейдің Қазақстанды отарлау жолында жүзеге асырған іс-шаралары қазақ жұртының тарапынан наразылық тудырып, әлсін-әлсін жасаған көтерілістерін аяусыз басып-жаншып, көтерілісшілердің өздерін ғана жазалаумен шектелмей, олардың отбасын, туыстарын, ауылдары мен руластарын да шауып, адамдарды қырып-жойып, тұтқындап, малдарын, дүние-мүлкін талан-таражға түсірген. Отаршылдардың айуандық істерінің елге қаншалықты ауыр тигенін Кенесарының Орынбор әкімшілігіне жазған хаттары мен арыздарынан анық көруге болады. Мәселен, 1841 жылы 7 июньде Кенесары мен Күшік сұлтандардың Орынбор Шек­­­ара Комиссиясының бастығы генерал-майор Генске жазған хатында 1825-1841 жылдар аралығында қазақ жұртына жа­сал­­ған шапқыншылықтың, оның зар­да­бын атап көрсеткен фактілері бар. Әр жыл сайынғы фактіні түгел тізбей, бір­не­­ше­уін мысалға келтіру қажет деп біле­міз.

«1825-жылы Есіл, Нұраны жайлап жүрген уақытларда ешнәрсе ойларымызда жоқ еділәр. Ол ұлуг император ағзам хузретлеріне атамыз Абылай хан ант етіп һәм бізләрде атамызның жолы бойынша Россия жұртына қаралық деп жатқанымызда Қарқаралы Қазылыққа Имантай Бөкейоғлы правитель болып, ешбір күнәсіз үстімізден дұшпанлық көрсетіп, Дуанбасы Иван Семенович Карбышев дегенге үш жүз орыс, бір жүз қазақ қырғыз я балақ басы сұлтан Саржан Қасым оғлының он ауылын және тоқа, тамаж деген еліне шапты. Қазығұртта алпыс төрт кісіні өлтіріп қанша мал алып кеткені бихисапсыз...

27-жылы Көкшетаудан екі жүз орыс, – бастығы команданың Минграву майор әлике шұбыртпалы деген елін шапты. Терісаққанда елу сегіз кісіні өлтіріп кетті, алған малдарының қисабы жоқ...

37-жылы Көкшетаудан төрт жүз орыс Семенович Карбышев һәм Ян Яноғлы бас болып, әлике, алтай, қалқаман, төртуыл деген елларны шапты. Басы Иман Қа­ралы үш жүз елу кісі өлтіріп кетті. Арға­натыдан қанша мал, қанша қазына алғаны бихисапсыз...

40-шы жылы Қазылықтан үш жүз орыс бастығы қандай адам екенін біл­мей­мін Саржан сұлтанның ауылын алтай, қанжығалы деген елін шапты. Қырық кісіні өлтіріп, жиырма қыз-қатынды жесір қылып, екі мың үш жүз жылқы, үш жүз түйе, үш мың қой, жүз сиыр алып кетті. Білеуітінің Қалмақ қырған жерін­де» (Кенесары Қасымов бастаған қазақ­тардың ұлт-азаттық қозғалысы (Құжат­тар жинағы). Алматы, 1996. 36-37-бб).

Тізім мұнымен бітпейді, біз әр жылдан бір-бір фактіні ғана алдық. Он алты жылдың ішінде орыс басқыншылары жасаған зорлық-зомбылық әсте мұнымен бітпесе керек. Мынадай қорлықты, на­мысқа тиетін масқараны көріп тұрып, Кенесары секілді рухы биік, ержү­рек азаматтың қай-қайсысының да зығыр­даны қайнап, қолына қару алып, атқа қонбауы мүмкін емес, ол адамның көте­рі­ліске шығары анық. «Ашынғанның тілі шығады, ашыққанның қолы шығады» дегендей, малынан айырылып, туысының көз алдында өлгенін көрген адамның тілі де, қолы да шығады. Бұл бір. Екіншіден, Кенесары сұлтанның маңайына топтас­қан батырлар мен көтеріліске қосылған шаруалар тек өз басының қамы үшін емес, елдің тыныш өмір сүруі үшін, қа­зақ жерінің өз қолында болуы үшін де басын бәйгеге тігіп, отаршылармен аян­бай күреске шыққан, осы күрес­тің шайқастарында ежелгі батырларша қимылдап, ерлік көрсеткен қазақ хал­қы­ның қайсарлығы, намысты қолдан бер­мейтін рухы, күштілігі айқын көрінеді.

Табаны күректей он жылға созылған Кенесары қозғалысы халық жадын­да ұмытылмастай із қалдырды. Кене­са­рының өзі, оның сарбаздары мен батырлары жөнінде фольклорлық та, әдеби де туындылар сол заманның өзінде-ақ пайда болған. Көтерілістің ішінде болған Нысанбай жырау мен хан ордасында жүрген Досқожа ақындардың өлеңдері мен толғаулары – тарихи оқиғалардың шежіресі іспетті. Көтерілістің тұсында, одан кейін де әртүрлі әңгімелер, аңыз­дар, дастандар туған. Олардың біра­зы – авторлық шығармалар болса, енді бір тобы – фольклорлық, автор­сыз дүниелер. Бұл екі топтағы туын­ды­лардың ұқсастығымен қатар айыр­машылықтары да бар. Авторлық шығар­малар әдебиетке жатады, оларда автордың даралық ерекшеліктері бой көрсетеді де, бейнеленіп отырған оқиға мен кейіпкердің іс-әрекеті автор­дың ой елегінен өтеді. Яғни автор объектісін өзінің мақсатына, талап-талғамы­на сәйкес суреттейді. Сол себепті көтеріліс туралы ертедегі, сондай-ақ, кейінгі замандағы әдеби шығармаларда Кенесары мен оның серіктестері туралы, олардың атқарған қызметі жайында жеке автордың ой-өрісі, түсінік-пайымы көрініс табады.

Ал, фольклорда олай емес. Кез келген фольклорлық туынды ең әуелі халық түсінігін, халықтың көзқарасын, ойын білдіреді. Сол себепті ол оқиғаны да, бас кейіпкерді де халық ұғымына, халық пайымдауына сай бейнелейді. Фольклордың негізгі көркем әдісі – романтика, ал көркем мұраты – идеал болғандықтан болмыс та, адамдар да дәріптеле суреттеледі. Сондықтан қай оқиға болса да, қай тарихи тұлға болса да дәлме-дәл, сол күйінде көрсетілмейді, керісінше «солай болса екен» деген тұрғыда бейнеленеді. Екінші сөзбен айтқанда, фольклорда өмірдегі шындық емес, қиялдағы шындық суреттеледі. Міне, Кенесарының фольклордағы бейнесін осы тұрғыдан түсіну керек.

Кенесары туралы фольклорлық шығарма айтарлықтай көп емес. Шынын айтқанда, хатқа түскенінен гөрі ел аузында айтылып, әлі жиналмағаны көбірек секілді. Ал, қолда бар мәтіндер жанрлық жағынан да, мазмұн жағынан да әр алуан.­ Әзірше мәлім шығармалардың дені – шағын өлеңдер, аңыздар мен әңгімелер. Арасында «Абылай, Кенесары» сияқты эпикалық туындылар да бар. Ал, «Нау­рызбай-Ханшайым» атты шығарма тарихи жырдан гөрі халық балладасына жақын, онда Кенесары ешкіммен соғыспайды.

Жалпы, Кенесары туралы фольклор­лық шығармаларда нақты бір тарихи оқиға баяндалмайды. Мәселен, 1838 жылы Кенесары орыс отрядтары­мен бір­неше рет шайқасқа түскен, орыс­тар­дың бекеттеріне шабуыл жасаған. Е.Бек­маханов мынадай бір соғыс туралы жазады.

«К осени 1838 года вооруженные столкновения Кенесары с карательными отрядами приняли характер длительных и упорных военных действий. Особенной ожесточенностью отличалась борьба за Акмолинский приказ.

Акмолинский приказ был сильно укрепленным районом. Вокруг него были вырыты глубокие рвы. Все ближайшие подходы были забаррикадированы. Акмолинск охранялся отрядом старшего султана Конур-Кулжа Кудаймендина и гарнизоном крепости во главе с войсковым старшиной Карбышевым.

Наступление Кенесары началось на рассвете 7 августа 1838 года. Его стрелки обстреливали крепость из луков, прикрепляя к остриям стрел легко воспламеняющиеся осмоленные тряпки. В крепости возникли многочисленные пожары. В тот момент, когда часть гарнизона бросилась на борьбу с огнем, один из отрядов Кенесары, возглавляемый батыром Басыгара, ворвался в город. Во время штурма крепости смертью героев пал сам Басыгара-батыр. Его отряды начали под напором гарнизона отходить, но Кенесары приказал ни в коем случае не оставлять тела Басыгара и не отступать от занятых позиций. Воодушевленные призывом Кенесары отряды Агыбая, Имана и Наурызбая снова проникли в укрепление.

Начался жестокий уличный бой, длившийся с неослабевающим упорством до наступления темноты. Ночью войсковой старшина Карбышев и Конур-Кулжа с небольшими отрядами бежали. На следующее утро крепость, превращенная в развалины, все еще пылала пожарами. Кенесары достались трофеи и военнопленные» (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. Алматы, 1992. С.235-236).

Кенесары туралы фольклорлық үлкен туындыларда бұл оқиға бейнеленбейді. Оларда ханның орыс қаласын шапқаны және қырғыздарға қарсы шабуылы туралы айтылады да, соғыс эпизодтары суреттелмейді. Мәселен, Ресейдің қазақ жеріне дендеп кіргеніне қарсы күресі жайында Емді, Адырлы деген екі қаланы шапқаны айтылады, бірақ қала тұрғындарымен болған шайқас бейнеленбейді, оқиға жалпылама түрде ғана әңгімеленеді:

Бес жүз әскер жігітпен

Емдінің шапты қаласын.

Бес жүз сиыр, мың сарық

Төлеңгітке айдатты.

Болат қақпа, тас кілт

Көрсетіпті ерлер қайратты.

Жолындағы Адырлы,

Оны да шауып сорлатты.

Көп ажалға қарамай,

Онан алды қырық атты,

Қалғанына өрт қойып,

Шүлдірлетіп шулатты, –

делінеді жырда. Осы шығармада және тағы «Кенесарының сөзі» деген өлеңде Кенесарының қазақ елі Ресейдің отары болуына қарсы екені ашық айтылады. Оны Кенесарының өз сөзінен анық көруге болады:

Бағынба, қазақ, орысқа,

Бағынсаң, қазақ, орысқа,

Осы бастан амандас

Сарыарқа дейтін қонысқа.

Береке кетер асыңнан,

Билігің кетер басыңнан...

Бір айтатын нәрсе – Кенесары образы біздің түсінігіміздегі эпикалық планда көрінбейді. Ол ежелгі батырларша қалың жауға жалғыз өзі шаппайды, мыңдаған қолды жайратпайды, қамалды бұзып, ойран салмайды. Рас, кейбір шығармаларда фольклордың шежірелік тұтастану заңдылығы байқалады. Әдетте, ескі батырлар жырында қаһарманның ерекше болып туатындығы туралы пролог болады. Онда болашақ батырдың ата-анасы, бабасы жайында әңгімеленеді. Осы дәстүр Кенесарыға байланысты да аңғарылады. Мысалы, «Наурызбай-Ханшайым» атты эпикалық туындыда Кенесарының ерекше екенін айту үшін оның бабалары туралы баяндалады. Онда былай делінеді:

Абылай бүкіл мұсылманға хан болған,

Қалмақ Қалданның қызын алған,

Одан Қасым туған.

Ол «өзге ұлынан асып туған,

Көңілін дұшпанының басып туған.

Қарнында анасының қан шеңгелдеп,

Қызартып екі көзін ашып туған», –

деп Кенесарының әкесі Қасым ерекше адам болғанын айтады. Ал, одан туған Кенесары да – тегін емес деген ұғым жа­тыр мұнда. Қасымның төрт ұлының ішін­де бөлек туған Кенесары, ол сол себепті хан болды, – дейді халық жыршысы.

Дәл осындай пролог «Абылай, Ке­не­сары» атты жырда да бар. Мұнда да Абылайдың қалмақ ханы Қалданның қызын алуы, одан қан шеңгелдеп, екі көзін қызартып Қасымның тууы, оның 14 жаста хан болуы, Қасымнан төрт ұл туғаны айтылады да:

Кенесары – хан болды,

Үлкен ұлы Қасымның,

Шұғаның қиқымы,

Сынығындай асылдың.

Ғылымның білді жасынан

Неше түрлі пасылдың! –

деп сипатталады Кенесары аталмыш жырда.

Көңіл бөліп айтатын нәрсе: қолда бар фольклорлық мәтіндерде Кенесары бейнесі айтарлықтай эпикалық әсірелеуге ұшырамаған. Оның іс-әрекетінде оқшау тұрған гиперболалық белгі жоқ. Демек, Кенесары туралы аңыз-әңгімелер классикалық фольклордың поэтикасын бойына түгел дарытпаған. Мұның өзі Кенесары бейнесі фольклорлық кейіпкерге толық айнала қоймағандығын байқатады. Ол халық түсінігіндегі шын­дыққа жақын бейнеленген, бірақ соған қарамастан Кенесары – идеалды кейіпкер, мінсіз адам, әділ хан ретін­де суреттеледі. Ол бірнеше сипатта көрінеді. Егер жүйелеп айтар болсақ:

Кенесары – идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап ұстаған әмірші, күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қол астына атақты батырлар жиналған. Олар ханның ордасын – мемлекет орталығына айналдырған. Жыршыны тыңдайық:

Хан болды Кенесары Орта жүзге,

Жайылды әруағы өзге жүзге.

Хакім боп, жеті жұрттан иығы асты,

Жарамас шөп салуға басқан ізге.

Кенесары – жай ғана хан емес. Ол – ел қамын жеген хан. Қазақ елінің еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұртқа өз ойын ашық айтып, бостандыққа шақыратын көшбасшы. Міне, Кенесарының халыққа айтқан сөзі:

«Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа: «Бізге бағын, қара», – деп, Ресей патша­лығынан келді... Екінші жағынан Қы­тайдан да елші келіпті». Сонда Кенесары: «Қарама, өзіміз ел боп тұралық. Қазақ хандығын құралық», депті.

Сол замандағы қазақ батырлары өздерінің жасақтарымен Кенесарының қасында болып, оның бұйрықтарын екі етпей орындап, жеңіске жетіп жүреді. Бір аңызда былай делінеді:

«Кене ханның қол астына қазақтың батырлары бастаған 14 мың қол жиналды, ат жақсысын мінді, сауыт жақсысын киді. Бұлар өздерінің ордасын Алтай-Қарпықтың ортасы – Құланөтпеске тікті. Кіші жүз, Ұлы жүзден де қайраты бойы­на сыймай келген атақты батырлар да Кененің қолына қосылып жатты».

Тағы бір мәтінді оқып көрелік:

«Қайраты қара бастан қайтпаған алып ер Тамадан Жолдыаяқ батыр, Өмірзақ Тоғалақ батыр, Құшақ Бәйтелі батыр, Тарақты Құлжан батыр бастаған батырлар 10 мың әскермен Кененің Көкшетаудағы бекініс қамалына қосылды. Әскері көбейіп, күші артып, енді Николайға ойран салуға ойлады».

Келтірілген мысалдардан Кенесары ұлы күрестің ұйымдастырушысы, басшысы екенін көреміз. Кейбір әңгімелерде Кенесары жауынгерлерінің Ресей әскері­мен ұрысы баяндалып, ханның ақыл­ды да айлалы қолбасшы болғаны көрсеті­леді. Осы ұрыстарда да, басқа да қиын жағдайларда Кенесары алды-артын ойлап, кең пішетін басшы ретінде көрінеді.

Кенесары – ақылшы, батагөй абыз, тапқыр шешен, бекзат болып бейне­ле­неді. Әрбір жауапты, қиын іс Кенесары бата бермей істелмейді. Жорыққа шығар­да, шайқасқа енерде ол бата беріп, ақ жол айтып кіріседі. Оның батасы фольклор дәстүрінде болып келеді. Мысалы, Тілеуқабақ жұртына кетіп бара жатқан Наурызбайға берген батасы мынадай:

Он сегіз мың әлемге

Патша болған құдайым,

Көз жасымды қабыл ет,

Мінәжат етіп жылайын, –

деп бастап, 124 мың пайғамбарға, 33 мың сахабаға, 4 шарияға, т.б. әулиелерге жалынады, Абылай хан аруағынан көмек сұрайды. Бұл бата халық ұғымына сәй­кес. Жыршы Кенесарының аузына әдеттегі батаны салып отыр. Оның ойынша Кенесары халықтан алшақ емес.

Кенесары әділ би, шешен ретінде әртүрлі ережелер мен шарттарды да заңдастырып, жүзеге асырып отырады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір аңызға көңіл бөлейік.

Кенесары, Наурызбай, Балаби, Басығара жиналып отырғанда Ағыбай ханнан сұрайды:

– Егер бір қарашы екіншіні өлтірсе, құны не болады? – деп. Хан:

– Ердің құны 30 түйе болсын! – депті.

– Төренің құны не болады? – депті Ағыбай.

– Төренің құны – 100 түйе һәм таң­дамалы қыз, қара кілем, қара нар болсын! – депті Кенесары.

– Ұрғашының құны қандай? – депті Ағыбай.

– Қалың малы қандай болса, құны сондай және 20-30, 5-10 түйе үстіне артық төлейді, – депті хан.

Міне, бұл мәтін – кәдімгі шешендік сөздің үлгісі. Фольклорда жиі кездесетін «сұрақ-жауап» түрінде құрылған тапқырлық сөздерді айтқызу арқылы Кенесарыны ақылгөй, білгір шешен етіп көрсетеді аңыз. Бұл да – Кенесарыны дәріптеу.

Кенесары бекзаттықты, хандық жолды бәрінен жоғары қояды және өзі кісілікті, жомарттықты қатты ұстанады. Бір ғана мысал келтірейік. Наурызбай мен Ағыбай Тілеуқабақтың жылқысын барымталайды. Оларды Ханшайым қуып жетіп, өзінің тапқырлығымен, ержүректігімен Науанды тәнті етеді. Науан айдап келе жатқан жылқыны Ханшайымға сауғаға тастап кетеді. Ордаға келіп, Кене ханға болған жағдай­ды айтады. Риза болған Кенесары:

Етіпті, – деп – қарағым,

хандық жолды,

Жылқы алғаннан бұл ісі он есе артық,

– дейді де, елді шақырып, ұлан-асыр той жасайды. Кенесары ханның байлы­ғы, сән-салтанаты кәдуілгі Шы­­­ғыс елде­рі­нің падишаларынан кем емес. Оның жомарттығы, кеңпейілдігі хан­дық затына сай. Жыршылар Кененің мырза­лығын көтермелей айтып, оның пайым-түсінігін, ақсүйекке лайық затты­лығын барынша дәріптейді. Мысалы, қалыңдығына кетіп бара жатқан Наурыз­байға берген сыйы мынандай:

Қазына-жабдық артты тоғыз нарға,

Барсын деп салтанатпен мәхбур жарға.

Қос берді падишалық алтын шатыр,

Дүние мұқтаж емес еш оларға...

Не асыл інжу-маржан алды тастан,

Жабдығын тәмамдады аянбастан.

Кене хан аттандырып, амандасып,

Айтады ақыл-хайла бір-бір бастан.

Бұдан да артық сый-сияпатты Кене­сары хан Наурызбайдың қайын ағасы Мұсаға, онымен бірге келген жолдастарына жасап, қазақтың «тоғыз сыйлау» салтын толық орындайды. Келтірілген мысалдардан көретініміз – халықтың «хан қандай болуы керек» – деген түсінігі. Өмірде Кенесары осындай кең, осындай жомарт болды ма – белгісіз. Бірақ фольклор оны осындай етіп бейнелеп отыр.

Фольклордағы Кенесары – көріпкел, сәуегей, келешекті болжаушы. Үйде, Ордада отырып, түзде болып жат­қан оқи­ғаны сезіп, біліп отырады. Науры­з­байды, Ағыбайды, басқа да батырларды сынап, олардың қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін жіті аңғара біледі.

Кенесарының тағы бір қасиеті – түс жорып, алдағыны болжауы. Бірде ол Ағыбайға өз атасы Абылайдың түсін еске алып: «Менің Сыздығымнан кейін солай боламыз ғой!» – дейді.

Кенесары өзінің көрген түсін Ағы­байға жорып, былай депті: «Біздің бағы­мыз алдымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге кетеді, ал сенің бағың артыңда қалды».

Халық аңызының айтпағы – Кенесары өз тағдырын, әулетінің болашағын алдын ала болжап, біліп кетті. Өзінен кейінгі ұрпағы көптің арасына сіңіп кететініне, бүкіл ата-бабасынан келе жат­қан бақ пен даңқтың өзімен бірге өше­тініне көзі жетіп кетті, – демекші аңыз.

Халық түсінігіндегі Кенесары – тек ақылды хан емес. Сонымен бірге ол ерекше адамға даритын керемет қасиеттердің иесі. Ол іспен, сөзбен ғана емес, көзбен де, ниетпен де нәтижеге жете алады. Ен­де­ше, халық ұғымындағы Кенесары – жай адам емес, құдайдың таңдап алған құ­діретті адамы, сол себепті оның өзі де, ісі де айрықша. Фольклордағы Кенесары – ха­лықтың «әділ де, мінсіз патша» тура­лы идеалды образы. Оның бойында хан­да болуға тиісті ізгілікті қасиеттің бәрі жинақталған, халық қиялындағы, ел ар­­ма­нындағы ханның бейнесі көрініс тап­қан.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,

Ұлттық Ғылым

академиясының академигі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар