Қазақстан • 09 Ақпан, 2021

Электр энергиясының тұрақты өндірісі қашан дамиды?

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Прмьер-Министр Асқар Мамин жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Электр энергиясының тұрақты өндірісі қашан дамиды?

«Өздеріңізге мәлім, жаңартылатын энергия көздерінің ең кең таралғаны – күн мен жел энергиясын өндіру ауа райының өзгеруіне байланысты. Бұл өндіру қуатының тұрақсыз болуына әкеледі және Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесінің орнықтылығына әсер етеді. Осыған орай, Энергетика министрлігіне Экология министрлігімен және «KEGOC» акционерлік қоғамымен бірлесіп, электр энергиясының тұрақты өндірісін дамыту бойынша ұсыныстар енгізуді және жаңартылатын энергия көздерін жинақтау қоймаларын енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жаңартылатын энергия көздері объектілерінің шағын тораптық аймақтарын жасау үлгілері бар, мұнда бір аймақта бірнеше объекті іске асырылады. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жаңартылатын энергия көздерінің өңірлік аймақтарын құру мәселесін пысықтау тапсырылды.

«Газ электр станцияларын іске қосу жаңартылатын энергия көздерінің қосымша көлемін интеграциялау бойынша энергия жүйесі мүмкіндіктерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан Энергетика министрлігіне «KEGOC» акционерлік қоғамымен бірлесіп, 2022 жылдан бастап нақты уақыт режимінде теңгерімді нарықты іске асыру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Осы шараларды іске асырудың нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерінің тұрақты нарығын дамытуға қажет жағдай жасалынады және оған негіз болады», деді Асқар Мамин.