
«Төртінші қазынамыз: индустриялық-инновациялық экономика. Индустриялық бағдарлама – біздің экономикамыздың болашағы».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты
жиында сөйлеген сөзден.
Тәуелсіздігіміздің 22 жылын атап өттік. Оның тартуы ретінде халқымыз ие болған өте құнды жеті қазына Елбасы баяндамасының негізгі арқауы болды. Соның бірі – индустриялық-инновациялық экономика. «Индустриялық бағдарлама – біздің экономикамыздың болашағы. XXI ғасырда барлық табысты ұлттардың жолын индустриялық әлеует пен инновациялар айқындайды. Сондықтан индустриялық-инновациялық дамудың жоғарғы нәтижесі – Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық бекемдігінің басты мәселесі», деп атап көрсетті Елбасы.
«Төртінші қазынамыз: индустриялық-инновациялық экономика. Индустриялық бағдарлама – біздің экономикамыздың болашағы».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты
жиында сөйлеген сөзден.

Тәуелсіздігіміздің 22 жылын атап өттік. Оның тартуы ретінде халқымыз ие болған өте құнды жеті қазына Елбасы баяндамасының негізгі арқауы болды. Соның бірі – индустриялық-инновациялық экономика. «Индустриялық бағдарлама – біздің экономикамыздың болашағы. XXI ғасырда барлық табысты ұлттардың жолын индустриялық әлеует пен инновациялар айқындайды. Сондықтан индустриялық-инновациялық дамудың жоғарғы нәтижесі – Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық бекемдігінің басты мәселесі», деп атап көрсетті Елбасы.
Аталған бағдарламаның алғашқы нұсқасы, ол туралы шешім бізде сонау 2003 жылы алынып еді. Содан кейінгі 5 жыл ішінде индустриялық дамудың бағыт-бағдары айшықталды, ұлттық инновациялық жүйе жасауды бастадық, осы саладағы шетел тәжірибелеріне көз жібердік. Десек те, осы индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру жолында сол жылдары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмадық. Экономикалық даму сол сыңаржақ қалпында қалды, технологиялық деңгейіміз өспеді. Осындай жағдайдың екі себебін айтып кетуіміз керек.
Біріншіден, аталған бағдарлама – экономикалық дамудың жаңа бағыты, жаңа жолы. Оның қыр-сырын, тиімді тетіктерін меңгеру үшін біршама уақыт керек болды. Екінші себеп – осы бағдарламаны орындауға жауапты басшылар мен мекемелердің енжарлығы, олар тарапынан тиісті белсенділіктің болмауы. Сол жылдары мұнай бағасы тоқтамай өсіп, оны сатудан түскен қаржылар елімізге көптеп құйылып жатты. Осының арқасында көптеген салаларда тоқмейілшілдік орын алды. Өз кезегінде ол аталған бағдарламаны орындауға ынта-жігерімізді өсірмеді.
2007-2008 жылдары әлем экономикасы мен қаржы саласы үлкен дағдарысқа тірелді. Көп ұзамай оның салқын әсері бізге, Қазақстанға да келді. Шетелден келетін несие қаржылар, инвестициялар кілт тоқтады, банктер алған қарыздарын өтей алмай, банкрот болуға таянды. Біз шетелдерге шығарып, содан негізгі табысты табатын мұнай, басқа да шикізат қорына сұраныс азайды, олардың бағасы да төмендей бастады. Жалпы айтқанда, қаржы тапшылығы, біздің негізгі экспорттық тауарларымызға сұраныстық азаю ел экономикасын тығырыққа тіреді. Осыдан кейін әртүрлі шаралар қолданып, әсіресе, қомақты ұлттық қорымыздың арқасында тығырықтан шықтық десек те, экономиканың даму қарқыны әлі де төмен.
Осыған байланысты экономиканың тұрақты даму жолының тетіктеріне ерекше көңіл бөлу керектігі бұрынғыдан да анық болып, күн тәртібінде тұрды. Тұрақты экономикалық дамудың бірден-бір тиімді жолы индустриялық-инновациялық даму екені айқындала түсті. Міне, осындай стратегиялық қажеттіктен туған, ел экономикасын тұрақты дамытудың басты арнасын қалыптастыратын 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама Елбасының тікелей қолдауымен дүниеге келді. Биыл төртінші жыл оны орындап жатырмыз. Қол жеткізген нәтижелеріміз, әлі де шешімін таппаған мәселелер туралы кейінірек тоқталармыз. Ең алдымен, осы индустриялық-инновациялық дамудың маңызы неде, ол не себептен, Президент айтқандай, біздің экономикалық бекемдігіміздің басты мәселесі. Бұл бағдарламаның негізгі нысандары, көздеген мақсаттары неде, экономикада орын алып отырған қандай күрделі проблемаларды шешуге жол ашады. Міне, осыларға тоқтайық.
Бірінші мақсат – ел ішіндегі өндірісті жаңа заман талабына сәйкес негізде жан-жақты дамыту, оны әртараптандыру, әсіресе, өңдеуші саланы жедел дамыта отырып, Қазақстан экономикасын сыңаржақтықтан шығару. Кешегі әлемдік дағдарыс тұсында экономиканың тұрақты дамуының бірден-бір тетігі жан-жақты дамыған, әртараптандырылған өндіріс екеніне көптеген елдердің, оның ішінде біздердің де көзіміз жетті. Бүкіл Еуроодақ елдері күйзеліске түскенде тек қана Германия бұрынғы қалпын өзгертпей, тұрақты даму үстінде. Себебі, жан-жақты дамыған өз елінде өндірісі бар. Осындай әртараптандырылған өндіріс бұрынғы кездерде Америка Құрама Штаттарында да бар еді, бірақ ондағы кәсіпкерлер бұрынғыдан да мол табыс көздерін іздеп, соңғы 30-40 жыл шамасында өз кәсіпорындарын Америкадан басқа, жұмыс күші арзан елдерге не ауыстырып, не сол жерлерге жаңадан сала бастады. Мұны аутсорсинг немесе экономиканы дамытудың тиімді саясаты деп мақтанышпен айтқан америкалықтар кешегі әлемдік дағдарысқа экономиканың тірегі болатын өндіріссіз келді, осының салдарынан бүгін де күйзеліс үстінде. Өндірісі шамалы, әртүрлі қызмет көрсетумен негізгі табысын тауып отырған елдер де күйзеліске ұшырады. Қызмет көрсету саласын дамыту керек, бірақ ол экономиканың тұрақты дамуының негізі бола алмайтынына көптеген елдердің көзі жетті. Бізде ішкі жалпы өнімнің қомақты саласын қызмет көрсету саласы береді, бірақ кешегі тығырық заманында ол тұрақты дамуды қамтамасыз ете алмады. Сондықтан, ішкі жалпы өнім, оның жан басына шаққандағы мөлшері басқа елдермен салыстыруға жарағанмен, оның негізі неде: шығарған тауарларда ма, әлде қызмет көрсету саласында ма. Осыған мұқият қарауымыз керек. Қорыта айтсақ, индустриялық-инновациялық даму дегеніміз –әртараптандырылған, өңдеуші саласы жетекші болатын өндіріс кешендері. Бізге осыны жасау керек. Бұл – бірінші мақсат.
Екінші мақсат – жаңа технология, техника негізінде салынған жаңа кәсіпорындар немесе күрделі жаңғыртудан өткен бұрынғы кәсіпорындар негізінде өндіріс саласындағы еңбек өнімділігін еселеп арттыру. Неге АҚШ, Еуропа елдері озық дамыған елдер деп аталады. Себебі, біреу-ақ. Ол елдердегі еңбек өнімділігі басқа елдерден, әсіресе, біздерден сан есе артық. Сондықтан еңбекпен алынған табыс – ол елдердегі байлықтың негізгі көзі. Біз – Президентіміздің «2030», «2050» бағдарламалары арқасында алысқа көз жіберіп, әлем өркениетінің жоғары сатыларына шығуға бет бұрған елміз. Осыған жетудің бірден-бір жолы – еңбек өнімділігін еселеп арттыру. Сондықтан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының діттеген мақсатының бірі, тіпті, бірі емес, бірегейі – өндіріс саласында, осы арқылы жалпы экономикада еңбек өнімділігін арттыру.
Аталған бағдарламаның тағы бір мақсаты – экономиканы инновациялық тұрғыдан дамыту, тиімді жұмысты қамтамасыз ететін ұлттық инновация жүйесін жасау. Президент айтқандай, инновация жайдақ ұран болмауы керек. Бізге еңбек өнімін өсіретін, ұлттық бизнестің, кәсіпкерліктің бәсекеге бекемдігін арттыратын, техниканы, технологияны күрделі жаңартатын, жақсартатын инновациялық шешімдер, әдістер, жаңалықтар керек. Әлем тәжірибесіне қарасақ, алдыңғы қатардағы елдерде бүгін ішкі жалпы өнімнің үлкен бөлігі осы инновациялық даму арқылы өндіріледі, дәлірек айтсақ, Еуроодақ елдері соңғы уақытта ішкі жалпы өнімнің 40-50 пайызына дейін осы инновациялық негізде алып отыр. Мына заман – бірінің артынан бірі туып жатқан жаңалықтардың, жаңа технологиялардың, жаңа әдістемелердің, оларды тезірек игеруге, тиімді пайдалануға әлем деңгейіндегі үлкен бәсекелестіктің заманы. Оған қабілеттілер ұтады, қабілетсіздер ұтылады. Сондықтан бізге тек әртараптандырылған өндіріс қана емес, тиімді жаңалықтармен, инновациялық шешімдермен сусындаған өндіріс керек. Шетел тәжірибесіне жүгінсек, жоғары технология, дамыған ғылым, жаңалыққа ынталы, құштар мамандар даярлаған елдер соңғы 25-30 жылда осы инновациялық даму жолына түсті.Сондықтан да әңгіменің арқауы болып отырған бағдарлама осы инновациялық дамуды қамтамасыз етуі керек, сондықтан да оны біздер индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы дейміз.
Оның тағы бір үлкен мақсаты – жаңа заманның өктем талабына жауап бере алатын ұлттық кадрлар құрамын жасау, олардың білімі мен білігін арттыратын кешенді шараларды іске асыру, ғылыми ізденістерді ең өзекті мәселелерге, шешуші салаларға бұру, ел экономикасының, жалпы халықтың жасампаздық әлеуетін өсіру. Шикізат емес, табиғи байлық емес, адамның білімі мен білігінің, жасампаздығының негізінде қалыптасқан экономика тұрақты дами алады. Оны біршама елдердің озық үлгісі көрсетіп отыр. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі бүгінгі таңда, әсіресе, келешекте адам факторы болуы керек. Өркениеттің көкжиегі де осы адами факторға, оның биік дәрежеде сомдалуына байланысты. Ұлттық кадр десек, оның айтылған жоғары талаптарға сәйкес болғанын талап етеміз. Индустриялық-инновациялық бағдарламаның көздеген нысанасының бірі – осы сапалы біліммен, озық тәжірибемен суарылған, өндірісті, жалпы экономиканы, оның басқару жүйесін нәтижелі жүргізе, басқара алатын креативті кадрлар жасақтау. Маман, оның біліктілігі, заман талабына дайындық деңгейі – біздің болашақта әлем елдерінің арасында алатын орнымыздың шешуші факторы. Осыған жол ашатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының, оның тиянақты орындалуының біз үшін маңызы өте зор.
Жоғары тиімді экономикалық шаруашылықпен араласпайтын азаматтар Қазақстанда баршылық. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі елімізде төмен болғанымен, көптеген жұмыс орындарының технологиялық деңгейі, ондағы еңбек өнімділігі өте төмен. Егер жағдай дұрысталмаса, тиімді экономика жасай алмаймыз, көздеген нысанаға жете алмаймыз. Қазір Қазақстанда өз шаруасымен айналысып жүрген 2,7 млн.-ға жуық адам бар. Көбісі сауаты аз, кәсіби мамандығы төмен, техникасы жоқтың қасы, қарабайыр жұмыскерлер. Олардың тапқан-таянғандары мемлекетті байытпақ түгілі, өз отбасын асырауға бірде жетіп, бірде жетпейді. Бұларды жұмыссыздар немесе жұмысының тиімділігі жоқтың қасы десек те болады. Жаңа технологиялық деңгейде кәсіпорындар салып, жұмысы жоқтарды немесе мардымсыз жұмыс істеп жүргендерді осындай кәсіпорындарға тарту керек. Жаңалыққа үйретіп, олардың еңбек өнімділігін арттыру керек.
Енді бір осы бағдарлама арқылы нысанада тұрған мәселе – ел экономикасының бәсекеге қабілеттігін арттыру. Көптеген әлем елдерімен сауда-экономикалық байланыстамыз. Біздің кәсіпорындар әлем нарқында өзі өндірген тауарларымен басқа елдердің осындай тауарларымен сапасы мен бағасы жағынан бәсекеге түседі, сапасы жоғары, бағасы төмен бұйым сұранысқа ие болады. Ал сапалы бұйым жасау үшін сапалы технология керек, бағаны төмендетуге мүмкіндік беретін еңбек өнімділігінің өсуі осы технологияларға байланысты. Міне, осыларға қол жеткізуге мүмкіндік туғызатын да үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, оны толығымен орындау.
Біз аталған бағдарламаның маңызы мен мақсатына біраз тоқталдық. Айтқанымызды қорыта келе, бұл бағдарлама – Қазақстан экономикасының болашақ бет-пердесін айқындайтын, оның Президент айтқандай, бәсекеге бекемдігін сомдайтын бағдарлама. Әлем елдерінің алдыңғы тобына жету мүмкіндігі де осы бағдарламаның орындалуына байланысты.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама елімізде екі бесжылдықтың ішінде толығымен орындалуы тиіс. 2010-2014 жылдардағы бесжылдықтың биыл төртінші жылы аяқталып келеді. Осы жылдары индустриялық-инновациялық бағдарлама тетіктері жан-жақты заңдастырылды, индустрияландыру картасы, өндіргіш күштерді тиімді орналастыру жобасы, өңірлерді индустрияландыру картасы, 100-ден аса мемлекет тарапынан демеу шаралары іске қосылды. «Еңбек өнімділігі-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», 30-дан астам салалық және өңірлік даму бағдарламалары жасалды. Бір сөзбен айтсақ заң, демеу, қолдау тетіктері жан-жақты жасалып, бағдарламаны ойдағыдай орындайтын мүмкіндіктер туды.
Ал енді осы өте ауқымды шараларды орындаудағы 4 жыл ішінде қол жеткен нәтижелер қандай? Президент Н.Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыстағы сөзінде: «Индустрияландырудың алғашқы «бесжылдығын» жүзеге асыра отырып, біз 200 мыңнан астам жұмыс орны құрылған 700 жаңа кәсіпорын салдық. Оған біз 2 триллион 100 миллиард теңге жұмсадық, бірақ бұл кәсіпорындар тек биылғы жылдың өзінде 2 триллион 300 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Осылайша, салынған қаржы қазірдің өзінде өзін өзі ақтап жатыр», деп атап көрсетті. Яғни, бағдарламаны орындауға жұмсалған қаржы толығымен қайтып жатыр. Бірінші бесжылдықта осы бағдарламаның негізінде ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) ең кемі 7,0 трлн. теңгеге немесе оның 2008 жылғы деңгейінен 2 есеге жуық өсіп, ІЖӨ-нің нақты өсуін 5 жылда 15%-ға жеткізу көзделіп еді, дегенмен, 2011 жылы, яғни бағдарлама қабылданған кейінгі 3-ақ жылда, осы көрсеткіштерге қол жеткіздік. ІЖӨ-нің нақты өсуі алғашқы үш жыл ішінде 16,7%-ды құрады. ІЖӨ-нің құрамында өндірістің өндеу саласының үлесін 5 жылда 12,5%-ға жеткізу көзделген еді, оған төрт жылда, яғни 2013 жылдың ішінде қол жетеді деген болжам бар. Өңдеуші өндірісте бірінші бесжылдықта еңбек өнімділігі кем дегенде 1,5 есе өсуі жобаланған болатын, алғашқы үш жылда ол 32,1% өсті, ал 2014 жылы, яғни бірінші бесжылдықтың соңғы жылы осы көрсеткіш артығымен орындалады, дейді сарапшылар. Өндірістің өңдеуші саласындағы еңбек өнімділігінің өсу қарқыны жалпы экономикадағы еңбек өнімділігі өсу қарқынынан 2,3 еседей артық. Осы көрсеткіштер – экономикада орын алып отырған сыңаржақ (тек шикізат негізінде) дамудан оны әртараптандыруды көздеген алғашқы қадамдар жасалғандығының айқын айғағы.
Жоғарыда осы жылдарда 700 жаңа кәсіпорын салынып, іске қосылды дедік. Олардың ішінде экономика дамуына елеулі үлес қосатын ірі кәсіпорындар бар. Мысалы, Мойнақ гидроэлектростансасы, Екібастұзда, еліміздің бірнеше өңірлеріндегі жылу электр стансалары Отанымыздың энергетикалық қуатын күшейтті. Нәтижесінде Дүниежүзілік энергетикалық конгрестің есебі көрсеткендей, Қазақстан энергетикалық тұрақтылық индексі бойынша есепке алынған 129 әлем елдерінің ішінде 59-шы орында. Ал энергетикалық қауіпсіздік индексі бойынша сол елдердің ішінде 6-шы орында. Халықтың энергия көздерін пайдалану мүмкіндігі бойынша сол 129 елдің ішінде 35-ші орында. Бәрі де қанағаттанарлық көрсеткіштер.
Жалпылап айтсақ, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындау бойынша елімізде соңғы 4 жылда серпіліс бар. 200-ге жуық жаңа экспорттық әлеуеті бар тауарлар шығарыла бастады. Бізде жасалған бұйымдар әлемнің 110 елінде сұраныс тауып отыр. Қазақстанның экономикалық әлеуетін айқындайтын көптеген халықаралық рейтинг, әртүрлі көрсеткіштер жылдан-жылға жақсаруда.
Дегенмен, осындай нәтижелеріне қарамай, аталған бағдарлама ойдағыдай, дәлірек айтсақ, жоспарлағанымыздай орындалып отыр деп айтуға негіз жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы бағдарламаның аяқ алысы жөнінде сын, тіпті ащы сын, пікірлер айтылады. Индустриялық-инновациялық дамудың бүгінгі қарқынына онша көңілі толмайтынын Елбасы да бір-екі рет білдірді. 600 немесе 700 жаңа кәсіпорынды іске қостық дейміз, бірақ олардың ел өндірісінің технологиялық деңгейіне ерекше әсері білінбейді. Жаңа технология, жаңа кәсіпорын деген ұранмен алғашқы кезде Индустрияландыру картасына кейбір қарабайыр өндіріс орындары да кіріп кеткен, аталған картаны олардан тазалауға мәжбүр болдық. Өңірлердің, олардың басшы мекемелерінің жаңа, тиімді технологиялар негізінде салынатын кәсіпорындарды сараптау ұқыптылығы төмен. Салынатын нысандардың сапасы емес, саны мен оған бөлінетін қаржы көрсеткіштеріне еліктеу әр өңірден, олардың басшыларының сөзінен жиі байқалады. Осының салдарынан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің сарапшылары мен басшылары өңірлерден Индустриялық картаға енгізуге ұсынған 200-дей болашақта салынатын кәсіпорындар тізбесінің тең жартысын қабылдамай, қайтарып тастауға мәжбүр болды. Аталған министрліктен басқа осы үлкен іске, мемлекеттік стратегиялық дәрежесі бар бағдарламаға үлкен жанашырлық өзге мекемелерден аса байқалмайды.
Ең өзекті мәселе – біздің мол табиғи байлығымызды шикізат ретінде емес, терең өңделген, қолдануға дайын бұйым ретінде шығару мәселесі айтарлықтай ілгері баспай отыр. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап осы мәселе күн тәртібінде тұр. Қанша бағдарламалар алынды, жобалар жасалды, үлкенді-кішілі басшылардың уәделерін де естідік, бірақ бүгінге дейін сыртқа өңделмей кетіп жатқан мұнай, металл, астық, т.т. Қазақстан емес, біздерден сатып алған шикізатты терең өңдеп, бізден еселеп артық табыс тауып жатқан шетелдік кәсіпорындарға тиімділік беруде.
Алдағы бесжылдықтағы индустриялық-инновациялық дамудың мақсатын, бағыт-бағдарын, ерекшеліктерін, осы жолда кездесетін қайшылықтарды, оларды түзеу жолдарын Елбасы кешегі өткен жалпыұлттық телекөпірде жан-жақты талқыға салды. Көптеген салаларға шашыла бермей, тек қана өзіміздің табиғи байлығымызды терең өңдейтін салаларды дамытуымыз керек екендігін айтты. Олар мұнай-газ, тау-кен, металлургия өндірістері, агроөнеркәсіп кешені. Бұл, біздің жоғарыда айтқанымыздай, бірден-бір дұрыс шешім. Индустрияландыру бағдарламасына кедергі болған бірнеше қолайсыз жағдайлар Елбасының сөзінде ашық айтылды. Мысалы, шағын және орта бизнестің ойдағыдай дамымау себебі, құқық қорғау мекемелерінің оларды дамылсыз тексерумен құрсап отырғаны және де көптеген министрліктер мен жергілікті әкімдіктердің оларды дамытуға қолайлы жағдай жасай алмай отырғаны. Өз тарапымнан осыған қосарым, кешегі дағдарыс кезінде экономиканы «қолдан басқаруға» көшіріп, осы саланы мемлекеттік реттеуді күшейтіп едік, сол тәртіп әлі күнге сақталып тұр. Осының салдарынан нарық шеңбері, бәсеке кеңістігі айтарлықтай шектелді. Бұрын хабарланған меншікті жекешелендіру, халықтық IPO бағдарламалары орындалмай жатыр. Оларсыз экономикада серпіліс жасауға болар, бірақ бұл өте қиын әрі қымбатқа түседі.
Сонымен, Елбасының қолдауымен 2015-2019 жылдардағы индустриялық-инновациялық дамудың басты міндеттері, бірінші кезекте, индустрияландыруды қажет ететін өндіріс салалары, осы үлкен істегі орын алып отырған кемшіліктерді жою жолдары, оған жауапты мекемелер атап айтылды. Алдымыздағы жарты жылда салынатын басты нысандар, алынатын заңдар мен ережелер бесжылдық индустриялық-инновациялық даму жоспарына мұқият дайындалып енгізілуі керек. Қандай деңгейге жетеміз, экономиканың әлеуеті, әсіресе, экспорттық әлеуеті қанша өседі, өндірістің өңдеуші саласы қандай қарқынмен дамиды, әртараптандыру қадамы қанша нәтиже береді. Осы бағдарламаны орындауға қанша жұмыс күші керек, олар қанша, қашан және қалай дайындалады. Қаржы қанша керек, бюджет пен бизнестің үлесі қандай, ішкі және сыртқы қаржы көздерін ұтымды пайдалану үшін қандай тетіктер жасауымыз керек. Міне, осы мәселелер жарты жыл ішінде тиянақты шешімін табуы тиіс.
Бұл жаңа бағдарлама десек те, үстіміздегі бесжылдықтан жинаған тәжірибеміз бар, экономика, өндіріс басшыларының, қызметкерлерінің осы салаға бетбұрысы басталды.
Бұл – үлкен мемлекеттік, стратегиялық маңызы жоғары бағдарлама. Олар туралы мақала басында айттық. Мағынасының үлкендігі сондай, егер осы бағдарлама ойдағыдай орындалса, Президенттің «2030» және «2050» бағдарламаларында өркениеттің біз көздеген жоғары сатыларына күмәнсіз жетеміз. Сондықтан да индустрияландырылған экономика – бұл ұлттық қазына, осы қазына байлығымен біздің әлем кеңістігіндегі алатын орнымыз анықталады. Осы қазына байлығымен тұрмысы жоғары, бақуатты ел санатына енеміз.
Әр елдің өз дамуының ерекшелігі бар, дегенмен, 2019 жылы, яғни индустриялық-инновациялық даму жобасының соңғы жылы Қазақстанның тәуелсіздігіне 28 жыл толады екен. Ойдағыдай орындалған аталған бағдарламаға сәйкес тәуелсіз Қазақстан әлемдегі озық елдердің жолымен жүріп, олар жеткен биікке шығып, әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі болып марқаятыны сөзсіз. Ісімізге сәттілік тілейік.