Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда өзен тасып, көпірді ағыза жаздады

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында шағын ғана Рубежка өзені тасып, уақытша көрпірді бұзып кете жаздады, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда өзен тасып, көпірді ағыза жаздады

Оқиға 8 қаңтар күні кешкісін байқалған. Соңғы күндері күн күрт жылынып, жаңбыр жауғанның салдары өзен арнасын толтырып жіберген. Сөйтіп, ағын су Рубежка ауылына баратын жолға орнатылған уақытша көпірдің топырақты іргетасын шайып жібере жаздады.

Айта кетейік, Рубежка – жалпы ұзындығы 82 шақырымға дейін баратын шағын өзен, Жайықтың оң жақ салаларының біріне жатады. Маусымдық кезеңде ғана ағыс пайда болып, қалған уақытты тыныш жататын, соңғы жылдары қуаңшылықтан бөлініп, үзіліп қалған аңғар болатын. Рубежка ауылының тұсында өзен үстіне көпір құрылысы 2020 жылы қыркүйек айында басталған. Жол қатынасы үзілмеуі үшін осы көпірдің жанынан тұрбалар салып, уақытша ені – 6, ұзындығы – 30 метрлік топырақ көпір жасалған екен. Міне, осы тұрбаларға тасыған су сыймай, кептеліп, бос топырақты ағызып кете жаздады.

Оқиға орнына Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшылары, Бәйтерек ауданы жол қызметі мамандары жедел барып, жағдайды бақылауға алған. Ресми хабарға қарағанда автокөлік қозғалысы тоқтамаған. Өзен арнасы қалпына түсіп, елдімекендерді су басу қаупі жойылған.

 

Батыс Қазақстан