Мемлекеттік тіл мәртебесі бола тұра әлі күнге талқыдан түспеген, басынан қиқу арылмаған қазақ тілінің еліміздің басқа аймақтарындағы жай-күйін жете біле қоймаймын, ал біздің Қарағанды облысында бұл тұрғыда кері үдеріс жүріп жатыр. Қағаз жүзінде мемлекеттік тілге 2010 жылы көшкенімен, іс жүзінде орыс тілінің мысы басып тұр. Олай дейтінім, құжаттардың көбі әуелі орыс тілінде әзірленіп, содан кейін қазақ тіліне аударылады. Ірілі-ұсақты жиналыс, отырыстардың басым көпшілігі орыс тілінде өтеді. Осындай жиналыстарға қатысқан таныс та бейтаныс басшылардың өзі «арамызда бірде-бір орыс (басқа ұлт өкілі деп түсініңіз) болған жоқ, жиналыс бастан-аяқ орыс тілінде өтті» деп қынжылыспен айтады.
Мемлекеттік тіл мәртебесі бола тұра әлі күнге талқыдан түспеген, басынан қиқу арылмаған қазақ тілінің еліміздің басқа аймақтарындағы жай-күйін жете біле қоймаймын, ал біздің Қарағанды облысында бұл тұрғыда кері үдеріс жүріп жатыр. Қағаз жүзінде мемлекеттік тілге 2010 жылы көшкенімен, іс жүзінде орыс тілінің мысы басып тұр. Олай дейтінім, құжаттардың көбі әуелі орыс тілінде әзірленіп, содан кейін қазақ тіліне аударылады. Ірілі-ұсақты жиналыс, отырыстардың басым көпшілігі орыс тілінде өтеді. Осындай жиналыстарға қатысқан таныс та бейтаныс басшылардың өзі «арамызда бірде-бір орыс (басқа ұлт өкілі деп түсініңіз) болған жоқ, жиналыс бастан-аяқ орыс тілінде өтті» деп қынжылыспен айтады.
Соңғы кезде брифинг деген сәнге айналды. Бүкіл басқармалар, аудандар мен қалалар әкімдіктері тайлы-таяғы қалмай ақпараттар, слайдтар дайындайды. Әлбетте, орыс тілінде. Басында арқаны кеңге салып «қазақ тілінде қажет емес» деп соғады. Алқалы жиын жақындаған бетте «срочно қазақшаға аударыңдар» деп, өздері айтқандай «авралом», біздерше айтқанда «аттың жалы, түйенің қомында» соры қайнаған сорлы аудармашыларға салмақ салады. Осы сала құлаш құжаттарды бірнеше топ адам ай бойы дайындаса, аудармашыларға табанда аудар дегендей сыңай танытады. Бұрын мемлекеттік мекемелерде аудармашылар қос-қостан болушы еді, бүгінде бір-бірден қалған. Күн демей, түн демей, ләм деп үндемей, тұралап жығылардай болып аударып шығады, әйтеуір.
Аңдап қарасаңыз, Бұқар жырау даңғылының, Ерубаев және Әлиханов көшелерінің бойында құшақ-құшақ қағаз көтерген қыз-келіншектерді көресіз. Бұл – электронды құжат айналымына көшудің жемісі. Сөз жүзінде осындай үрдіске көшкенімен, қағаз нөпірі толастар емес. Бұрынғыдан көбейіп кетті. Құжатты электронды поштамен жөнелткеннен кейін, оны растау үшін әуелі сканерленген нұсқасын, содан кейін түпнұсқасын жеткізу керек. Қанша жыл болды, электрондық құжат айналымының жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Кіріс-шығыс құжаттарын мемлекеттік тілде тіркеуге тырысқанымен, ол құжаттардың мазмұны қазақша әріптермен дұрыс таңбаланбай, ирек-ирек иеороглиф жазбалар түседі. Сондықтан әр деңгейдегі басшылар бұрыштаманы орыс тілінде жазуға мәжбүр болады. Тым болмаса тапсырмамды түсінсін дейді ғой деймін. Ал құжаттың мән-жайын өздері бірдеңе ғып бажайлап алар деген сыңайлы.
Бүкіл мемлекеттік мекемелер облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына ай сайын кіріс және шығыс құжаттарының саны туралы есеп береді. Осы есептердің дұрыстығына күмәнім бар. Өйткені, құжаттардың қай тілде келіп түскенін ажыратып, реттеп отыратын бағдарламалар барлық мекемелерде орнатылмаған. Ал орнатылған мекемелерде бұл мәселеге кеңсе мамандары жіті көңіл бөле бермейді. Оған бір жағынан құжаттардың екі тілде ресімделуі себеп: қазақ тілінде тіркелгенімен, бұрыштама орыс тілінде болса, орыс тіліндегі құжаттар санатына қосылып кетеді. Сондықтан, біраз мекемелерде бұл есепті кіріс және шығыс құжаттарының журналдарын алдарына өңгеріп, баяғы колхоз кезіндегідей қолмен санап бәлен сағат отырып әрең бітіреді.
Егер қайсыбір құжаттарға қол қою кешеуілдеп жатса, оған әр деңгейдегі әкімдер аппараттары қызметшілерінің де кінәсі жоқ емес. Айталық, Қарағанды облысы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметшілері бүйректен сирақ шығарып, етістік сөздерден «анайылық» тауып алуды шығарыпты. Былай қарасаңыз, тіпті сөз қылатын әңгіме емес. «Курирующий заместитель акима области» деген сөз тіркесі қай заманнан «облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасары» деп аударылып келген. Сайтан түртті ме, «ететін» деген көмекші етістікті анайы деп тауып, оны «жасайтын» деген көмекші етістікпен ауыстыру керек деп ұйғарыпты бұлар. Сонда қалай, бұрын «облыс әкімдігі қаулы етеді», «облыстық мәслихат шешім етті» деп жазылып келіп еді, енді бұдан былай «облыс әкімдігі қаулы жасады», «облыстық мәслихат шешім жасады» дейміз бе?
Қашаннан құлаққа да, көзге де үйреншікті болып кеткендей, бұрынғысынша: еңбек етеді, жұмыс істейді, машина жасайды, қызмет етеді демейміз бе? «Еңбек жасайды» деген сөз тіркесінен не ұтамыз? Тіпті осы әкім аппаратының өздері қызмет етіп отырған құрылымдық бөлімшесінің атауы «Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі» ғой. Енді осы атауды өзгертіп «Құжаттамалық қамтамасыз жасау бөлімі» дей ме? Әрі-беріден соң жасайды сөзінің де ауыспалы анайы мағынасы бар: «жүріс жасайды», «ойнас жасайды», «зина жасайды» деп кете береді... Сонда бұл кісілер жұмыста, қызмет бабында отырғанда, олардың ойларына етістіктің өңкей бір анайы мағыналары келе ме?
Өзім тіл маманы болғандықтан, осы жерде бұрынғы әріптестеріме (14 жыл бірге қызмет атқардым) қазақ тілінен ликбез өткізуіме тура келіп тұр. Тілде құранды етістіктер деп аталатын, есім сөздерге белгілі көмекші етістіктер тіркесіп, оған қимыл мағынасын қосу арқылы жасалған етістіктер бар. Құранды етістік жасайтын белгілі көмекші етістіктер көп емес. Атап айтқанда, олар мыналар: ет, қыл, бол, тарт, ат, соқ, бер, ұр. Бұлардың ішіндегі ең өнімдісі – ет көмекші етістігі. Ол арқылы өте көп құранды етістіктер жасалған: еңбек ет, әуре ет, ел ет, ұжым ет, құрал ет, алданыш ет, жар ет, бала ет, қорғаныш ет, сүйеу ет, бағынышты ет, құрбан ет, азат ет, дұшпан ет, қастық ет, жақсылық ет, айқын ет, кедергі ет, қыңқ еткізбе, зырқ етті, сыр етті, бұрқ-бұрқ етті, былш етті т.б.
Осы сөздерімізді дәйектеу үшін, өз пікірімізді дәлелдеу үшін, астапыралла дейік, Құран көтермей-ақ қояйық. Қобыратып газеттерді де ақтармай-ақ қояйық, қазір бүкіл ел ден қойған Ғаламтордағы сайттардан бір-екі мысал келтірсек те жеткілікті ғой деп ойлаймын. Мына бір мысалды «Қазақстан Республикасының Үкіметі» сайтынан алып отырмын: «Жаңалықтар > 2011 > Желтоқсан > Өмірзақ Шөкеев жетекшілік ететін үкіметтік комиссия Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда». BNews.kz сайтының кезекті бір ақпаратында: «АСТАНА. 29 қаңтар 2013, 15:41... «Комиссияға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етеді», – делінген.
Жарайды, осы да жетер. Бүйректен сирақ шығарып, қазақтың әр сөзінен анайылық іздеп шала бүлінбейік, ағайын...
Сәбит БЕКСЕЙІТ.
ҚАРАҒАНДЫ.