Қазақстан • 09 Ақпан, 2021

Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды — Қаржы министрлігі

67 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Пандемияға қарамастан, мемлекеттік бюджет кірісі 2019 жылмен салыстырғанда бұрынғы деңгейде сақталды. Бұл туралы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайылов пен қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады. 

Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды — Қаржы министрлігі

Қаржы министрлігі басшысының ақпараты бойынша, мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспар 102,7%-ға, республикалық бюджет бойынша жоспар 100,3%-ға және жергілікті бюджет бойынша жоспар 108%-дан астам орындалды.

Бұл ретте республикалық бюджетке түсетін түсімдер 562 млрд теңгеге төмендеді, ал жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 627 млрд теңгеге өсті.

«Жалпы, республикалық деңгейде түсімдердің төмендеуі экономиканың құлдырауымен, сондай-ақ пандемияға байланысты шектеулермен байланысты», — деп түсіндірді ол.

Салықтар бойынша серпінде ішкі өндіріс тауарларына ҚҚС 11%-ға төмендеді.

Салықтардың құрылымында корпоративтік табыс салығы – 3,5%-ға, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары бойынша қосылған құн салығы – 1,8%-ға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорынан салықтар – 5,3%-ға ұлғайды.

Негізгі кедендік төлемдер бойынша түсімдердің төмендеуі орын алды. Экономика салалары бойынша:

мұнай мен металл бағасының төмендеуі есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі түсімдер 43%-ға төмендеді;

- көлік секторында түсімдер 10%-ға,

- өңдеу өнеркәсібінде 9%-ға,

- құрылыс саласында 2,2%-ға және сауда саласында 1,4%-ға өсті.

Ерұлан Жамаубаев салықтық-кедендік әкімшілендірудегі оң динамиканы атап өтті.

2020 жылы мемлекеттік кірістер органдары 11,4 мың салықтық тексеру жүргізді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 58% аз, ал нәтиже көрсеткіші 29%-ға артық.

Бұл салада қашықтан бақылаудың жаңа әдістері енгізілді. Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру мақсатында тиісті қағидаларға өзгерістер енгізілді, онда мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың қаржылық тұрақтылығы расталады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,5 мың өтініш қаралып, 7,4 млрд теңге сомасына түсімдер қамтамасыз етілді.

ҚХР экспорты – ҚР импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі айырмашылықтар өткен жылы 45%-ға дейін төмендеді.

Кедендік тексерулердің тиімділігі 51%-ға дейін артты, бұл қосымша 25 млрд теңгені қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қаржы министрі Е. Жамаубаев айтқандай, әкімшілендіру процестерін автоматтандыру және адами факторды болдырмау мақсатында «Экспорттық бақылау» модулі іске қосылды және навигациялық пломбаларды пайдалану басталды. Қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижесі байқалады. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің Байланыс орталығы 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушілердің өтінішін өңдеді. Олардың 91% операторлардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады.

«Өткен жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97% – электрондық түрде. Көбінесе адамдар жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомалары, есептіліктерді толтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жүгінеді», — деді Е. Жамаубаев.

Енгізілген цифрлық технологияларға келетін болсақ, 2019 жылы «Астана-1», «Электрондық шот-фактуралар», «Тәуекелдерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйелері енгізілді. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99%-ы және кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады.

Қаржы министрінің айтуынша, «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік берді. «Тәуекелдерді басқару жүйесінің» қолданылу аясы кеңейтілді.  Жалпы, министрдің айтуынша, тәуекелдердің 86 түрлі модельдері құрылды, 12 млрд астам цифрлық құжаттар өңделді.

Соның нәтижесінде, цифрландыру мен әкімшілендіру есебінен 2019 жылы қосымша 916 млрд теңге қамтамасыз етілді. 2020 жылдан бастап онлайн-БКМ қолдануға жаппай көшу жүргізілді.

«Өткен жылы енгізілген “Е-терезе” ақпараттық жүйесі рұқсат құжаттарын беретін 13 ақпараттық жүйені біріктірді. Қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды», — деді ведомство басшысы.

2020 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілендіру және цифрландыру есебінен қосымша 710 млрд теңге салық түсімдері қамтамасыз етілді. ҚР Қаржы министрлігі әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру және бюджетті толықтыру үшін цифрландыруға баса назар аудара отырып, бірқатар нақты шаралар әзірледі. Олар:

- трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту;

- кедендік инфрақұрылымды жаңғырту;

- ақпараттық жүйелерді жетілдіру және жаңа платформаға көшу;

- ірі салық төлеушілердің көлденең мониторингін қолдану;

- халық пен бизнеске арналған мобильді қосымшаларды дамыту; 

- заңнаманы жетілдіру.

Е. Жамаубаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар әзірленетін болады.

Жалған алушылардың атына тауарлардың жалған транзитін және жеткізілуін болдырмау мақсатында автокөлік құралдарына навигациялық пломбаларды қолдану кеңейтіледі.

Салықтарды төлеудің толықтығы үшін тауарларға арналған электрондық ілеспе жүкқұжаттарын рәсімдеу жолымен импорттан бастап бөлшек саудаға өткізуге дейінгі барлық тізбек бойынша бақылау енгізіледі. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдарымен тауарлардың саны мен құны туралы ақпарат алмасу қамтамасыз етіледі.

2019 жылдың 1 маусымынан бастап алкоголь өнімін цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүргізу жалғасуда.

«Жасанды зерде және көлік ағындарын автоматты басқару технологияларын енгізе отырып, өткізу пункттерін модернизациялау көзделеді. Қытайдың Эксимбанкінің қарызы шеңберінде Ситуациялық орталық құрылысын салу және 9 авто және 1 темір жол өткізу пункттерін модернизациялау жоспарлануда», — деді Үкімет отырысында Ерұлан Жамаубаев. 

«Нұр жолы» өткізу пунктінің үлгісі бойынша, басқа да учаскелерде «Электрондық кезек» жүйесі енгізіледі. Бұл мобильді қосымша арқылы кезекке алдын ала тапсырыс беруге мүмкіндік береді. «2021-2022 жылдары “Интеграцияланған деректер базасы” және “Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі” АЖ жаңғыртылатын болады. Жалпы, ақпараттық жүйелер саны 21-ден 6-ға дейін қысқарады», — деді қаржы министрі.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев реинжиниринг және жүйелерді микросервистік архитектураға ауыстыру өнімділікті 10 есеге арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ, қосымша құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда. Бұл салықтарды төлеуден жалтару тәуекелін азайтады және қолма-қол ақшаға айналдыру мәмілелерін азайтады. Сондай-ақ, оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі салық төлеушілері үшін көлденең мониторинг енгізіледі. Оны квазимемлекеттік сектордан бастайды.

«Көлденең мониторинг салық төлеушілерге шығындарды қысқартуға және салықтық бақылау шеңберінде тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін тиімді модель болып табылады. Сондай-ақ, бұл салықтық бақылауға жұмсалатын қаражатты айтарлықтай қысқартуға, өсімпұлдар мен айыппұлдарды болдырмауға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді министр.

Үкіметтің өткен кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қ. Тоқаев алға қойған салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету және жеңілдету жөніндегі міндеттерді іске асыру процесінде қабылданған шаралар туралы айта келе, Ерұлан Жамаубаев биылдан бастап жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктірілгенін, екі салық та бірыңғай төлеммен төленетінін хабарлады. Бұл ретте көп пәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды. «Халыққа арналған салық төлеудің ыңғайлы “Е-Salyq Azamat” мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша реквизиттерді толтырмай-ақ салық төлеуге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін “E-Salyq Business” қосымшасы әзірленуде», — деп қосты ол.

Жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабуды, салық есептілігін ұсынуды оңайлату, сондай-ақ комиссияны және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау қарастырылуда. Осы қосымшалар салық төлеуші растай алатын немесе түзете алатын есептілікті автоматты түрде қалыптастырады.

Заңнаманы одан әрі жетілдіруге қатысты айтар болсақ, бұл бағытта Министрлік әкімшілендіруді жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Бірінші, электрондық шот-фактураларды пайдалану міндетті болатын субъектілердің тізбесін кеңейту көзделген. Қазіргі кезде электрондық шот-фактураларды тек қосылған құн салығын төлеушілер, сондай-ақ, пилоттық режимде дәрілік заттар мен алтын кенін өткізушілер ғана жазып береді.

Екінші, капиталды шетелге шығаруға және экономиканы деофшоризациялауға қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. ЭЫДҰ және Ұлттық банкпен электрондық мәліметтер алмасу шеңберінде көпжақты конвенцияға қол қойылды. Осы жылдан бастап 100-ден астам юрисдикцияда біздің азаматтарымыздың қаржылық шоттары бойынша ЭЫДҰ-мен ақпарат алмасуды бастау жоспарлануда.

Бұдан әрі Мемлекет басшысының трансшекаралық сауданы бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында тауарларды дұрыс декларацияламағаны үшін кеден саласындағы әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылады. Бұл кеден саласындағы құқық бұзушылықтардың санын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, орта компаниялардың ірі компаниялар қатарына көшуіне байланысты республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке төлемдердің ағыны шамамен 100 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты Бюджет кодексіне түзетулер енгізу ұсынылады.

Бұған қоса қаржы министрі Е. Жамаубаев 2020 жылдан бастап енгізілген тексерулерге 3 жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендеткенін атап өтті. Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдады. Тек өткен жылдың өзінде «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» жобасы шеңберінде Мемлекеттік кірістер комитетіне бұзушылықтар туралы бейне-тіркеумен 16,5 мың хабарлама келіп түсті.

Тағы бір маңызды ұсыныс кейбір кадрлық өзгерістерге қатысты. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік кірістер қызметкерлерінің жалақының төмен болуына, әлеуметтік қорғалмауына және жауапкершіліктің жоғары болуына байланысты сыбайлас жемқорлыққа ұшырау қаупі туралы хабарлайды.

«Мұндай жағдай жеке секторда алған білімдері мен дағдыларын жиі қолданатын, тәжірибелі қызметкерлердің кетуіне әкеп соғады. Осыған байланысты, базалық жалақыға үстемақымен сыныптық шендерді енгізу және бірыңғай нысанды киім-кешекті енгізу ұсынылады», — деп атап өтті министр Е. Жамаубаев.

Аталған шаралар жоғары білікті кадрлар мен сабақтастықты сақтауға, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарының мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді деп болжануда.

Аталған ақпараттық жүйелер мен цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу деректер базасын өзектендіруге және оларды өңдеуді жеделдетуге, салықтық-кедендік әкімшілендіруді оңайлатуға және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Осы шараларды іске асыру 1 трлн теңгеден астам қосымша түсімдерге жол ашады.

Салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бюджеттің кіріс бөлігін арттыру басым міндеттердің бірі болғанын және болып қала беретінін атап өтті. Бұл бағытта цифрландырудың барлық әлеуетін пайдалану маңызды.

Сондай-ақ, ол ҚР Қаржы министрлігіне кәсіпкерлердің банктер арқылы ақша аударымдарын фискализациялау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

«Соңғы 3 жылда жоғарыда аталған шаралар бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Бұдан өзге, барлық мүдделі мемлекеттік органдар аталған бағыттағы үйлестірілген жұмысты жалғастыруы қажет.