Мұздық Дхаулиганги өзенінің арнасына құлап, үлкен су тасқынын тудырған. Бұл оқиға Үндістанның солтүстік Уттаракханд штатындағы Чамоли округінде орын алған. Салдарынан 171 адам жоғалып, 26 адам қайтыс болды. Хабар-ошарсыз кеткендердің көпшілігі екі су электр стансасын салумен айналысқан жұмысшылар болған деген мәлімет бар.
Құтқару және іздестіру жұмысы жүріп жатыр. Жылдам су ағыны мен тау жыныстары таудан шыққан кезде салынып жатқан тағы бір шағын гидростансаны қиратты. Қайғылы оқиға салдарынан тұрғын үйлер қирап, ағаштар сынды. Уттаракханд штатының полиция бастығы Ашок Кумар CNN журналистерімен сөйлескен кезде 26 адамның денесі қирандылар астынан шығарылғанын айтты. Оның айтуынша, 171 адамды іздеу жұмысы жалғасуда, оның ішінде гидростансалардың бірінің құрылысы кезінде салынған туннельде қалған 35 жұмысшы бар.
Туннельден жұмысшыларды іздеу және шығару бойынша құтқару жұмысына қирандылар кедергі келтіріп, оны баяулатады. Өткен жексенбіде құтқарушылар кішкентай туннельден 12 адамды шығарып алды. Оқиға салдарынан 13 ауылдың 2500 тұрғыны электр жарығынсыз қалды.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Үндістанның таулы аймағындағы Уттаракханд штатында мұз көшкіні салдарынан өзен суы тасып, табиғат апатынан 150-ге жуық адамның із-түзсіз кеткенін хабарлаған болатынбыз.
Кейінірек Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди Уттаракханд штатындағы мұз көшкіні салдарынан туындаған су тасқынының бақылауға алынғанын мәлімдеді.