Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Елорданың 1000-нан аса тұрғыны коньки мен шаңғы тебуді тегін үйренді

301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастырумен қала тұрғындары арасында әр сенбі-жексенбі күндері конькимен және шаңғымен сырғанауды үйрететін тегін сабақтар өтуде. Қаңтар айының 23 күні бастау алған шараға бүгінде 1000 аса қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың 1000-нан аса тұрғыны коньки мен шаңғы тебуді тегін үйренді

Елорданың төрт ауданымен қатар шет аймақтарын да қамтыған бұқаралық іс-шара санитарлық нормалар мен қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, нұсқаушының бақылауымен ұйымдастырылуда.

«Шеберлік сабағына 7 жастан асқан балалар да, егде жастағы адамдар да қатыса алады. Сонымен қатар келген қатысушыларға құрал-жабдықтар, сол сияқты коньки мен шаңғылар тегін беріледі», - деді ұйымдастырушылар.

Тегін сабақтарды спорт мектептерінің аға жаттықтырушылары мен спорт шеберлері жүргізуде. Нұсқаушылар келушілерге тек сабақ беріп қана қоймай шаңғы мен коньки спорт түрінің қыр сырымен бөлісіп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастыруда.

Іс-шараның жалпы мақсаты бұқаралық спорт түрлерін дамытып, қала тұрғындарын салауатты өмір салтына баулу және спортқа деген қызығушылықтарын арттыру.

Алдағы уақытта бұл іс-шара әр демалыс күндері наурыз айына дейін жалғасын таппақ.