Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Шымкентте үшінші күн электр станциясы іске қосылды

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы Айкөл тұрғын алабында қуаттылығы 20 МВт-ты құрайтын күн электр станциясы жұмысын бастады. Инвестициялық жоба қалалық әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АК қолдаумен іске асылырған. Бұл мегаполистегі үшінші күн электр станциясы. Аталған аумақтағы электр станциясы 50 гектар жерді алып жатыр. Жобаға шетелдік инвестор тартылған. Оның жалпы құны – 6,2 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте үшінші күн электр станциясы іске қосылды

Жоба 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Станция 45 мыңға жуық тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда, күн электр станциясымен өндірілген электр қуаты «КЕГОК» АҚ-ның қосалқы станциясы арқылы қалаға таратылуда.
Жалпы Шымкент қаласында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, «Су ресурстары-Маркетинг» кәсіпорнымен Ақбай-Қарасу су жинақтаушы имаратында құны шамамен 230 млн. АҚШ доллары болатын геотермальды сорғы жабдықтары орнатылған. Нәтижесінде кәсіпорынның электр қуатын пайдалану шығыны 5 есеге төмендеген. Сонымен қатар, аталған су жинақтаушы мекемесінде сағатына 200 кВт электр қуатын өндіретін күн электр батарейлері орнатылған.

Бұдан бөлек, кәріз тазалау имаратында сағатына 2 мың киловатт электр қуатын өндіретін кіші су электр стансасы мен газ және электр энергиясын өндіру мақсатында сағатына 400 киловатт электр қуатын өндіретін Биогаз қондырғысы іске қосылған. Нәтижесінде, электр қуатының тұтыну көлемі 88 пайызға төмендеп, шайынды суларды тазалау қуаты тәулігіне 100 мың м3 - 150 мың м3 дейін өсті. Сонымен қатар, бір жылда 67,3 млн. теңге қаражат үнемделген.