Павлодар полицейлері жедел-іздестіру шаралары барысында Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында қымбат автокөліктерді ұрлады деген күдікпен қылмыстық топты анықтап, ұстады.
– Қарағанды облысының үш тұрғынынан құралған қылмыстық топ алдын ала автокөлікті таңдап алып, бағытты жоспарлаған, негізінен түнгі уақытта әрекет еткен. Ұрланған автокөліктер агрегаттық деректерді өзгерту (VIN-кодтарын өзгерту) арқылы сатылған, ал бір бөлігі автокөліктерді бөлшектеу арқылы сатылған. Павлодарлық жедел уәкілдер бұрын ұрланған жеті көлікті тапты, олардың ішінде «Toyota Avensis», «Toyota Land Cruiser Prado 120» маркалы автокөліктер бар, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Қазіргі уақытта ұсталғандарға 10 факт бойынша айып тағылды. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Бұдан басқа, күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық ұйым құрғаны және оған қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 262-бабының 1,2-бөліктері бойынша да айып тағылады.