Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Қызылордада әмбебап мемлекеттік қызметшілер даярлау қолға алынды

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында «Басшылар дәрісі» жобасы қолға алынды. Бастама аясында облыстық басқармалардың басшылары аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық салалары бойынша мемлекеттік қызметшілерге дәрістер оқиды.

Қызылордада әмбебап мемлекеттік қызметшілер даярлау қолға алынды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастамашы болған жобаның мақсаты - азаматтардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне жедел жауап бере алатын бәсекеге қабілетті әмбебап мамандар әзірлеу.

«Басшылар дәрісі» жобасы арқылы мемлекеттік қызметшілер түрлі салалардағы атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіледі. Бұл мемлекеттік органдарға қабылдауға келген адамдарды түрлі мекемелерге сандалтпай, мүмкіндігінше бір жерден жан-жақты ақпарат беру үшін жасалып отыр», - деді департаменттің басқарма басшысы Жасұлан Шынтасов.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қолға алынған жобаға облыс әкімдігі мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы қолдау білдірді.

Алғашқы кезекте академияның облыстық филиалында қайта даярлау курстары мен біліктілігін арттыру семинарларынан өтіп жатқан тыңдаушыларға дәріс оқылады. Биылғы жылы филиал базасында 500-ден астам мемлекеттік қызметші білімін жетілдіреді деп жоспарланып отыр.

Алғашқы дәрісті кәсіпкерлік және туризм, ішкі саясат басқармаларының басшылары өткізді. Алдағы уақытта аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметшілеріне онлайн форматта дәріс оқу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 3675 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның ішінде, 14 саяси, 1 «А» корпусының қызметшісі, 3660 - «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері бар.