24 Желтоқсан, 2013

Қазыналы аймақтағы өркенді өзгерістер

216 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы жылды толайым табыстармен қорытындылады

Иә, 2013 жылға өкпе жоқ. Мерейлі де берекелі биылғы жылы шырайы кірген Шығыста ел есінде қалатындай елеулі оқиғалар орын алды. Индустриялық-инновациялық жобалар бойынша кенді Алтайда 611 миллиард теңгенің 39 жобасы жүзеге асуы тиіс болса, ол орындалуға жақын. Түсті металлургияның көш басында тұрған «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Үлбі металлургия» зауыты» АҚ-та, Өскемен титан-магний комбинатында және Шығыс Қазақстан машина жасау зауытында жаңа қуаттар іске қосылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Қазақстанның индустрияландыру картасына енген жобалардың ішінде тау-кен металлургия саласы ерекше орынға ие. Бұл сала бойынша

8 жоба іске асты.

Шығыс Қазақстан облысы жылды толайым табыстармен қорытындылады

Иә, 2013 жылға өкпе жоқ. Мерейлі де берекелі биылғы жылы шырайы кірген Шығыста ел есінде қалатындай елеулі оқиғалар орын алды. Индустриялық-инновациялық жобалар бойынша кенді Алтайда 611 миллиард теңгенің 39 жобасы жүзеге асуы тиіс болса, ол орындалуға жақын. Түсті металлургияның көш басында тұрған «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Үлбі металлургия» зауыты» АҚ-та, Өскемен титан-магний комбинатында және Шығыс Қазақстан машина жасау зауытында жаңа қуаттар іске қосылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Қазақстанның индустрияландыру картасына енген жобалардың ішінде тау-кен металлургия саласы ерекше орынға ие. Бұл сала бойынша

8 жоба іске асты.

Индустриялық жобаларға – кең өріс

Курчатовта ғылыми қала құру жө­нінде бастама қызу қолдау тауып отыр. Қаланың басты нысаны – ғылымды дамыту және жаңа технологиялар енгізу саласында бай тәжірибесі, қажетті кадрлық әлеуеті, күрделі ғылыми инфрақұрылымы бар Қазақстан Республикасы ұлттық ядролық орталығы болып табыла­ды. Орталық қызметін жетілдіру үшін халықаралық талаптарға сай жұмыстар атқарылмақ. Ұлттық ядролық орталық негізінде өткізілетін шаралар атомдық энергетика, радиоэкология, ядролық және радиациялық физика, сейсмология саласындағы ғалымдар мен ма­мандардың назарын аударуда. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан мен Ресей Федерациясының шекара маңы ынты­мақтастығы форумы барысында Курчатов қаласында ғылыми қала құруға ресейлік компанияларды шақырғанының өзі болашаққа жасаған батыл қадам екенін мойындаған жөн.

Еліміздегі серпінді жобалардың бірі – «АзияАвто Қазақстан» зауытының құрылысы. Оған Ресейдің «АвтоВаз» компаниясы белсене араласуда. Құрылыстың басталғанына үш ай өтті. Жаңа зауыт толық қуатына енгенде жылына 250 мың көлік шығарылып, 12 мың жұмыс орны ашылмақ. Жыл басынан бері 20 мыңға тарта сапалы да жүрдек көлік шығарылды. Қазіргі таңда Өскеменде шығарылып жатқан жеңіл көліктерге сұраныс көп, алдын ала тапсырыс бергенде ғана бірер айдан кейін алуға болады. Сонымен бірге, Семей қаласындағы «СемАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұса­уын кескелі еліміздегі аграрлық сектордың шаруалары еркін тыныс ала бастады. Неге? Себебі, бұрындары Ресей мен Бела­русьтан жеткізілетін техниканың бағасы шарықтап, оны алу мүмкіндігі қиындап кеткен. Ақыры іскер азаматтар зауытты пайдалануға берді. Минскінің трактор зауытымен бірлесіп тұсауын кес­кен зау­ыт жылына бір мың дана темір тұлпар шығарып ауылдарға жөнелтуде. Оның бағасы басқаларға қарағанда 30 пайыз төмен. Биыл серіктестіктің қуаты екі есеге артқан, жанармайды аз тұтынатын қуатты тракторларды шығара бастады. Оның екі данасын қараша айында Жарма ауданының Шарық ауылындағы қожалық иелері даңқты балуан Дәулет Болатұлынан тегін сыйға алды. Сол жолы Шарықта дәріхана, дәмхана, футбол алаңы ашылып, өңір басшысы Б.Сапарбаев іскер азаматтарға алғысын білдірді.

Ізденсе резервтер көп. Ауылы аралас, қойы қоралас, бір-бірімен көрші жатқан өңірлер экономика мен ауыл шаруашылығында, басқа салаларда да ынтымақпен, қоян-қолтық жұмыс жасаса табыс еселене түсетіні белгілі. Шілде айында Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарының ықпалдастығы аясында өңіраралық ынтымақтастық республикалық форумы болып өтті. Шығыс Қазақстанның түсті металы көрші облыстардың кәде­сіне жараса, Алматының көкөнісі басқа аймақтарға қажет. Павлодар мен Қарағандының өнеркәсіп өнімдеріне басқа аймақтар зәру. Форум аясында жүзден астам меморандум жасалды. Алдағы уақытта да осындай тиімді кездесулер жалғаса бермек. Сондай-ақ, Семей қаласында өткен «Сабантой» мерекесіне Татарстан Республикасының тұңғыш президенті М.Шаймиевтің қатысуы өңір тұрғындарының есінде сақталмақ.

Ауыл-аймақ ажарланып келеді

Ауылдар ажарланып келеді. Өңірдегі тірек ауылдары тізіміне 50 елді мекен енді. Қазір ол ауылдарға барсаңыз, танымай қаласыз. Соңғы екі жылда ғана тірек ауылдарына жүздеген миллион теңге қаржы бөлінді. Ауылда да серпінді жобалар қанат жая бастады. Ол елдің еңсесін көтеруде. Мәселен, серпінді жобалар қатарына енген Өскемен құс фабрикасында құс етін тереңдетіп өңдейтін қуат іске қосылды. Оның құрылысына бір жарым миллиард теңге қаржы жұмсалды. Бизнестің жауапкершілігімен бой көтерген нысанда 120 адам еңбек етіп жатыр. Аталмыш кәсіпорынның тоңазытылған 150 тағам түрі көрші Ресейге экспортталады.

Ауыл шаруашылығы саласында да өркенді өзгерістер бар. Биыл облыс диқандары бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Ауа райының жау­ынды-шашынды болуына қарамастан ауыл шаруашылығының қызметкерлері қажырлы еңбек етіп мемлекет қамбасына 1 миллион тоннадан астам алтын дән құйды. Күнбағыс дақылынан да мол өнім алынды. Өңірде теңбіл бұғы, марал саны арта түсті. Алтай балының атағы алысқа кеткен. Осымен үшінші рет облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен халықаралық бал фестивалі болып, оған ондаған мемлекеттен омарта шаруашылығының шеберлері қатысып, тәжірибе алмасты. Германия, Голландия, Қытайдан және мұхиттың ар жағынан келген шетелдіктер Алтай балының сапасы ерекше екенін, ол Шығыстың брендіне айналу үшін көп ізденіс таныту қажеттігіне тоқталды.

Тамыз айында Абай ауданында «Шыңғыстау» жәрмеңкесі өтіп, оған барлық облыстардан ауыл шаруашылығы мамандары мен қожалық иелері қатысып, асыл тұқымды мал сатып алу жөнінде жүздеген шартқа отырды. Алдағы уақытта маңызды шара жыл сайын өтіп тұрмақ. Сондай-ақ, Өскеменде өткен тұңғыш ауыл жастары халықаралық конгресінің тағылымды жақтары мол болды. «Дипломмен – ауылға!» бастамасымен кіндік қаны тамған жерге аяқ басқан жастарға қамқорлық жасаудағы кемшіліктер айтылып, оны түзеудің жолдары қарастырылды.

Үстіміздегі жылдың маусымында Елбасы Н.Назарбаев жұмыс сапарымен кенді Алтайға келді. Семей қаласының қыс маусымына қалай әзірленіп жатқа­нына көңіл бөлді. Елбасы жылу беру орталығында болған кезде біршама істердің атқарылғанын көріп, жұмысты ширата түсу қажеттігін шегелеп тұрып тапсырды.

Бұдан кейін «Семей инжиниринг» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Өскемен қаласындағы бірқатар кәсіпорындар, күн қуатымен жылытатын табақшаларды жасайтын зауытта, Ана мен бала орталығында болған кезде Елбасы өңірде өркенді өзгерістердің болып жатқанын атап көрсетті. Облыс әкімі Б.Сапарбаев командасының жұмысына оң баға берді.

Мамыр айында «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты халықаралық форум болып өтті. Оған Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қытай және Моңғолия елдерінің өкілдері қатысты. Облыс әкімі Б.Сапарбаев форумда баяндама жасап, Шығыс Қазақстанда табиғи қорықтар мен саябақтардың, резерваттардың аумағы 2 миллион гектарға, ал ұзын саны 14-ке жеткенін атап көрсетті. Жасыл технологияны батыл енгізуді насихаттай отырып, алда келе жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуде ізденіс пен ілкімділік таныта беретінін тілге тиек етті.

«Жасыл экономика – Қазақстан дамуындағы жаңа бағыт» үшінші халықаралық экологиялық форумы да көкейкесті мәселені қозғады. Облыстың экологиясын жақсарту үшін не істеу керек, ауаны ластайтын ірі кәсіпорындар бұл орайда не тындырып жатыр деген сауалдарға тұрғындар жауап алғандай болды. Форум жұмысына Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаров, Индустрия және жаңа технологиялар, Өңірлік даму министрліктерінің өкілдері, Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасының елшілері және басқа да шетелдік ұйымдардың өкілдері қатысты. «Қазақстан-2050» Стратегиясында күн, жел қуаттарынан энергия алу міндеті қойылғаны белгілі. Бұл бағытта да өңір басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасымен қыруар жұмыстар жүргізілуде. – Бізде жел энергиясын пайдалану әлеуеті бар, – деді осы форумда өңір басшысы. – Бүгінгі күннің өзінде Абай, Күршім, Аягөз, Үржар аудандарының шалғайдағы шаруа қожалықтарында 20-дан астам жел электр генераторы мен 1 мыңнан астам күн батареясы орнатылған. Ағымдағы жылы Өскеменде күннен қуат алатын батареяларға арналған фотоэлектрлік модульдер өндіретін зауыт іске қосылады.

Форумда бірқатар меморандумға қол қойылды. Оның ішінде құны 18,1 миллиар­д теңге болатын жел электр стансасын салу ұйғарылды.

Түркі дүниесінің тұтастануына арналды

Өңірдегі есте қалатын маңызды оқиғаның бірі – Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» ІІ халықаралық форумы. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция­мен басталған дүбірлі жиынға рес­публика Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, атақты ақын Олжас Сүлейменов, академик Жабайхан Әбділдин, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Әбдіжәміл Нұрпейісов, әлемнің 12 мем­лекетінен ғалымдар, мәдениет жә­не өнер қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл маңызды форумға Елбасы Н.Назарбаев құттықтау хат жолдады.

«Ардақты ағайындар! «Алтай – түр­кі әлемінің алтын бесігі» атты халық­аралық форум екінші рет өтіп отыр, ол ұлықтауға лайық ұлағатты іс. Форум біздің ежелден қалыптасқан байланыстарды нығайта отырып, келешек қарым-қатынастарымызды айқындап, ата тарихымыздың бастауы Алтайда табылған рухани құндылықтарды игеруге жаңа мүмкіндік ашуға тиіс», делініпті онда.

– Иә, өмір толқынында талай халықтар құрып кетті. Тек ең мық­тылары ғана, соның ішінде ХХІ ға­сыр­­ға қазақтар да аман-есен жетті. Әри­не ақтаңдақтар кезінде қазақтар да нәубетке ұшырады, талай дарынды боздақтар кінәсіз ажал құшты. ХХ ғасырда халқымыздың тең жартысынан айырылдық. Сондықтан біз бәріміз қайдан екенімізді, кім екенімізді есте ұстауымыз керек. Біз әрқайсымыздың атымызды есімізге түсірдік, ал тегіміз бір – түркі, – деп Олжас Сүлейменов ағынан жарылды.

Түркі дүниесінің тұтастануына ар­налған бұл форумның маңызы аса зор. Конференция барысында түркология мен алтаистика мәселелері, Еуразия ке­ңіс­тігіндегі экономикалық интеграция, түркі әлемінің тарихы мен археология­сы, экология мәселелері талқыланды. Алтайдың таңғаларлық табиғатына ар­налған флора және фауна, кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Талантты жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына арналған мәдени шараның тәлімді жақтары мол болды. Белқарағай, Өрел, Шыңғыстай ауылдарында талант иесін еске алуға арналған кездесулер өткізілді. Катонқарағай ауылында жазушыға еңселі ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан жұртшылығын құттықтап, жазушыны мәңгі есте сақтау үшін ескерткіш қойылғанын, көшеге есімі берілгенін атап айтты. Салтанатқа қатысқан Мәдениет және ақпарат минис­трлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын оқып берді. Ғылыми-практикалық конференцияда жазушының қаламдас достары мен інілері Төлен Әбдік, Кәдірбек Сегізбаев, Марат Мәжитов, Әлібек Асқаров, Қайырды Назырбаев, Дидахмет Әшімханов және тағы басқалар естеліктер айтты.

Туған ел – алтын бесігім

Зайсан қаласы мен ауданның 24 елді мекені көгілдір отынды тұтынатын болды. Сарыбұлақ – Майқапшағай 92,5 шақырымдық газ құбыры қараша айында пайдалануға берілді. Облыс әкімі Б.Сапарбаев газды алғаш пайдаланған 87 жастағы Күләш Файзрахманова әжейдің үйіне барып, қуанышымен бөлісті. Бұдан кейін Әуезов атындағы орта мектепте болды. Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақановтың айтуынша, көгілдір отын 470 үйге қосылыпты. Жұмыс одан әрі жалғасу үстінде. Келер жылы 9 елді мекенге газ құбыры тартылмақ.

«Туған елге – тағзым!», «Туған ел – алтын бесігім!» акцияларының бес жылдығы кең көлемде аталып өтті. Айтулы оқиғаға арналған салтанатты жиын Жарма ауда­нының орталығы Қалбатау ауылында өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәдениет пен өнер саласының үздіктеріне бағалы сыйлықтар табыстады. Жүлде алған озаттарға құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар 2009-2011 жылдары 40-тан астам қонақүй, мейрамхана, сауда үйлері мен тұрмыстық қызмет көрсететін нысандар пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.

Жақында бұл шараның бесжылдығы Өскеменде де аталып өтті. Онда қа­йы­рымдылық шараларына белсене аралас­қан, өз қаржыларына қонақ үйлер, мәде­ниет мекемелері мен спорт кешен­дерін салып берген 18 азамат облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Бес жылда өңірден шыққан іскер азаматтар 20 миллиард теңгеден астам өз қаржыларын қайырымдылық шараларына жұмсапты.

Шығыс Қазақстан облысы қашан да алдыңғы орыннан көрініп жүр. Тамыз айында өңір басшысы Б.Сапарбаев облыстар арасында бірінші болып Астанада брифинг өткізіп, қол жеткізген табыс­тар жайлы айтып берді. Индустриялық жобалар бойынша көш басында келе жатқан өңірдің экономикалық әлеуеті елді қызықтырды.

Қазан айында Алматы қаласында Шығыс Қазақстанның мәдени күндері ұйымдастырылды. Оған Бибігүл Төлегенова, Майра Ілиясова, Толқын Забирова, Вячеслав Ткач, Гүлдана Ноғайбаева, Әсел Нұрланова, Нұргүл Қабдоллаева тәрізді өнер жұлдыздары қатысып, келушілерді әнге бөледі. Жәрмеңкеде ондаған тонна ет пен Алтай балы саудаланды. Сондай-ақ, Астана қаласында да Шығыс Қазақстанның мәдени күндері жалғасын тапты.

Қазақстан футболына бір ғасыр

Семей қаласында Қазақстан футбо­лының 100 жылдық мерейтойы ел есінде қалатындай тартымды өтті. Оған сонау 60-70 жылдардағы футбол жұлдыздары қатысты.

Осы мереке шеңберінде «Спартак» командасы мен ардагерлер арасындағы жолдастық кездесу тартымды өтті. Облыс­та футболдан екі команда бар. Семейдің «Спартагы» келер жылдан бастап супертопта өнер көрсетпек. Өңірде спортқа ерекше көңіл бөлудің нәтижесінде саңлақтарымыз топ жара бас­тады. Өскеменде жекпе-жек сарайы салтанаты жағдайда ашылып, оған даңқты балуан Дәулет Тұрлықанов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, бокстан Әлем чемпионы Мерей Ақшалов қатысты. Жақын арада жеңіл атлетика манежі іске қосылмақ. Жүзу кешені құрылысы да аяқталып қалды. Жыл басынан бері өңірде жүздеген мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Спортқа көңіл бөлудің арқасында Шығыстың өрендері өңірдің атағын шығарып келеді. Жақында облыс әкімі атақты шаңғышы Алексей Полторанинге құрмет көрсетіп, Риддер қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілтін  табыс етті.

Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген онкүндік

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге арналған онкүндікті өткізу жөніндегі бастаманы алғашқы болып көтерген біздің өңір. Ең алдымен он күн бойы түрлі шаралар өтті. Шығыс ауылында пәтер кілттерін алған 12 отбасы қоныс тойын жасады. Семей қаласында 50 отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Шемонаиха қаласында «Туған тілім – ардағым» атты форум өтіп, жаңа мектеп-интернат пайдалануға берілді. Онкүндікте Өскеменде 78 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, 22 көпбалалы аналар, жетім балалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері қуанышқа кенелді. Қамысты ауылында 12 үй салынып бітуге таяу. Ұлан ауданының Айыртау ауылында әлеуметтік дүкен мен жаңа дәмхана, Үржар ауданында да бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды. Үржарда екі жыл ішінде салынып жатқан 8 мектептің пайдалануға берілетінін де айта кеткен жөн. Оның төртеуі есігін айқара ашты. Күршім, Көкпекті аудандарын байланыс­тырып тұрған «Күршім» паромы күрделі жөндеуден өтіп, оның салтанатты ашылуына өңір басшысы, аудан тұрғындары қатысты. Абай, Бесқарағай, Жарма, Аягөз, Тарбағатай, Зайсан және басқа аудандарда да онкүндік кезінде жүздеген ғимарат ашылды. Риддерде соңғы 30 жылда бірде-бір тұрғын үй салынбаған екен. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 60 пәтерлік тұрғын үй, 50 орындық балабақша ашылды.

«Жұмыспен қамту-2020» бағ­дарламасы бойынша да әлеуметтік нысандар Жаңа жыл қарсаңында ашылып жатыр. Шағын қалалар тізіміне енген Риддер, Зырян, Серебрянка, Курчатов қалаларына ондаған миллиард теңге қаржы бөлініп, экономика мен ауыл шаруашылығына да қан жүгіре бастады. Өңірде қазіргі таңда 50 елді мекен тірек ауылдары тізіміне еніп отыр. Ауылдар адам танымастай өзгерді.

Шығыс Қазақстан облысының еңбеккерлері 2013 жылды толайым табыстармен қорытындылап отыр. Та­биғат-ана сыйлаған ен байлықты халық игілігіне жаратып, адамдардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуда міне, осындай оңды істер атқарылып жатыр. «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жолын­да көп ізденіс пен ілкімділіктің қажет екені айтпаса да белгілі. Шырайы кірген Шығыстың әлеуеті арта беріп, халықтың әлеуметтік жағдайы дұрыстала беретіні сөзсіз.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».  

Шығыс Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар