Спорт • 10 Ақпан, 2021

Спорт сарқыты Ақ Азиаданы тамашалауға мәжбүр болған түлкі

494 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осыдан 10 жыл бұрын 30 қаңтарда Азия ойындары басталды. Ақ Азиадаға дейін Қазақстанда мұндай спорт додасы болмағаны анық. Спорт – тек сайыстардан тұрмайтындығына сол күндерде кезекті рет көзіміз жеткен. Осы бір тынымсыз екі апта санамызда өшпестей болып жатталды. Күтпеген жеңістер, өкініші өзек өртер жеңілістер – осының бәрі де спорт шежіресіне енді.

Қазақстанда өткен қысқы Ойындарда алтын мен күміс жүлденің арасы жарты секундқа да толмаған жарыстарға куә болдық. Қас-қағым сәт деген осы! Қарсыластың қателігінен жеңіске емес, керісінше жеңіліске душар еткен оқиғалар да баршылық. Сондай-ақ Азиада-2011 талай спортшының жұлдызын жақты. Еліміздің спорттық шежіресіне жаңа есімдер енді. Оған дейін ұлттық спорт ойындарының ішінде аса танымал болып көрмеген жаңа спорт түрлері тұсауын кесті.

Бұл топтамада Азиаданың қызықты сәттерін, елең еткізер тұстарын еске алып отырмыз.

Спорт сарқыты Ақ Азиаданы тамашалауға мәжбүр болған түлкі

Ольга Новикова алтын жүлделерін қайда сақтайды?

Қалай десек те, Алматы облысын­да­­ғы Солдатсай шатқалы спортшылары­мыз үшін құтты болды. Шаңғымен бағ­дарлау жарысында абыройымызды асы­рып, жанкүйерлерді желпінтіп кет­кен Ольга Новикованың спорттағы та­бысы – Қазақстан құрамасының қор­жынына түскен тұңғыш алтын болды. Ал шаңғымен бағдарлаудағы спринттік жарыста да Ольга алтыннан алқа таққа­нын алақайлап жаздық.

Осыдан кейін де Ольга қолы жеткен табыстарға тоқырап қалмай, ұзақ қашықтыққа шаңғымен бағдарлауда алтын жүлде алып, VII Қысқы Азия Ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Сол кезде 25 жастағы Ольга Но­викова шаңғы эстафеталық жарысында төртінші алтын жүлде алуға мүм­кіндігі болды. Қуанышы қойнына сый­маған ол марапаттау рәсімінде: «Ұзақ қашықтыққа бағдарлау жарысы аса қиын болған жоқ. Оның үстіне орманнан өткенде тұман басылып, картада белгіленген нүктені табу оңайға түсті. Ал бірінші айналымдағы бұрылыстарда абай болуға тырыстым», деп әсерімен бөліскен еді.

«Азиаданың үш бірдей алтын жүл­десін енді қайда сақтайсыз», деген журналистер сұрағына спортшы: «Барлық медалімді сақтайтын орным бар. Ал Азиада медальдарын бөлек сақтаймын, оларды тек жақын достарыма ғана көр­сетемін», деп жауап бергені есте.

1

 

Оңтүстіккореялық хоккейші қалаған сыйлығын алды ма?

Балуан Шолақ спорт сарайында өт­кен қыздар арасындағы хоккей тур­­ни­рін Оңтүстік Корея командасы бірін­­­ші болып аяқтады. Олар алдыңғы төрт матчта да жеңіліс тапты. Соңғы рет оң­­түстіккореялықтар саясат араларына сы­зат салған солтүстіккореялықтардан 6:1 есебімен жеңіліп, қарсыластар қақ­па­сына бар болғаны 1 шайба салған Кью Сан Ли ойнаған команда осылайша өз қақ­паларына 37 шайба жіберіп алды.

Ал Солтүстік Корея құрамасының бас жаттықтырушысы Вон Сон Ри өз шәкірттері 6:1 есебімен жеңіске жет­кен матч қорытындысын былай тұжы­рымдаған болатын:

– Оңтүстіккореялық көршілерімізді қайтсек те жеңуіміз керек деген үлкен мақсат болған жоқ. Елдеріміз онсыз да екі бөлікке бөлінген. Келесі Азиадада біріккен тұтас команда ретінде ойнауды ті­леймін. Алматыда өткен турнирде біз Жа­пония мен Қытай командаларына қар­сы бар күшімізді салып ойнауды мақсат еттік.

Оңтүстік Корея командасының бас жаттықтырушысы Юн Гон Ким өз әріп­­тесімен толық келісетінін білдіріп, Оң­түс­тік Корея құрамасының есебіндегі жалғыз голды салған хоккейші қыз Кью Сан Лиге қалаған сыйлығын алып беруге уәде бергені есте.

 

Азиада алтыны әскерден босатады

Оңтүстік Корея спортшылары жалпы командалық есепте үшінші орын­ға тұрақтағаны белгілі. Құлдилап сыр­ғанауда қола алған осы елдің спортшысы Джунг Дохён жарыстың алғашқы күндерінде қола медальді қолға түсіріп, одан Азиаданың алтынын жеңіп алмақ болды. Корей спортшысы:

– Бүгін мен чемпион атана алмадым. Бірақ алдағы жарыс күндері мақсатым орындалады деген үміттемін. Оңтүстік Корея заңы бойынша ірі халықаралық жа­рыстардың чемпиондары әскери бо­рышын өтеуден босатылады. Бізде тіпті әйгілі әртістерге де, Президенттің ұлы­на да мұндай жеңілдік берілмейді. Сон­дық­тан жеңіске ұмтылуыма себеп бар. Әскерден босасам жаттығуларымды әрі қарай жалғастырамын. Сәйкесінше, өз елімнің абыройын қорғап, жеңіс туын желбіретуге мүмкіндігім көбейеді, – деген еді спортшы.

Құлдилап түсу жарыстарында қазақ­стандық Дмитрий Кошкин мен Игорь Закурдаев бірінші, екінші орынға ие болды да, үшінші орында осы Джунг Дохён тұрған еді.

Оңтүстік Корея Азиадаға тау шаң­ғы­шы­ларынан жасақталған жаңа құрама жіберген еді. Олар өз елінің аманатын ақтады десек де болады. Сөйтіп, бұл елдің спортшылары 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медальды жеңіп алды. Ерлер арасында Джун Донхён 1 алтын, 1 қола ме­дальды иеленді.

Әскерден босатылған Джун Дохён алаңсыз жаттығумен айналысып, талай рет жүлдегерлер тұғырына көтерілген де болар?!

 

Алматының ауасы сатылды

Айтқандай, Азиада басталмай тұрып-ақ, елімізге Азияның әр қиырынан қонақ­тар ағылып келіп жатты. Спортшылар мен жаттықтырушыларды айтпағанның өзінде, шетелдік жанкүйерлер мен журналистер бір қауым ел болды. Алыстан келген меймандар Қазақстаннан есте­лікке не алып кетті деп ойлайсыз?

Азиаданың дүбірі естілгеннен-ақ елі­міз­дегі кәдесый, тәбәрік жасаумен, са­тумен айналысатын кәсіпкерлер Олим­пиададан өз нәсіптерін алып қалуға ұм­тыл­ды. Азиада-2011 символы болған ілбіс­тің баласының суреті бейнеленген тауар­лар тиісті орындардан табыла бас­тады.

Сол сияқты Алматы мен Астандағы Спорт сарайларының фойесінде, жарыс жүріп жатқан кешендерде Азиада-2011-дің эмблемалары мен таңбалары бар кәдесыйларды сату басталды.

Азиада-2011 атрибутикасын сатушы­лардың арасында жүргізілген сауалдама көрсеткендей, шетелдік туристер Азиада тұмары бейнеленген төсбелгілер мен кілтбауларға қызыққан.

Қазақстандықтар бірінші кезекте, «Қазақстан» деген жазуы бар бас киім мен бөкебайларды сатып алуға тыры­сады. Жерлестеріміз көбінесе қар бары­сының бейнесі бар тәбәріктер мен Қазақ­стан құрамасында ойнаған «Барыс» клубының фотосуретін сатып алған.

Хоккей кездесулері арасындағы үзі­ліс­­терде мұз ареналарының фойесінде бір-бі­рімен төсбелгі айырбастаушыларды да көруге болатын еді. Ерлер хоккейі тур­ниріне қатысушы командалардың төс­белгілері ең үлкен сұранысқа ие болды.

Мына қызықты қараңыз, Азиада-2011-дің Бас баспасөз орталығы орналасқан «Алматы Тауэрс» Бизнес орталығында Алматының консервіленген ауасы сатылды. Сұрастырып көргенде, бағасы – 850 теңге болып шықты. Салмағы қанша екенін кім біліпті?

 

Жарысты тамашалауға мәжбүр болған түлкі

Азиада жарыстары жан-жануарларды да қызықтырғанын баяндау тіпті қызық. Бұл әңгіме ойындардың тұмары болып отырған Ілбістің баласы туралы айтылып отырған жоқ. Халықаралық трамплиндер кешеніндегі К-125 трамплинінің астында түлкі тұрып жатқаны сайыстың соңғы күндерінде ғана белгілі болды. Қанат жолының биігінен қарағанда, оның іздері жақсы көрінеді екен. Ол бұл жерді өткен жазда өзіне ін қылып алған.

– Бұл – өте батыл түлкі. Секірулер басталғанда ол тығылып қалған, алайда, бірінші күннен кейін қараңғы батқанда шыға бастады. «Аш болсаң – іннен шығасың» деген осы. Қарны ашқан түлкі адамдардан қорқуын ұмытады, біз оны арасында тамақтандырып қоямыз», деген еді трамплиннің техникалық қызметкерлері.

Азиада жарыстарына амалсыз жан­күйер болған түлкі осылайша адамдарға да үйренген.

 

Владимир ХРУСТАЛЕВ:

Қызыңа жанкүйер болу үшін жүйкең де мықты болуы керек

Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның әкесі әрі жеке жаттықтырушысы Владимир Хрусталев қызының Ақ Азиададағы аяқ алысын барлық кезде қадағалап отырды.

1

Елена бастапқыда күміс жүлде алған­да әкесі оған мүлде қынжылмайтынын да өкінбейтінін де алға тартқан-ды. Қы­зының қарым-қабілетін жақсы білетін әке оның жұлдызды сәттері алда деп болжаған еді. Ақиқатында келесі жолы Еленаның жақын-жуықтары биатлон стадионында бас қосты. Олар атақты қыздың 15 шақырым қашықтыққа ар­налған жеке жарысына қолдау көрсетті.

Хрусталева өзін қолдаушы жанкүйер­лердің көңілінен шығып, Азия Ойын­дарының алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Алайда қызының мойнына алтын алқа тағылар-тағылмасы беймағлұм болып тұрған сәтте Хрусталев:

– Лена нысана көздеп жатқанда мен демімді алмай, нысананы қадағалай­мын. Жүрек лүпілі жиілейді. Бейне өзім винтовканың шүріппесін саусақпен ­бас­­қандай болып сезінемін. Қызым кез кел­ген жарысқа қатысқанда көңіл-күйім қатты қобалжиды. Жарыс аяқталған­нан кейін де көптеген сұрақтардың шыр­мауында қаламын. Лена жарыстың бас­тапқы кезінде 5-орында болды да, ал кейін 4-орынға шықты. Мен қат­ты қобалжыдым. Ленаның бастапқы қар­қыны өте төмен сияқты көрінді. Ал 4-ші ату шебіне жеткенде тұман қоюланды. Сол кезде Құдайға жалбарындым. Жа­ратқан иеміз Ленаның мергендік танытуына жар болды, – десе, алтын алып болған соң:

– Ол алтын медальды жеңіп алуға бар күш-жігерін жұмсады. Қызым жақын қа­шықтыққа өткізілген жарыстың алдында тамақтан уланғанындай болғанын айтқан еді. Оның сол кезде көңіл хошы болмауы сәтсіздікке ұшыратып, ақырында 2 орынға табан тіретті. Ал бүгін қызымның жұлдызы жанды. Бірақ мен мұны оның соңғы табысы деп есептемеймін, – деді.

 

Мехжабин АКХТЕР:

Әлем Үндістанда қар жоқ деп ойлайды

Солдатсай шатқалындағы шаңғы-биатлон кешенінің жарыс жолына Үндістан құрамасы алғашқы болып шыққан еді. Спортшылар биік таудағы сайыс жолына бейімделуге барын салды. Үндістан үшін шаңғы спорты үйреншікті көрініс емес екені белгілі, соған қарамастан, бұл спорт түрі хал­қы мил­лиардтан асып жығылатын ел­дің тұр­ғындарын қызықтыра бастаған. Бұл жайын­да Үндістан қыздар құра­ма ко­мандасы­ның шебер спортшысы Мехжабин Акхтер:

– Әлем жұртшылығы Үндістанда қар жоқ деп ойлайды. Үндістанның көптеген аумағында «қар» деген сөзді естудің өзі қызық сезіледі. Бірақ қар жауатын да аймақтар бар. Мысалы, Кашмир та­уын алыңыз. Дәл осы өңір елдегі шаңғы спортының орталығы болып саналады. Әзірше Үндістан шаңғышылары пә­лендей табысқа жете қойған жоқ. Мен Азия ойындарына бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Дегенмен бұрынғы жа­рыстардағы табысым айтарлықтай бол­мады. Бірақ соншалықты төмен көр­сеткіш деп те айтуға келмес. Алғаш рет Қазақстанға келсем де, спорттың дәл осы түрінің дамуы маған өте ұнады. Ал­дағы Азиада жарысына өзімнің жеке ре­кордтық көрсеткіштерімді өзгертуге ба­рынша күш саламын, – деді.

 

Фристайл жолы 10 күнде салынған

Азиада тұсауын кеспей тұрып, «Та­баған» спорт кешенінде өткен фристайл­шылардың бейресми жаттығуынан кейін жолдың шейпер-архитекторы жарыстың техникалық делегатымен бірге соңғы сынақтарды өткізген еді.

Шейпер-архитектор Валентин Котляров­тың айтуынша, фристайлға арналған жолды салуға небәрі 10 күн кеткен. Алайда, бұл жолда өткен жылдың жа­зынан бастап күрделі жұмыстар жүргізілген.

– Біз жолдарды еуропалық стандарт­тарға сай дайындадық. 3 акробатика трамплинін салдық, могулға арналған жоталар жасадық. Жолдардың техникалық жағдайын Азиада техникалық делегаты қабылдап, бекіткен, – деді Котляров.

Фристайл сайысында өнер көрсеткен спортшылар фристайл трассасының 10 күнде салынғанына сенбейді. Сапасы жағынан сөз келтірмейтін жарыс жолы бұрыннан бері солай келе жатқандай, сақадай сай еді.

 

Дмитрий РЕЙХЕРД:

Телефон қоңырауы маған күш-жігер берді

Ал «Табаған» спорт кешенінде Қа­зақстанның фристайл құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд жан­күйерлердің үмітін ақтап, Азия ойындарында могул сайысының жеңімпазы атанды. Олимпиада ойындарына қа­ты­сушы, Әлем кубогы мен Еуропа ку­боктарының түрлі кезеңдерінде алдына жан салмаған Дмитрий 23,63 ұпай жи­нап, жапондық Уено Осамуды артта қал­дырды. Могулдың алтынын асынған Рейхердке:

– Жарыс басталар алдында не жайлы ойладыңыз? – деген сұрақ қойылды.

– Бұл қызықты оқиға: дәл сөре ке­зінде, менің шығатыным хабарланып қойған, жарысқа дайын тұрмын. Тап осы уақытта телефоным шырылдады. Одан шыққан көңілді әуен маған күш-жігер берді!

– Соңғы Олимпиададағы сәтсіз нәти­желеріңіз Азиадада бар күшіңді салуға ынта берген жоқ па?

– Жоқ, мен бір нәрсені ойымнан шы­ғармай, сәтсіздіктерден кейін тоқырап қалатын адам емеспін. Әрқашан алға ұмтылып, алдыға жаңа мақсаттарды қо­йып, сол мақсаттарға жету керек.

 

Біреудің қателігіне қуанамын деп, алтыннан айырылып қалды

Азия ойындарының чемпионы, Қазақстан биатлоншысы Александр Червяков жарыс күндерінде жанкүйер­лерін қуантудан жалықпады-ау.

Айтқандай, осы жолы Червяков жарысқа бірінші болып шықты. 6 секундтан кейін спорт сайысын қытайлық Рен Лонг жалғастырды. 33,5 секунд өт­кен соң жарыс алаңына Жапония спортшысы Джунджи Нагаи шықты. Жол бойында осы Нагаи Қытай биатлоншысынан озып кетіп, Червяковтың соңына түсті. Бірақ қазақстандық спортшыны бір жайт құт­қарып қалды. Червяковтың атқан оқтары тимей жатқанын көрген Жапония спортшысы қуанғаны соншалық, өзінің нысаналарынан көңілі ауып, мұқият бол­ған жоқ. Мұнысын жапондық спортшы ойын аяқталған соң өзі мәлімдеді.

– Червяков – өте тәжірибелі биатлоншы. Дегенмен, бүгін оның жолы болмаған сияқты. Атыс шебіне мен Червяковтан кейін келіп жетіп, оның көздей алмаған нысандарын көрдім. Жасыратын несі бар, қарсыласымның мүлт кеткенін көріп, өте қатты қуан­дым. Орынсыз болған қуаныш өзімді ты­ғырыққа апарып тықты. Бұрын менде нысана дәлдеуде ешқандай кем­шілік кетпейтін еді. Дегенмен, нағыз­ биатлонның қандай болуы керек екен­дігін баршаға көрсеттік. Менде Алек­сандр­мен кездесетін сәттер әлі болады. Біз эстафетада жеке жарыс кезінде бақ сынасамыз. Есемді қайтарамын деп ойлаймын, – деген болатын.

1

Осылайша, Джунджи Нагаи қазақ­стан­дық спортшының қателігіне қуана­мын деп, алтын жүлдеден айырылып қалған.

Қарап отырсақ, біздің трамплиннен шаңғымен секірушілеріміздің басты жеңісі – жанкүйерлерге толы трибуналар болыпты. Жарыстардың соңғы жаңбырлы күнінде де жанкүйерлердің саны азаймады. Барлық жарыстарға билеттердің сатылымын қадағалайтын қызметтің мәліметтері бойынша, хоккей мен трамплинге ең көп билет сатылған.

«Трамплиндер кешеніндегі күзет қызметкерлеріне «осы секцияға қалай жазылуға болады?» дейтін балалар маза бермеді. Спорттың бұл түрінің танымалдылығы өсіп келеді және осынау зор қызығушылықты қолдауға біз мүдделіміз» деген еді Қазақстанның ҰОК вице-президенті Павел Новиков.

Сол балалар спортқа келді ме екен?

 

АЛМАТЫ