Экономика • 10 Ақпан, 2021

Тұрғын үйді жалдау құны арзандады ма?

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрғын үйді жалға алу құнын анықтайтын әлемдік рейтингте Қазақстан 138 елдің ішінен 107-орын иеленді. Рейтинг Нью-Йорк индексіне (100) сүйене отырып, әр елдің жалға алу құны қаншалықты қымбат немесе арзан екенін зерделеп көрген.

Тұрғын үйді жалдау құны арзандады ма?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Егер ел индексі 110 болып кетсе, онда жалдау құны Нью-Йоркке қарағанда 10 пайызға қымбат, егер индексі 95 болса, жалдау құны америкалық мегаполиске қарағанда 5 пайызға арзан деген сөз. Бұл орайда Қазақстанның индексі 9,31-ді құрайды.

Жалға алу құны ең қымбат елдер – Бермуд аралдары (92,86), Гонконг (74,24) және Сингапур (64,77). Рейтинг дерегі бойынша әлемдегі ең арзан жалдау құны Ауғанстанда тіркелген.

2020 жылдың желтоқсан айын­дағы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы жағдайы келіс­кен тұрғын үйді жалдау құны шаршы метріне 1,6 мың теңгені құраған. Бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда 9,3 па­йызға жоғары. Қараша айымен салыс­тырғанда баға 1,2 пайызға өсіпті. Өңірлер бойынша ең қым­бат баға Нұр-Сұлтан (2,9 мың теңге), Алматы (2,3 мың теңге), Ақтау (2 мың теңге) қала­ларында тіркелсе, ең арзан баға Се­мейде – шаршы метріне 1,2 мың теңге.

Krisha.kz дерегі бойынша Алматы қаласындағы аренда құны шаршы метріне 2500-2700 теңге аралығында өзгеріп отырады. Арнайы мониторингте аумағы 36-дан 90 шаршы метр­ге дейінгі пәтерлер қарас­тырылған. Орналасқан ауданына байланысты бір бөлмелі пәтер арендасының орташа құны 76 мың – 140 мың теңге аралығында болса, екі бөлмелі пәтерді жалдау үшін 105 мың – 195 мың теңге аралығында қаражатың болуы шарт. Ал үш бөлмелі үйлер 118 мыңнан 225 мыңға дейін шарықтайды. Талдаушылардың айтуынша, бір жыл ішінде құн 7-10 пайыз аралығында қымбаттап отыр. Алматыда ең арзан баспаналар Түрксіб, Наурызбай аудандарында орналасса, Бостандық, Алмалы, Медеу шаһардың қымбат аудандары саналады.

 

АЛМАТЫ