Бүгінгі таңда облыстың 128 кәсіпорны Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізумен айналысады. Оның 68-і – мал шаруашылығына тиесілі ет және сүт өнімдері. Көпшілік сұранысына ие құс еті мен жұмыртқа да бар. Аймақтағы 54 кәсіпорын ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майын жеткізеді.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алапат күш-жігері арқылы ақ дастарқанға адал дәм болып оралған ырыздық Нұр-Сұлтан қаласының 5 базары мен 29 сауда үйінде, 10 сауда орталығында үзбей сатылуда. Оған қоса, «Ақмол» дүкендер желісі облыстағы «Capital Projects LTD», «Астана Агро Продукт», «Ижевский», «Гормолзавод», «Агрофирма Родина», «Milk Project» серіктестіктерінің өндірген өнімдерін тұтынушыларға ұсынып отыр.
Өткен жылы астананың сауда сөрелеріне 114,1 мың тонна сүт және сүт өнімдері жеткізілді. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 5 пайыз өсім бар. Бұл ауқым астана тұрғындары қажеттілігінің 34 пайызын өтейді. Сондай-ақ 29 мың тонна ет және ет өнімдері жеткізіліп, сұраныстың 34 пайызын қамтамасыз етті. Нұр-Сұлтан қаласындағы азық-түлік бағасы іргеде орналасқан Көкшетаудағы азық-түліктің бағасына әсер етеді. Базардағы бағаны тұтынушының сұранысы реттейтіні белгілі. Сұраныс болған соң баға да өсіп отырады. Екінші жағынан бағаны арзандатуға да мүмкіндік әбден бар. Мәселен, былтыр өңірді ғарыштан бақылаған кезде 2 млн гектарға жуық жердің бос жатқаны анықталған. Оның дені – жайылымдық жерлер. Міне, осы бос жатқан жерді төрт түлік малға толтырсақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарының арасында өнім өткізуде бәсекелестік пайда болып, ет пен сүт бағасы бүгінгі деңгейден біршама төмендеуі әбден ықтимал. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, осыншама жеріміз бос жатқанда шеттен 93 мың тонна ет жеткізіледі екен. Шетелден жеткізілген құрғақ сүт те сауда сөрелерінде самсап тұр. Демек, ішкі мүмкіндігімізді әлі де ілкімді игере алмай жатырмыз. Тұтынушысы көп астанада жылқы етінің бағасы 2200-2500 теңге шамасында. Көкшетаудың орталық базарында қыртысы қалың, қазысы екі еліден төмен емес жылқы еті 2400 теңгеден сатылуда. Жалпы жылқы еті біздің пайымдауымызша, бұдан арзан да болуы әбден мүмкін. Егер басы көбейсе, сапасы жақсарса. Өйткені, өзге түліктей емес, жылқының өзіндік құны арзан. Малсақ қауым жылқы малы үшін жем-шөпті аса көп дайындай бермейді. Түліктің төресі небір қатал қыста да тебіндеп шығады. Сондықтан қара малға қарағанда бейнеті аздау, өз күнін өзі көретін жылқы етін арзандатуға әбден болар еді. Оған қажеттісі шұрайлы жайылым ғана. Ал қанша жайылымның бос жатқанын жоғарыда айтып өттік.
Қара малдың етін де біршама арзандату мүмкіндігі бар. Бұл үшін әлденеше жылдан бері айтылып келе жатқан мал тұқымын асылдандыру мәселесін оң жолға қоюымыз қажет. Мамандардың айтуына қарағанда, өнімділігі жоғары герефорд тұқымдас мал 14 айдың ішінде тірідей салмағы 400 килоға жетеді екен. Демек, жем-шөптен де үнемдеуге болады. Ал тұқымы азып кеткен жергілікті малды пышақ көтеру үшін кемінде екі жылдан асырып бағу керек. Екі рет қыстатқанда қаншама жем-шөп жұмсалады, оған малсақ қауымның өз еңбегін қоссаңыз, бейнеттің ақтала бермеуі де мүмкін.
Қазір астана тұрғындарын құс еті және жұмыртқамен қамтуда айтарлықтай мәселе туындап отырған жоқ. Бұл орайда облыстың әлеуеті толық жетіп жатыр. Оған ірі құс зауыттарының септігі тиіп тұр. Өткен жылы сауда сөрелерінде 281,9 млн жұмыртқа сатылған. Бұрнағы жылмен салыстырғанда, 0,9 пайыз өсім бар. Қала тұрғындарының қажеттілігін 94 пайызға ақтап отыр. Соңғы жылдары облыста картоп өсіруге ден қойыла бастады. Соның нәтижесінде былтыр 104,1 мың тонна картоп сатылды. Астаналықтарды картоппен қамтамасыз ету орайында 0,9 пайыз өсім бар екендігі және бұл көрсеткіш қажеттіліктің 92 пайызын өтеп отырғанын ескерсек, ауыз толтырып айтуға лайықты табыс. Есесіне көкөніспен қамтамасыз етуде олқылық бар. Бір жыл ішінде 30,5 мың тонна көкөніс жеткізіліп, бұрнағы жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға көбейгенімен, қажеттіліктің небәрі 30 пайызы ғана өтелген. Демек, астана іргесіндегі аудандарда көкөніс өсіруді мықтап қолға алудың уақыты жетті деп айтуға толық негіз бар. Бұл орайда суармалы жерлер мен өнімі қысы-жазы үзілмейтін жылыжайларды ұлғайтқан жөн.
Өткен жылы азық-түлік белдеуін дамытуға бағытталған жалпы көлемі 29,9 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 4 бордақылау алаңы бар. Негізі, бұл өте дұрыс шешім. Бордақылау алаңдарының пайдасы зор. Мәселен, шағын шаруа қожалықтарының бағымындағы қара малды тиімді бордақылауға қауқары жете бермейді. Өйткені оларда жем-шөп қоры шектеулі. Көпшілігінің мал азығына арнайы субсидия бөлінбегендіктен, қолында бары шөп пен сабан ғана. Қаражаты жетіп жатса, құны аспандап кеткен жем сатып алады. Ал бордақылау алаңдарында қаржылық қуат болған соң ғылыми негізделген мал азығы бар. Олар мал төлін 18 айдың ішінде тірідей салмағын 400 килоға дейін жеткізе алады. Мамандардың айтуына қарағанда, қара малдың тірідей салмағын осы деңгейге жеткізетін уақыт 18 айдан асып кетсе, онда мал азығы босқа шығын.
Былтыр облыста сүт өндіретін 7, мал өнімдерін өңдейтін 6 кәсіпорын іске қосылды. Сондай-ақ астық және картоп сақтау қоймалары салынды. Басқа да бірталай жетістік бар. Алдағы уақытта ішкі мүмкіндікті тиімді пайдаланатын болсақ, азық-түлік белдеуіндегі ырыздық бұдан да молая түсер еді.
Ақмола облысы