Аймақтар • 10 Ақпан, 2021

Той сарайы балалар орталығына айналды

480 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұрын «Той сарайы» атты мейрамхана-тұғын. Жанынан өткенде даңғаза музыка, масаң топтың дуылы, асабаның арзан әзілі сыртқа естіліп жататын. Одан кейін жылға жақын қаңырап тұрды. Кеше көрсем...

Той сарайы балалар орталығына айналды

Кеше көрсем, үш қабатты үлкен ғимараттың қас бетіне «Шабыт» балалар шығармашылық орталығы» деп жазу ілініп қалыпты. Қызыл-жасыл киінген, сөмке асынған ұл-қыздар емін-еркін кіріп шығып жүр.

- Бұл ғимарат мейрамхана ретінде 2017 жылы ашылған еді. Былтыр наурыз айында пандемияға байланысты бір күнде жұмыс тоқтады. Бірнеше ай жұмыссыз отырдық. Қызметкерлеріміз қысқарды. Содан бір күні мемлекеттік порталдан Орал қалалық білім бөлімі балалар шығармашылық орталығы үшін ғимарат іздеп жатқаны туралы ақпаратты көрдім. Сөйтіп, білім бөліміне арнайы барып, байқау шарттарымен таныстым. Біздің ғимараттың техникалық сипаттамасы байқау шартына сәйкес келеді екен. Сөйтіп, ғимаратқа қайта жөндеу жүргізіп, балалар шығармашылығы орталығы үшін қайта жабдықтадық. Барлық керек-жарақты, фитнес құралдарын өз қаражатыма сатып алдым. Осылайша байқауға қатысып, ұтып шықтық. Міне, енді «Шабыт» балалар шығармашылығы орталығы ретінде қайта ашылып отырмыз. Орал қалалық білім бөлімімен арада үш жылға келісім-шарт жасап, ғимаратты жалға беріп отырмын, - дейді кәсіпкер Нұржан Әбдірахманов.

Нұржанның тағы бір мейрамханасы бар екен. Ол да әзірге жұмыссыз бос тұр. «Осындай байқау тағы да болса, қатысар едім. Әрине, той бизнесіндей болмаса да, табыссыз емес. Пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіріп жатқан жергілікті әкімдік басшыларына рахмет айтамыз» дейді кәсіпкер.

Жалпы аумағы 1723 шаршыметрлік ғимараттың ішінде қазірдің өзінде 20 шақты үйірме ашылып үлгеріпті. Олар – «Шабыт медиа» студиясы, «Жас тілші», «Сөз зергері» үйірмелері, «Волонтьерлер академиясы», «Көшбасшылар мектебі», «Күншуақ» бастауыш сынып оқушыларына арналған тіл, би үйірмелері, сонымен қатар интеллектуалдық, спорт бағытында түрлі секциялар. Тіпті асық ату, тоғызқұмалақ, қамшы өру, домбыра сынды ұлттық бояуы аңқыған топтар да кішкентай достарын маңына жинап алған.

- Біз осы үйірмелер арқылы балалардың санасына ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді сіңіріп, сонымен бірге өмірге қажетті дағдыларды алуына атсалысамыз. Түрлі акциялар, диалогты кездесулер арқылы ізгі үлгілерді жас ұрпаққа өнеге етуді көздеп отырмыз, - дейді Орал қалалық білім беру бөлімі Мектептен тыс жұмыс орталығы мекемесінің директоры Шаттық Өтебәлиева.

Жаңа орталық Орал қаласының ең үлкен құрамдас бөлігі – Зачаганск кентінде ашылып отыр. Бұл кентте 60 мыңға жуық халық тұрса, оның 13 мыңнан астамы – мектеп оқушылары екен.

- Зачаганск тұрғындары балалардың мектептен тыс уақытын тиімді пайдаланып, үлгілі істерге үйрететін осындай орталықты ашуды көптен сұрап жүрген еді. Мұндай ғимаратты жаңадан салса, көп қаржы және уақыт кетер еді. Өңір кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де көрініп, пандемия қиындығына қарамастан балаларымызға осындай тамаша тарту жасап отырмыз. Міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойын балаларды қуантудан бастағанымыз өте жақсы болды. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, облыс әкімінің қолдауымен жасалып отырған жұмыс, - дейді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

Қала басшысы жергілікті кәсіпкерлерді осындай мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды. Тек қана білім емес, спорт, медицина, мәдени демалыс саласында болсын, қызмет көрсетуге жеке кәсіпкерлер келсе, мемлекет оларға барынша көмектеседі. «Біз олардың кейбіріне жан басына шаққанда қаржыландыру есебінен, кейбіріне мемлекеттік тапсырыс есебінен тиісті қолдау көрсетеміз» деді Абат Абайұлы.

«Шабыт» орталығында қазірдің өзінде 500-дей бала тіркеліп, түрлі үйірмелерге қатыса бастаған. Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, үйірме саны әлі де көбейеді. Сөйтіп, бұл жерге келетін ұл-қыздардың санын 1000-ға дейін жеткізу көзделген. Сондай-ақ ата-аналардың сұранысына сәйкес мұнда ақылы үйірмелер де ашылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Зачаганск кентінде оқушыларға арналған мұндай орталықтарға сұраныс жоғары. Жаңадан ашылған осы «Шабыт» орталығының айналасында ғана №10, 30, 47, 50 мектептер, №38 мектеп-лицей орналасқан. Сондықтан бұл халық сұранысын толық қанағаттандыра алмайтыны анық. Біз қалалық білім бөлімі басшысынан осындай орталықтарды тағы да ашу жоспары туралы сұрадық.

- Қазіргі кезде қосымша білім беруді жан басына қаржыландыру мәселесі сөз болып, қолданысқа енгізілгелі жатыр. Ондай жағдайда осындай ғимарат иелері мемлекеттік тапсырыс алу үшін байқауларға қатыса алады, - дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.

Біз жаңа орталықтың жұмысы туралы білім саласының белгілі маманы, педагогика ғылымдарының докторы, Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Светлана Бақышеваның пкірін сұраған едік.

- Жаңадан ашылған «Шабыт» сарайының орны да, жолы да бөлек. Кезінде Той сарайы болып ашылған ғимарат заман ауанына қарай Ой сарайына айналды. Бұл – кәсіпкер шешімі мен шаһар қажеттілігіне сай қала басшылығының мүддесі тоғысқан жағдайдың көрінісі. Бірақ мен бұл мәселенің тағы бір жағын айтқым келеді. Қазіргі таңда балалар сарайының ішкі мазмұнына көңіл бөліп, заманауи трендтермен толықтыру керек. Шын мәнінде балалардың қызығушылығына арналса ғана жасөспірімдердің қуса кетпейтін орталығына айналады. Бұған білім саласының қаржысы ғана емес, демеушілер, кәсіпкерлер қолдауы керек. ХХІ ғасырдың сұранысы, балаларға заманауи дағдылар: арт-дизайн, программалау, графикалық дизайн, робототехника, 3D моделдеу, музыкалы кино мен анимация жасау, цифрлық дағдылар, фото, видеостудиялар, замануи сән өнері, ұлттық өнерді жаңа форматта игеру секілді үйірмелерді көргім келеді, - дейді тәжірибелі педагог.

Светлана Меңдіғалиқызы Арменияның әлемге танымал бола бастаған бренді – балалар мен жасөспірімдерге арналған «TUMO» креативті технология орталығы туралы айтып өтті. Бұл жоба армян ұлтының кәсіпкерлері бас қосып, оқушылардың дамуына демеуші болуынан басталған екен. Сондай-ақ Германиядағы мектепке дейінгі баладан бастап, студенттерге дейін ақыл-ой, ізденіс-зерттеу әрекеттерін дамытатын өте қарапайым құрылғалармен жабдықталған «ExperiMinta» орталығынан да көп нәрсе үйренуге болар еді.

Әрине, білікті маманның пікіріне тиісті орындар, орталық басшылығы көңіл аударар деген ойдамыз. Ең бастысы, қазірдің өзінде құндылықтар өзгеруде – той-томалаққа тиым салынған пандемия кезінің өзінде де жас ұрпақ тәрбиесінен аянатын ештеңе жоғы айқын көрініс тапты. Белгілі ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева айтқандай, той сарайының ой сарайына айналуы – жаңалықтың жаршысы, жаңа істің басшысы болғай!