Аймақтар • 10 Ақпан, 2021

Дүкендерден бірнеше рет ұсақ ұрлық жасаған петропавлдық ұсталды

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан ПД баспасөз қызметінің хабарына қарағанда Петропавлдың 38 жастағы (аты-жөні айтылмаған) бір тұрғыны қаңтар айында ғана үш рет дүкендерден ұсақ ұрлық қылғаны үшін ұсталған. Барлық жағдайда да «екіжақты келісімге келді» деген себеппен ол жазасыз құтылып отырған.

Дүкендерден бірнеше рет ұсақ ұрлық жасаған петропавлдық ұсталды

Жуырда оның кезекті рет дүкеннен ұсақ тауар ұрлап тұрғаны бейнекамераға түсіп, оны дүкен иесі әлеуметтік желілерге шығарған.

Дүкеннің қожайыны өзінің полицияға шағым жасауға қолы тимейтінін айтып, тек ұрлық процесін желіге салып қойған. Ұры жазаланбаса қолы біреудің затын алудан қалмайтыны белгілі. Желі қолданушылары осыны айтып шулап жатқан соң полиция дүкен иесінен арыз жаздырып алған. Сөйтіп, сұғанақтың ісін ҚК «Ұсақ ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуге ілектірген. Егер ол бұл жолы да жазаланбай «екіжақтың келісуі болды» деген себеппен жазадан босатылса ол өзінің ісін жалғастыра берері сөзсіз. Келісім ұрының одан әрі тайраңдай беруіне мүмкіншілік тудырып отыр. Сұғанақты ерегестірмеуді ойлаған дүкен иелері ұсақ ұрлыққа қол сілтеп, «келісімге» келе салады. Сайып келгенде бұл қоғам тәртібінің бұзыла беруіне соқтырады. Ал полиция келісімге келген жәбірленушіні жазғырады. Одан да ұрының бәрін еркінсітіп, дәніктіріп қойған заңның осалдығын айтсашы...