24 Желтоқсан, 2013

Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі: алғашқы адымдар, алдағы асулар

404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2008 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясы құрамында мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі құрылған болатын. Бұл құрылым осы жылдар ішінде өзінің қалыптасу жолдарын бас­тан өткізіп, мемлекеттік қызметкерлердің жоғарғы элиталық топтарын дайындауда сапалы да тиімді еңбек етіп келеді.

2008 жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясы құрамында мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі құрылған болатын. Бұл құрылым осы жылдар ішінде өзінің қалыптасу жолдарын бас­тан өткізіп, мемлекеттік қызметкерлердің жоғарғы элиталық топтарын дайындауда сапалы да тиімді еңбек етіп келеді.  Осы жолдағы басты көрсеткіш мемлекеттік қызметкерлердің стратегиялық деңгейдегі ойлау қабілетін, мемлекетшілдігі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыру болып табылады. Елбасы қойып отырған бұл талаптарды жүзеге асыру барысында мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі әлемдік тәжірибені ұтымды пайдалануда. Әсіресе, Дьюк университетінің Сэнфорд мектебі, Ли Куан Ю атындағы Сингапурдың мемлекеттік саясат мектебі, Лондондық экономика және саяси ғылымдар мектебі, Француздың мемлекетті басқарудың ұлттық мектебі тәжірибелерін оқу үдерісінде қолданудың маңызы зор екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сонымен бірге, ұжым алдында тұрған міндеттерді орындау үшін республика деңгейіндегі мемлекет қайраткерлері, ұлттық компаниялардың, шетел дипломатиялық миссиясының өкілдері, шетелдік және елімізге белгілі ғалымдар тартылуда. Биылғы жылдың өзінде 16 магистрант Дьюк университетінде 3 айлық тәжірибеден өтіп, мемлекет басқарудың қыр-сырын үйреніп, академияға сертификатпен оралды. Олар, мемлекеттік емтихандарын жоғарғы деңгейде тапсырып, магистрлік диссертация­сын қорғау үстінде. Бұл дәстүрдің алдағы жылда да өз жалғасын табатынына академия басшылары сенімді. Ең бастысы, шетелдік тәжірибе магистранттардың диссертациясында бір жүйеге түсіріліп, олардың біліктілігі мен кәсібилігін арттыруға пайдасы тиетіні сөзсіз. Ең бастысы, сөз етіп отырған мектеп өз түлектерін мемлекеттік басқарудың «А» корпусының резервіне ұсына алады.

Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі оқу көкжиегін кеңейте отырып, өз дамуында жаңа белестерді бағындыруда. Қазір «Саясаттану» мамандығы бойынша магистранттарды дайындау қолға алынуда. «Мемлекеттік саясат», «Әлеуметтік саясат» кафедралары бұл істе инновациялық технологияларды пайдалана отырып, бірегей оқу бағдарламасын ұсынуда. Саясатты талдаудағы аналитикалық және практикалық тәсілдер, бюджеттік саясаттың экономикалық астары, мемлекеттік шығындарды талдау, жүйелік реформаларды басқару мәселелері саясаткерлерді дайындаудың жаңа бір белесі болмақшы.

Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінде «Әлеуметтік жұмыс» бағдарламасы бойынша (Doctor in Public Policy) 3 жылдық докторантура да өз жұмысын тиімді жалғастыруда. Оқу бағдарламасының басты ерекшелігі болашақ маманға әлеуметтік жұмыстың негізі болып табылатын этикалық нормалар мен қағидаларды санасына сіңдіру, оны іс-әрекеттің басты өлшемі ретінде қарауға үйрету болып табылады. Бұл жетістіктер негізінде жатқан фактор мемлекеттік басқару саласына кадр дайындауға жүйелі, концептуалды тұрғыдан келу болып табылады. Отандық және шетелдік тәжірибелерді жинақтай отырып, мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру болмақшы.

Қазір мемлекеттік қызметкерлерді арнайы дайындықтан өткізудің маңызы зор. Мемлекеттік қызметкердің білімін үнемі шыңдап, біліктілігін көтеріп отыру бүгінгі күн талабы. Мемлекеттік басқару жүйесінде қабылданатын қандай да болмасын шешім ғылыми негізде жүру қажет. Білімге деген ынтызарлық, құштарлық мемлекеттік қызметкердің бәсекелестік қабілеттілігін арттырып, оның тиімділігін , стратегиялық ойлау жүйесін қалыптастырады. Демек, мемлекеттік басқару мемлекеттік қызметкерден білімділікті, кәсіби шеберлікті, ерекше қабілет пен талантты қажет етеді. Осы талаптарға сай үміткер ғана мемлекеттік басқаруға араласа алады. Бұл Елбасының талабы. Әлеуметтік, сая­си жаңғыртудың негізі де осында. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Басқару академиясы Елбасы қойып отырған осы талаптарды орындау үшін тыңдаушылар мен магистранттарға жоғары талап қоя отырып, олардың кәсібилігін, моральдық-этикалық қасиеттерін шыңдауға да ерекше назар аударуда. Академия ректоры Болатбек Әбдірәсіловтің басқаруымен қабылданған академияның даму концепциясы да осы аталған талаптарды орындауға бағытталған.

 Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі мемлекет қызметкерлерінің жаңа толқынын дайындауда еңбегін еселей түсері сөзсіз. Жаһандану заманында білімі мен адамгершілігі ұштасқан, елін сүйетін шынайы патриоттар мен мемлекетшіл қызметкерлерді дайындау жалпы мемлекеттік міндет екенін академия ұжымы толық сезінеді және оны орындауға асқан жауапкершілікпен қарайды.

Төлеуғали Бөрібаев,

философия ғылымдарының

докторы, «Әлеуметтік саясат» кафедрасының профессоры.

Соңғы жаңалықтар