Елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында журналист, драматург Думан Рамазанның пьесасы негізінде белгілі режиссер Болат Ұзақов сахналаған «Абылай ханның арманы» қойылымы көрермен көзайымына айналды.
Елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында журналист, драматург Думан Рамазанның пьесасы негізінде белгілі режиссер Болат Ұзақов сахналаған «Абылай ханның арманы» қойылымы көрермен көзайымына айналды.
Жас қаламгер мен танымал режиссердің тарихи туындыны таңдауда осымен екінші мәрте жолдары тоғысып отыр. Еске сала кетер болсақ, 2010 жылы шығармашылық дуэттің үндесуімен «Кенесары – Күнімжан» тарихи шығармасы дүниеге келген болатын. Ел іші ала тайдай бүлінген кешегі аласапыран замандардың қатпарында қалып қойған әлі қаншама қазына жатыр десеңші. Тарихтың тереңінен маржан терген сайын бұрын-соңды кезікпеген талай-талай құндылықтың құндағы ашыла түседі. Соның бір белесі алты Алаштың баласының басын қосқан Абылай ханның 300 жылдық құрметіне елордалық театр сахналаған туындыда көрініс табады.
Оқиға Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Мұнда негізінен батыр бабаның қазақ халқын қиын-қыстау кезеңнен алып шығу жолындағы жанқияр батылдығы мен көрегендігі баяндалады. Егер сол уақытта дәл мұндай сарабдал да салиқалы көшбасшы болмағанда, қазақ халқы жоңғарлардың кебін киіп, жер бетінен ұлт ретінде мүлде жойылып кетуі әбден мүмкін еді. Сахналық туынды негізінен Абылайдың көшбасшылық қасиетімен бірге адами болмыс-бітімін, қайраткерлігін, саясаткерлігін, ержүрек батылдығы мен асқан ақыл-ой иесі екендігін ашып көрсетуге көбірек ден қояды. Ел бастаған көсемдігі мен қол бастаған батылдығының арқасында бар қазақтың басын қосып, ел мен жердің тұтастығын сақтап қалған Абылай
заманының мұраты әлі де сол биік күйінде қала бермек. Спектакль осыдан нешеме ғасыр бұрынғы оқиғаға арналғанымен тақырыбы күні бүгінге дейін өте маңызды, себебі, ел бірлігін, ұлт теңдігін насихаттайды. Ал елдік пен бірлікке үндейтін шығарма ешқашан артықтық етпейді. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы көз қарашығындай сақтап келген ұлан-байтақ қазақ даласының азаттығы үшін айқасқан тұлғалар туралы кез келген тарихи туынды біз үшін қымбат та қызықты. Тағы бір айта кетерлігі, тарихи қойылымға театрдың белді де жетекші актерлері түгел қатысты деуге болады. Мысалы, Абылай бейнесін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев сомдаса, Қалдан Серенді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев, Жолбарыс сұлтанды Жәнібек Мұсаев, Топыш сұлуды Ақмарал Танабаева, Қазыбек биді Аманжол Молдахмет, үш жүздің билерін Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Болат Ыбыраев, Асхат Сұлтан, князь Иван Ураковты ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов, Қытай елшісі На-Вангты Дастан Әлімов сомдады.
«Егемен-ақпарат».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.