Қазақстан • 10 Ақпан, 2021

Квазимемлекеттік сектор саласындағы сатып алуларды реттейтін заң жобасы таныстырылды

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуларына қолданылатын бірыңғай заң әзірленетін болады. Мұндай норма бүгін Мәжілісте таныстырылған «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» жаңа заң жобасына енгізілмек.

Квазимемлекеттік сектор саласындағы сатып алуларды реттейтін заң жобасы таныстырылды

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде депутат Альберт Раудың жетекшілігімен аталған заң жобасының (ілеспе түзетулерімен) таныстырылымы өтті.

Депутаттармен қатар бейнеконференция байланысы арқылы өткен отырысқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, парламенттік емес саяси партиялардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері және сарапшылар қатысты.

Заң жобалары бойынша баяндама жасаған Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов қазіргі уақытта квазимемлекеттік секторды сатып алу түрлі нормативтік құқықтық актілермен реттелетінін түсіндірді. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары – «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңмен және Қордың Директорлар кеңесі бекітетін сатып алу ережелерімен жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кірмейтін «Бәйтерек», «ҚазАгро», «Зерде» сияқты ұлттық компаниялардың және басқа да сатып алулар – «Мемлекеттік мүлік туралы» заңмен және Қаржы министрлігінің сатып алу ережелерімен жүзеге асырылады.

Вице-министрдің айтуынша, енді жоғарыда аталған барлық квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары бірыңғай нормативтік құқықтық актімен реттелетін болады.

Мемлекеттік сатып алуларға ұқсас тендерлік құжаттаманы, алдын ала рұқсат беру хаттамасын алдын ала талқылау тетіктері, тендерге қатысушылардың тендерлік құжаттама бекітілгенге дейін өз ескертулерін беру мүмкіндігі, сондай-ақ шағымдану кезеңінде шарт жасасуды тоқтата тұру көзделеді.

Сатып алу ережелері деңгейінде сатып алу процесін егжей-тегжейлі реттейтін нормаларды реттеу ұсынылады. Бұл ретте Самұрық-Қазына қорының сатып алу қағидаларын бекітуді Қордың қарамағында сақтау ұсынылады. Әзірлеуші түсіндіргендей, бұл Қор қызметінің ерекшелігіне және оның мәртебесіне, сондай-ақ IPO жүргізу және жекешелендірудің өзге де нысандары кезінде Қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау қажеттігіне байланысты.

Тұтастай алғанда, заң жобасы базалық ережелерді ғана көздейтін 17 баптан тұрады. Негізгісін іске асыру үшін ілеспе заң жобасы әзірленді, оған Кәсіпкерлік Кодекске және Акционерлік қоғамдар туралы, Мемлекеттік мүлік туралы және Ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңдарға түзетулер енгізіледі.

Тұтастай алғанда, заң жобаларын қабылдау квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларының ашықтығын арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді, деп түсіндірді баяндамашы.

Комитет төрағасы Альберт Рау отырысты қорытындылай келе, депутаттар мен басқа да қатысушылар айтқан ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, заң жобасы Мәжіліс депутаты Абилфас Хамедов бастаған жұмыс тобының отырыстарында қаралатынын жеткізді.