Спорт • 10 Ақпан, 2021

Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын тойлау басталады

1325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін елордадағы Қ. Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат колледжінде қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150-жылдығын тойлауға арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын тойлау басталады

Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алаштың алып тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың мерейтойын Министрлік республикалық деңгейде атап өтуге дайындалып жатқандығын айтты.

– Қажымұқан атамыз – бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, көзі тірісінде аңызға айналған адам. Кей деректерге сенсек, балуан бабамыз күрестің бірнеше түрінен 54 мемлекетте белдесіп, 48 медаль олжалаған. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлы ел есінде бозкілем төріндегі балуандығымен қатар, домбыра шертіп, ән салған сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз ретінде қалған. Батыр бабамыздың 150 жылдығы осы жылы республика көлемінде атап өтіледі. Бүгін әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты салтанатты ашылу рәсімін кең көлемде атап өту мүмкін болмай отыр. Десек те, бұған қарамастан бабамыздың 150 жылдығы лайықты, жоғары деңгейде тойланады деп сеніммен айта аламын. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ұлықтау, мәңгілік есте сақтау мақсатында арнайы республикалық іс-шаралар жоспары дайындалды. Бүгіннен бастап республикамыздың барлық өңірінде түрлі іс-шаралар өткізіледі. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды соған бір кісідей атсалысуға шақырамын», деді Ақтоты Райымқұлова.

Шара аясында белгілі спортшы Сергей Цырульников, Тимур Сыпатаев секілді елімізге танымал зор күш иелері көпшілікке өз өнерлерін көрсетті. Өз кезегінде Сергей Цырульников өткен ғасыр палуандарының мұрасын жаңғырту маңыздылығына тоқталды.

«Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ата-бабаларымыз аманаттап кеткен қасиеттерді сіңіру. Ата-бабамыздың біздерге қалдырып кеткен мұрасын жаңғыртып, соның негізінде жастарды тәрбиелеуге болады. Сонымен қатар елімізде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына баса мән беру маңызды. Сол жерден болашақ чемпиондар шығады. Министрліктің қолдауымен мен де осы бағытты дамытуды жоспарлап отырмын», деді Сергей Цырульников.

Ресми іс-шарадан кейін Ақтоты Райымқұлова Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат колледжінің жұмысымен танысып, білім ордасында тәлім алып жатқан спортшы жастармен тілдесті.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Поль Понс сынды палуандармен күрескен.