Биыл ауданның туристік индустриясының қазіргі жағдайына зерттеу және түгендеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жергілікті бюджеттен 10 млн теңгеден аса қаржы қарастыру жоспарланып отыр.
Сарыағаш ауданына өткен жылы 85 мың турист келген. Туристерге 50-ден астам емдік сауықтыру, балалар шипажайлары, балалар сауықтыру лагері, гольф клубы, 21 қонақ үй қызмет көрсетеді. Былтыр туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 378 млн теңге болатын төрт нысан іске қосылып, 60-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Аудан әкімі Мұхит Отаршиевтің айтуынша, былтыр 22 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылса, ол межені биыл 25 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар ауданда бірқатар жаңа жобаларды іске қосу жоспарланған. Атап айтсақ, жұмыртқа қорабын шығаратын цех пен минералды су құю зауытын іске қосу қарастырылуда. Сондай-ақ 30 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын іске қосып, 3 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар. Бұдан өзге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 25 жобаға қолдау көрсетілмек.