Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы 170/2 абақты басшысының орынбасарлары жазаға тартылды. Бұл туралы Gazeta.kz хабарлады.
«Түрменің қожасы» атанған жазасын өтеушінің бірі абақты бастығының 2 орынбасарымен бірге қылмыстық топ құрған. Олар өңірдегі есірткі айналымын бақылап отырған екен. Одан түскен қыруар ақшаны өзге елдегі қылмыстық топпен бөліскен көрінеді. Әрі абақты бастығының орынбасарлары түрмеге тауар мен ақша өткізуге қол ұшын беріпті. Осы әрекеттеріне байланысты қылмыстық топтың жетекшісі Жәлиев 19 жылға темір торға қамалды. Ал қалған 3 сыбайласы 9 жылдан 17 жылға дейін тар қапаста отыратын болды.
Бізге келіп түскен соңғы ақпаратта аталмыш 170/2 абақты бастығының қызметтен босағаны туралы жазылған. Алдағы уақытта оның әрекетіне қатысты тергеу жүргізіледі.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: Gazeta.kz
Фото: news. nur. kz