Қоғам • 10 Ақпан, 2021

Салықты онлайн төлеу қалай жүзеге асады?

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Енді бұдан былай ел азаматтары салықты онлайн түрде төлеуге мүмкіндік алды. Осы үшін «E-Salyk Azamat» мобильді қосымшасы іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салықты онлайн төлеу қалай жүзеге асады?

Қосымшаны құрумен айналысқан жұмыс тобы 25 миллионнан астам мәліметті өңдеп, 5 миллионнан астам қате ақпараттарды түзеген. Нысан деректерінде қандай да бір қателік болса салық төлеуші мобилді қосымша арқылы тиісті мемлекеттік органға өтініш жолдай алады. Өтінім мәртебесін сол сервис арқылы бақылап отыруға болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, сервис салық төлеушінің уақытын үнемдейді.

«Енді адамдар банкке барып, кезекке тұрып, банк комиссиясын төлеп әуре болмайды. «E-salyq Azamat» салық әмиянында мүлік, жер және көлік салығы бойынша online толықтыруға, автоесептеуге және қарауға болады» деді ол.

Бұрын салық төлеу ақпараты 2-3 күнге созылса, енді банктерден мемлекеттік кірістер комитетінің жүйесіне салық ақпараттары онлайн режимде, 2 минутта түседі.

Қосымшаны пайдалану арқылы салық мәселелері, оның ішінде көлік, жер, мүлік салығына, кадрлық қамтамасыздандыруға, кеден саласына, мемлекеттік қызметке, экспорттық және кедендік бақылауға, оңалту және банкроттыққа, шетелдік қаржыландыру мониторингіне қатысты маңызды сұрақтардың жауабын алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ қосымшаға кіріп біржолғы жиынтық төлемді төлеуге, онлайн брон жасауға, салық берешегіңізді тексеруге болады. Тиісінше, көлік құралы мен жеке табыс салығын және өсімпұлды да есептей аласыз. Ол үшін «Калькуляторлар» бөліміне кіру жеткілікті.

«E-salyq Azamat» мобильді қосымшасын App Store және Play Market-тен жүктеп алуға болады. Қазірдің өзінде қосымшаны 265 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген.