Қоғам • 10 Ақпан, 2021

Белгілі журналист Жұмасейіт Қоғабайұлы өмірден озды

2806 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, КСРО телевизиясы және радиосының үздігі Жұмасейіт Қоғабайұлы Бижан 80-нен асқан шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Белгілі журналист Жұмасейіт Қоғабайұлы өмірден озды

Ол 1940 жылғы 24 ақпанда Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Шұға ауылында туған. 1966 жылы Қарағанды педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын өзінің туған ауылында мұғалім болып бастаған.

Жұртшылық оны белгілі журналист, ұстаз ретінде жақсы біледі. Ол әр жылдары Екібастұз аудандық «Вперед-Алға» газеті редакторының орынбасары, Павлодар облыстық Телерадио компаниясының редакторы, бас редакторы, саяси шолушысы, бас продюсері, төрағаның орынбасары (1979-1997 жылдары), С.Торайғыров атындағы университетіндегі «Білік» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Университеттің аға оқытушысы, Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және инновациялық технологиялар орталығының ғылыми қызметкері ретінде болашақ журналистерді даярлауға үлкен үлес қосты. Бүгінде оның тәлімін алған журналистер республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.

Жұмасейіт Бижанұлы «Замандастар тағылымы», «Ардақты елім – Ақтоғай», «Дала уалаяты» газеті (1888-1902 жылдары), «Ой толқыны:тәжірибелік нұсқаулық» кітаптарының, «Көзқарас», «Дәуір» секілді телерадио бағдарламаларының авторы.

Жұмасейіт Бижан Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Кеңес Одағы теледидар және радиосының үздігі белгісінің иегері. «Құрмет» орденімен (2018), «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, С.Торайғыров атындағы алтын медальмен (2010) марапатталған.