Биік мінбелерден «Орталық Азиядағы теңдессіз жоба арқылы біраз елге өнім өткізіп, планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке әйнек шығарамыз» дегенді естігенде көз алдымызға шытырлап шекара асып бара жатқан шыны, шытырлап қалтаға түсіп жатқан теңге елестегені де әлі ұмытыла қойған жоқ.
Бірақ осынша жалаулатқан жоба басталмай жатып тағы бір кедергіге кезікті. «Бәйтерек» ұлттық компаниясын басқарған уақытта құрылысқа бөлінген қаржыдан ақша қымқырды деген күдікпен Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды. Көп ұзамай Инвестиция және даму министрлігі күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатқанын, бірақ бұл құрылысты жалғастыруға еш кедергі болмайтынын мәлімдеп, шыны зауыты мерзімінде салынып бітетіндігін хабарлаған. Осы аралықта жалақы алмаған жұмысшылардың жанайқайы естіліп, облыста өткен әр жиналыс сайын бір айтылмай қалмайтын зауыт туралы ешкім ауызға да алмайтын болды.
Дау басылғаннан кейін болашақ өндіріс орны жайлы қайта естіле бастаған әңгімеге жергілікті жұрт елең етуді де қойды. Өйтетіндей де бар, 2017 жылдан бері қарай өндіріс орнының қолданысқа берілетіндігі жөнінде уәде берілгенімен, әлі күнге дейін жұрт жылдарға созылған жобаның игілігін көре алмай отыр.
Жуырда облыстық индустрия және инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, журналистер сауалына орай шырғалаңы бітпеген шыны зауыты жайлы да айтып өтті. Жалпы, бұрын реті келсе өндіріс орнын жарнамалағысы келіп тұратындардың көбі қазір бұл туралы айтуға құлықсыз. Басқарма басшысы берген сараң мәліметке қарағанда, дәл қазір құрылыс 70 пайызға біткен. Қажетті қондырғылардың да біразы әкелініп қойылған. Негізі зауытты былтыр ашу жоспарланған екен. Бірақ пандемия кесірінен құрылысқа қажетті шетелдік мамандар Қазақстанға кіре алмай қалған.
Құны 37 млрд теңге болатын жобаның қазіргі бастамашысы қытайлық China Triumph Interntional компаниясы. Құрылтайшы жоба қаржысының 20 пайызын шығарып, қалғанын Қазақстан даму банкінен несие ретінде алады. Өндірістік алаңдағы кәсіпорынға коммуникация тарту үшін республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге қаралған. Бұл қаржыға газ бен су, темір жол желісі, кәріз жүйесі тартылып, жол салынды. Брифингте басқарма басшысы зауыт жайлы, оның өзге құрылтайшылары туралы бұдан артық мәлімет бере алмайтындығын айтты.
– Зауыт құрылысқа қатысты сот процесі де жүрді. Құрылтайшылар да ауысты. Олардың арасында түсінбеушілік те туындаған кездер болды. Қазіргі жоба жетекшілерімен жасалған келісімге сәйкес зауытқа қатысты коммерциялық құпияны сақтау мақсатында көп мәселені ашып айта алмаймыз. Наурыз айында өздері келеді, сол кезде болашақ өндіріс орнындағы жұмыспен толық танысуға болады. Қазір Қытайдан 150-ге жуық маман күтіп отырмыз. Олар пандемияға байланысты өз елдерінде вакцина алып, содан кейін ғана бізге келеді. Жыл аяғына дейін жаңа өндіріс орны қолданысқа беріледі деген ойдамыз. Облыста осыған байланысты Жол картасы да әзірленді, дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар болашақ зауыттың жанынан ілеспе 8 өндіріс орнын салу жоспарланып отыр. Негізгілерінің құрылтайшылары анықталып, олар жұмыс бастауға әзір тұр.
Осыдан жыл бұрын Павлодар өңірінде де дәл осындай зауыт салу жөнінде бастама көтеріліп еді. Тіпті жобаға инвесторлар да іздестіріле бастаған. Брифингте «Қызылордадағы зауыт еліміздегі баламасыз өндіріс орны болады» деген басқарма басшысына осы бастама жайлы да сауал қойдық. Бір қызығы, Ринат Қалдыбекұлы өңірдегі зауытқа бәсекелес кәсіпорын салынуы мүмкін екендігінен хабарсыз болып шықты. Оның айтуынша, тақтайша шыны шығаруда қазір Өзбекстан мен Қырғызстан озып тұр. Қызылордадағы зауыт арқылы еліміздегі сұраныстың 50 пайызын өтеуге болады.
Елімізде шағын шыны зауыттары мен цехтар көп болғанымен табақша әйнек шығаратын кәсіпорын жоқтың қасы. Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан шет мемлекеттерден 12,9 млрд теңгеге әйнек сатып алыпты. Ал қолданысқа берілетін уақыты жыл сайын кейінге сырғып келе жатқан Сырдағы зауыт жүздеген жұмыс орнынан бөлек көп қаржының сыртқа кетуін тоқтатар еді.
Жергілікті билік өкілдері құрылтайшылар биыл зауытты іске қосуға мүдделі екендігін айтты. Әрине бұған бәрекелдіден басқа айтарымыз жоқ, жылдарға созылған жобаның жүзеге асқаны жұрт үшін үлкен қуаныш болар еді. Әйтеуір биыл да «Берместің асы піспес, қазаны оттан түспестің» кері келмесе болғаны...
Қызылорда облысы