Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов жаңғырмалы энергия көздерін дамыту – келешектегі маңызды міндеттердің бірі екенін айтты.
– Қазір Қарағанды облысындағы Саран қаласында, Ақтоғай ауданының Гүлшат ауылында, Шет ауданындағы Ақадыр кентінде, Жезқазғанның жанындағы Кеңгір елді мекенінде жалпы қуаты 200 МВт болатын төрт күн электр стансасы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Абай және Бұқар жырау аудандарында екі биогаз стансасы және Ынтымақ су қоймасында шағын су электр стансасы қуат көзін өндіреді. Облыс бойынша жаңартылған және баламалы энергияның жалпы қуаты 227,97 МВт құрайды, – деген мәлімет берді ол.
Қазіргі таңда шетелдік және отандық инвесторлар «жасыл» энергетиканы дамытуға мүдделі. Мысалы, жоғарыда айтылған төрт күн стансасы жобасына инвесторлар 102 млрд теңге қаржы салған. Соған қарағанда бұл жобалар инвестор үшін экономикалық жағынан қайтарымы аса тиімді шаруа болса керек.
Алдағы уақытта облыста жаңғырмалы энергия көздерінің қуатын арттыру бойынша ауқымды жоспар қарастырылған. Мысалы, Балқаш қаласының маңындағы Қоңырат елді мекеніне жақын жерде қуаты 100 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы биыл аяқталып, іске қосылады деген болжам бар.
Сондай-ақ Саран қаласында тағы бір баламалы энергия көзін өндіретін нысан салынбақшы. Бұл – қуаты 100 МВт және одан жоғары жинақтауыштары бар гибридті күн электр стансасының жобасын чех инвесторы жүзеге асыруды жоспарлаған. Айта кететін бір жайт, жергілікті атқарушы биліктің шетелдік инвесторларға құшағы ашық. Мысалы, Сарандағы жоба үшін күн электр стансасын салуға 18 га жер телімі бөлінген.