Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында сиреп бара жатқан маралды өсіру қолға алынды. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Былтыр «Ақтоғай мал өнімдері» шаруашылығының басшысы Ержан Қыдырберлин еліміздің шығыс өңірінен маралдың 23 аналығын жеткізіп, қорыққа жіберген екен. Жыл ішінде оның саны 35-ке жетіпті. Келешекте түз тағысы санын онан әрі көбейтуді мақсат тұтып отыр. Жалпы, дүние жүзінде марал өсіру бойынша Жаңа Зеландия алдыңғы орында тұр. Одан кейін осы істі жүйелі жолға қойған Қытай, Канада, Ресей, Корей елдерін атап өтуге болады. «Маралдарды 3-4 жылдан кейін өз еріктеріне жібереміз. Білуімізше, марал мүйізінен алынатын «панта» осыдан үш мың жыл бұрын тибеттік медицинада кеңінен қолданылған екен. Қазір де ол үлкен сұранысқа ие»,-дейді «Ақтоғай мал өнімдері» шаруашылығының басшысы Ержан Қыдырберлин.
Шаруашылық басшысы марал өсіруде оның халық үшін қажеттілігіне баса мән берді. Өйткені, марал мүйізінен алынатын «панта» жүрек-қан тамырлары ауруына, ісік жараларына және басқа да сырқаттарға мың да бір ем екен. Осы тұста шаруашылықтың жылқы өсірумен де шұғылданатынын атап өткіміз келеді. Жылқыларды шаруашылық басшысы Италия, Германия елінен алдырған.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «24 kz»
Фото: Priroda sibirl.ru