Әдебиет • 11 Ақпан, 2021

Жүрсін-жыр

491 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ әдебиетінің көшін бас­тап жүрген қаламгерлердің арасынан оза шауып, есімі елге кеңінен танылған ақын Жүрсін Ерман. Ол қырық жылдан бері қазақтың ұлттық өнері айтысты қайта жаңғыртып, қатарға қосқан қайраткер. Заманында ұлы даланы дүбірлетіп, сайын сақараның салтанаты – думанды сауық-сайраны болған өнер өлімшінің күнін кешіп жатқанда, нар тәуекелмен іске кіріскен Жүрсін еді. Осынау тәуелсіздік қарсаңында қалың ұйқыдағы қазақтың намысын оятып, жігерін жануға ұйытқы болған айтысты ұйымдастыру оңайға соқпағаны белгілі. Ел аралап, ойы жүйрік, сөзі дәмді, табан астында тапқырлық танытып, жеті жұрттың көкейіндегісін тап басып, айызын қандыратын парасатты пайымы, ұлттық, әлеуметтік маңызды мәселелерді қозғай алатын білімі мен білгірлігі сабақтасқан, шығарып салма ақындық қабілеті бар кісілерді табанын тоздырып іздеп, айтыс өткізетін орынды, оған қатысушылардың жолақысы, пәтерақысы, тамағы және бәйгеге берілетін сыйақыны – яғни қажетті қыруар қаржыны табу әрине қиын шаруа еді. Осы еңбегі оның атақ-даңқын, беделін бел асырып, барша қазақтың қадірлі азаматына айналдырды.

Жүрсін-жыр

Рас, айтыс ұйымдастырудың алашап­қын шаруасынан қолы босамай, әуел баста көкірегіне қонған ақындық асыл қасие­тінен айырылып қала жаздағандай келеңсіз кездер де болған. Баспасөзде өлеңдері жарияланбай немесе баспадан кітаптары жарыққа шықпаған соң, оның шырқай көтерілген шығармашылығынан жақсы хабардар ақын ағалары мен жанашыр оқырмандары алаңдай бастаған. Жоқ, әсте олай емес екен. Бертін келе шабытына қамшы басқан қайран ақын ағыл-тегіл тебіреністі, тегеурінді, текті өлеңдерін жаудырып жіберді дейсің!

Сөйтіп Алла берген ақындық жолын жалғастырған Жүрсіннің бағы жанып, бақыт қонды басына. Сырлы да сыншыл, өмір шындығын өнер шын­дығына айналдырып, көркемдігі келісті, ақыл-ойы өрісті өлеңдерімен зиялы қа­зақ­тың жүрегіне жол тапты. Қазақ жы­рының өрен жүйрігі бауырын жазып, ар­ғымақтай арындай шауып, шашасына шаң жұқтырмай, бәйгенің алдын бермей, бүгінгі мерейлі күніне сәтті жеткені бәрі­міздің ортақ қуанышымыз.

Сонымен, атамұра аламан айтыс­ты атқа қондырып, төрге оздырып, елі­нің сый-құрметіне бөленген Жүрсін Ерман­ның атағын алты қырдан асырған ақын­дық жолына ой жүгіртіп, сыр-сипатына азды-кем тоқтала кетуді мақсат еттім.

Жүрсіннің ақындық қырынан даралайтын қандай ерекшеліктері бар екен?! Менің бағалауымша, ол қазақ тілінің қай­мағын қалқып, иін қандырып, иірім-қайырымының оңтайын келтіріп, сөзді ойната, түрленте білетін алғыр ақын. Кө­кірегі көркем ойдың, маржан тілдің қазы­налы қоймасы. Бір сөзі екіншісіне сәу­лесін шашып, нұрландырып тұратын қазақ сөзінің қасиетін жетік меңгерген мар­ғасқа ақын. Оның адамның жан сарайын­дағы ой-сезімін өлеңге айналдыруы бойындағы осы тіл байлығы мен ой тереңдігінің арқасы. Жүрсіннің ақын­дық шеберлігін айрықша айғақтап тұр­ған таңдайына ұя салған өлеңдерінің көркем ой, парасатты пікір, шұрайлы тіл, тағылымды түйін, мөлдір сезім сынды қасиеттері. Өлең-жырға соныдан сүрлеу, тыңнан түрен салған тарлан ақын­ның сөздерін жүрегіңмен сезінесің, жа­ныңмен түсінесің.

Өмірді ойлы көзбен танып, сырлы сөзбен кестелеген кемел ақынның әр өлеңін жүрегіңнен өткізе оқысаң ғана түйсігің мен танымыңның қырық қат­парлы екендігін айғақтайтын мына бір өлең элегиясын оқып көрейікші. Қа­сым үйінің қиратылып жатқанын көріп, тап өзінің қабырғасын сөгіп, кеу­десін бұзып жатқандай сезініп, жаны күйген Жүрсіннің көңіл күйіне бәрі­мізде қосыла күйінеміз. Атақты ақын­ның қара шаңырағын сақтап, Қа­сым­ның көзіндей көріп жүретін мұра­жайына айналдырса қайтер еді. Жер жетпегендей, сонша тарылу қажет пе еді, ағайын?! Бұл жерде ұрпаққа мұра қа­ра шаңырақты кие тұтатын, ошағының отын өшірмейтін қазақтың ата салтының аяқас­ты болғаны да ойға түседі. Ал «қиратып жатыр Қасымның үйін, біздің үй соның іргесінде еді...» деп аяқталатын өзегіңді өртейтін өлеңнің түйіні де екінші бір ойдың ұштығын шығарып тұр. Осы арқылы ақын ұлтының жақсы-жайсаңдарын ұлықтап, қадіріне жетпей, елеусіз, ескерусіз қалдыра берсек қайтып өрелі, өркениетті ел боламыз, ойланайықшы деген пікірін ортаға тас­тап отыр. Ертеңін ойлаған егемен елдің қаперінде болатын әңгіме емес пе, бұл?!

Ал уақыт тынысын тап басып танытатын мына бір өлең жолдарына назар салайықшы:

...Нарық дегенің

Тұзақ-көгенін

Ілді мойынға,

Ілбіп келемін.

...Үміт сөнбейді,

Ісім өнбейді

Қажып жүрсем де

Өлгім келмейді!

...Көптің бірімін,

Әзір тірімін...

Мініс аттаймын,

Желем, шаппаймын.

Көрге кіргенше

Тыным таппаймын!

Нарықтың қанша қыспағына түсіп, қажыса да, қиналса да қарекет жасап, ал­дағы күндердің жақсылығынан күдер үзбеген замандастың ой-санасы, көңіл күйі осындай екені өтірік пе?!

Өлең кейіпкерлерінің – жақындарына сүрінгенде сүйеу, шаршағанда демеу болсам деген ізгі ниетін, алайда оның орындалуының орайы келмей жүргеніне қиналған ақпейіл, қайырымды кісінің бейнесіне қалай сүйсінбейсің:

...Бір жақсылық жасайын деп ойласам,

Келмей қойды, құдай-ау мүмкіндігім.

...Ықыласым болғанмен мың адамдық

Шарапаты тимеді-ау бір адамға!

...Аппақ-аппақ арманым ұрланды мың,

Адамдар-ай! Болар ем құрбандығың...

Қалай ғана сездірем өздеріңе

Жүрегімнің елжіреп тұрғандығын!

Бар арманы адамдарға қайырымдылық жасау болған өлең кейіпкерінің кісілік келбетіне, ақ пейіліне, бермесе де ри­за болмасқа не шара?! Шіркін, жер бетін басқан пенделердің бәрі осындай періш­телік мінез танытса ғой, әттең...

Жүрсіннің жан сарайын айқара ашып, мұң-сырымен жеті жұртпен бө­лі­­сіп ақтарылуының аржағында өт­кен өмі­рін, балалық шағын аңсап, есіне тү­сіре отырып, толғануы да тегін емес. Құ­лын күйінде еркелеп, еркін өс­кен қыр баласы есейіп, егде жасқа тол­ғанда өт­­кен өмір белестерін ойша шолып, жүрегі сыздап, мұңға батады. Ол тай­ғақ өмір сапарында талай тайып жы­ғыл­­ған, киік-тағдыры қарауылға мың ілін­ген, сонда да бүгілмеген, қиын­дық­қа берілмеген қайсар адам. Әттең бұрын­­ғының көзіндей көшелі қарттық сырын сұрайтын тірі жан жоқ. Әке мен баланың, жасамыстар мен жас ұрпақтың арасында болатын рухани байланыстың үзіле бастағаны уайым. Атамекені – Құлжанбай құмының жұртына барғанда ақын өзегін өртеген өкініш өлеңінде осылай өрілген екен. Ой салатын, жан ауыртатын өмір жырының үзігі деп қабылдау қажет...

Өлең кейіпкерінің тағы бір тағылым­ды естелігі мына ойда түйінделіпті:

...Шал қайда – күрең атты

борбайла­ған?

Ел қайда – сырма айдаған,

арба айдаған?

Есіңе бүгін ғана бәрі түсіп,

Несіне күрсінесің, сорқайнаған!

...Ұяға болушы еді торғай да алаң...

Кешегі алтын бесік қазақ ауылының өлеңге көшкен тіршілігінің суреті. Иә, сол ғана ма?! Жоқ, әсте олай емес. Ақын ескі ауылды есіне түсіре отырып, оның орны – жұрты жойылып бара жатқанына алаң. Ол ойы мен сезімі өлеңнің мына бір-ақ жолына сыйып тұр:

...Ұяға болушы еді торғай да алаң...

Туған жерін, киелі топырағын – ұя­сын адам түгіл торғай да шыр-пыр болып қор­ғайды ғой. Ал бізге не жоқ? Ауылдан қа­шып, қала жағалап кеткен ұл-қыздарға ар­нал­ған құлаққағысқа мән бермеу жөн бе? Ойланып көріңіз. Бәлкім бір оңтайлы байлам жасарсыз...

Шартарапты шарлаған ақын көңілі­нің аптығы алып-ұшқан кездеріне куә болатын жыр шумақтарындағы жібек­тей ширатылған алғаусыз сырының сыңғы­рын тыңдайық:

...Кештерім өлді нешеме

 Дуылды ресторандарда

...Өтті екен қанша уақытым,

 Көсемсіп теледидардан?

...Ит мініп, ирек қамшылап,

 Өмірім өтіп жатқандай!

...Не пайда елеңдегенмен

 Ұзап бір кетпен достарға.

...Қайтарам қалай өлеңге

 Зая бір кеткен жылдарым?!

Бұл өлең Жүрсіннің өмірін айтысқа арнап, өз ақындық жолынан адасып қала жаздаған кездегі көңіл күйі, алаңы мен арзуы. Өзін өзі оятып, қамшылауы. Сондай-ақ құрбылас ақындардың көп жазып, көпшілікке танылып, өзінің артта қалғанын іштей мойындаған өкі­ніші. Дегенмен, бұл өлеңнің тағы бір та­ғылымды тұсы бар. Жалғыз ақын­­дар емес, жалпақ жұрттың алтын уақытын елтең-селтеңге салынып, босқа өткізуі ертең орны толмас өкі­ніш­­ке айналарын да еске салып тұр деп тү­сі­нейік.

Мен білетін ақын Жүрсіннің төңі­регіне үңіле қарап, табиғатпен тілдесіп, сырласа кететін кездері көп. Айталық, «Ырғай жыры» өлеңінде жел тербеген ырғайдың ызыңы зымырандай зулаған уақыттың ғұмырыңды қысқартып, қызы­ғыңды ұрлайтынын, баяны жоқ жас дәу­реннің басыңда көп тұрмайтынын есіңе салып тұрғанын іштей сезінген нәзік сезімді адамның жаратылысын жайып салып тұр емес пе?!

Жалпы, Жүрсіннің лирикалық өлең­дері ойлылығымен, сыршылдығымен бау­рап алып, көкейіңе қона кететін қасие­тімен қымбат. Өлең кейіпкерлерінің ақи­­қатты айтпаса жаны тыншымайтын, әділет­­сіздік көрсе қарадай күйіп, ойын бүк­­­песіз бетіне басып, жұртқа жақпай қа­­ла­­ты­нына қынжылатынын, әйтседе жа­­нын шырылдатқан шындықтың оба­лына қал­­ғысы келмейтін турашыл міне­зіне сүй­сі­несің.

Ақынның айрықша атап өтетін өзге­шелігі, ой бөлісудің, пікір пайымдап, тақырыпты тарқатудың жаңаша жолына өзіндік сүрлеу салған ізденісі мен тапқырлығы. Заман мен қоғамның әзірге көшін түзеп, межелі жеріне жетпегенін, қазір­­гі әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­дың жұртшылықтың тұрмыс-тір­шілігін жү­детіп жібергенін айтып Абай­ға мұңын шақ­қан ақын:

...Ағайын да қатыбас – сол қалпында,

Азамат жоқ Алашқа болар тұлға.

Ешкіемердей еліңді теспей сорған

Алаяқтың қалтасы толды алтынға.

...Қам жеген боп ел үшін,

Шекпен үшін, шен үшін

Сатуға әзір баршасын.

...Таусылады амалың,

Ойлап сор мен азабын:

Өзгергенмен заманың,

Өзгерген жоқ қазағың!

Абай заманы мен адамының әлі күн­ге баяғы қалпында екенін айту ар­қы­­лы ақын халықтың бүгінгі қиын жағ­­дайын төкпелей тізіп шықса да, ел ер­­теңінің межелі мақсатқа жетеріне сені­мін жоғалтқан емес. Айтылған кем­шіліктерден құтылсақ болды, өміріміз өзгеріп, құтты қоғамда ғұмыр кешеріміз хақ. Ақынның түйінді ойы осындай. Осы жерде өлең өнер үшін емес, өмір үшін жа­зылатынын айта кету парыз. Басқасын былай қойғанда, көңіл күй лирикасының өзі де, қарақан басының сырын ақтара оты­­рып та, жер бетін басып жүрген әр адам­ның ой-мақсатын, арман-аңсарын, жан сарайының кілтін тауып, жұмбағын ашып көрсетсе ғана рухани қазына санатына қосылмақшы. Ал Жүрсін тап осындай талант.

Ұлтымыздың ұясы болған Ұлытауды тіліне тиек ете отырып жыр толғаған арын­­­ды ақынның сыры терең. Қазақтың та­лай жайсаңдарын ақ киізге орап хан көтерген киелі мекеннің бұл күнде шы­райы қашып, ұмыт қалғаны, оқ боп жауған орыстың зымыранынан жа­па шегіп, арқар ауып, ұлар ұшып кет­кенін, ішік тіктіріп киетін қасқыр да қал­мағанына, жұрт енді даланың сәні киік­пен алысып жүргенін жаны жылап өлеңге көшірген Жүрсіннің салмақты сөзіне ел азаматтарының намысы оянып, биліктің де көңіл аңғарғаны аян. Әуелі, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев арнайы барып, сөз сөйлегені, бүгінгі ел бас­шысы Қ.Тоқаевтың Ұлытауға ат басын тіреп, осы өңірді ұлт тарихының тірі шежіресіне айналдырудың игі шара­ларын белгілеп бергені белгілі. Ең сүй­сінерлігі сол тапсырмалар жүзеге асуда. Ақынның ағынан жарыла:

...Ұлытауым,Ұлығым,

Ұлтым менің,

Ұран ілер басыңа бұлт ілмегін.

Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,

Бауыры бүтін бар деймісің

бұл күн­де кім,

Ұлытауым,Ұлығым,Ұлтым менің! – деп тебірене төкпелеп, емірене, екілене сақи дауысымен қуатты, қылыштай тіліп тү­сетін сөздерін жыр жолдарына түзуі сон­дай жарасып тұр-ақ қой!..

Ғашық болудың, әйелді әспеттеп, қадірлеудің өзгеше өнегесін өлеңдерінде келістіре кестелеп, сүйіспеншілік сынды сезімнің сырын тек өзінше сипаттаған Жүрсіннің екі өлеңіне назар салайық. Өзегі өртеніп, өліп-өшкен сүйіспеншілік сезімін әдепкі «күйдім-сүйдімнің» әлау­лайына салмай, басқаша бағамдаған ақын­ның ақтарыла шерткен шындығына сүй­сінесің. Махаббатсыз қара шаңы­рағыңның шырайы кірмейтінін, әйелді самалдай ескен жырымен, басқа ешкім айта алмайтын сұңғыла сөзімен жеріне жеткізе, өзекжарды өлеңдерімен Жүр­сіндей өрнектеген ақындар бар болса да, көп емес. Жүрсін асыл жарын оны бейне ба­ласының тұңғышындай көріп, жұмсақ сүлгісі анасындай бетін аймалайтын, сөйткен сүйіктісіне жақсы көрем деген сөзін айтуды ұмытқанына өкініп:

...Жүр-ау деп бәрін іштей өзі біліп,

Қалдыра жаздаппын-ау сезімді ұмыт.

Қажетсіз бұл не деген қатігездік,

Жөні жоқ бұл не деген төзімділік? –деп өзін сырттай сыбап алады да, кесімді шешімін айтып, келіншегінен кешірім сұрайтын сыңайлы.

...Қамықпа самайыңа қонса күміс,

Лапылдап жүр менде әлі сол сағы­ныш.

Кеудені кернеп тұрған сөзді айтпа­ған,

Тілімді кесу керек – болса қылыш!

Жан жарын жанындай жақсы көретін адамның, сол сүйіп қосылған аруын­ ара­да қаншама жылдар өтсе де сезі­мі суымай ардақтайтынын және оның бас­­­қаларға да үл­гі-өнеге болуын қалап, жү­­регі жарыла жазған ақын­ның – (өлең кейіпкерінің десе де бол­ғандай) жа­нының тазалығына, ғұ­мыр­лық сері­гі­не ғашықтығына бас иесің. Бәрі­мізге жет­пей жүрген, бәріміз бағалай ал­май жүрген адами асыл қасиетке бой ал­дыр­сақ бір Алланың алдындағы парызымыз өтелер еді...

Ақынның «Әйелге одасында» мейлі қай жерде, қай елде ғұмыр сүрседе әйел­­ден қымбат ешкім жоқтығын, оған сүй­кімді болмай сүйікті болмайтыныңды, әйел­дің тілін таппасаң халқыңа сыйлы, басыңа бақ қонбасын, ол назаланса жазалы күй кешеріңді термелей тізіп, қадыр-қасиетін айтуға асық. Оданың түпкі ойы мына бір өлең тармақтарында тарата айтылған-ақ:

...Әйелден ыстық от бар ма?

Сол үшін түстік көкпарға.

...Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін – сол шебер.

...Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

Қазақтың ару қыздарын ардақтап, керімсал келіншектерін аялап, әйелдерін әспет­теп, әжелерін көкке көтеріп, жалпы әйел-ананың ұлт тәрбиесінің ұйтқысы екен­дігін өлеңдерінде өрнектеп, кел­бет­теріне ескерткіш орнатып, жырмен мү­сін­деген ақындар баршылық. Әйтсе де Жүр­сіннің орны бір бөлек – ерекше сурет­­теуімен бағасын асырып тұр. Осы жерде өлең кейіпкерінің өзіне өзі сұ­рақ қойып, анасын қалай құрметтегенін сұрай­тыны бар:

...Құдықтан су әкеле жатқанында,

Алып пе ең иығындағы иінағашын?

...Қолына су құйып па едің құрақ ұшып,

Кебісін салып па едің киінгенде?

...Аңдап па ең ана белі иілгенін,

Ойлап па ең жүдеу-жадау киінгенін?

...Малып па ең екі қолын жылы суға,

Алып па ең дұрыс келін білетін бап.

Көзінің тірісінде қадіріне жете алма­саң көкірегің күйінсін, жыла-сық­та, әйт­седе көзіңе құм құйылсын деп кекті де тек­ті сөзбен үкімін шы­ғар­ған ақын­ның ақыр­ғы сөзін қалай құп көр­мессіз?!

Ел бостандығына қол жеткен әлгі елең-алаң кездері ұлт құндылықтары ұмы­­тылып, тәуелсіздік жолында жан­қияр­­лық ерліктерімен даңқы шыққан батыр­ларымыз, көшелі би, көсем хандарымыз, бекзат бабаларымыз аттары атал­май, кеңес заманындағыдай тарих көмбесінде қалғанына қабырғасы қайы­сып жыр толғағандардың бірегейі де Жүрсін ақын еді.

 ...Орыстардың тілін тапқан Абылай,

 Қытайдың да жынын қаққан Абылай.

 Өлгеніңде түспеп едің тұғырдан,

 Құлап жатсың бүгін тақтан Абылай.

 Ақиқаттан адаспаған Абылай,

 Болсын иман жолдас саған Абылай.

 Хан сарайда құс жастықты

жас­тан­бай

 Ту көтеріп,қол бастаған Абылай.

 ...Тарқамайды жан – бисіз, дау – елсіз,

 Ән де әдемі айтылмайды әуенсіз.

 Абылай хан,айбарыңды ұмытсақ,

 Қайтып толық ел боламыз тәуелсіз?!

Аңсаған азаттығымыз үшін бүгін­гі ұр­пақ – біз үшін тәуекел етіп тәуелсіз­ді­гі­міз үшін күрескен баяғы ата-бабалары­мыздың, Алаш азаматтарының аруағын тіріл­тіп, ұлтымыздың рухын оятатын ұра­нына айналдыруды көздеген Жүрсін ақын­ның өлең-толғаулары да түйінді де тағылымды тәмсілдерімен айыз қанды­рып, айрықша айбынын асырып тұр.

Айта берсем, әңгімем әсте аяқталар емес. Жаны жырдан жаратылған Жүрсін ақынның Есілдей есілген, Сарыарқадай көсілген өлең-жырлары жөнінде шамам мен тілім жеткенше шақтап болса да ой-пікірлерімді баяндап бердім. Ал ең дұрысы, оңаша отырып, кітаптарын оқырмандар өздері оқыса, жандары жадырап, ләззат алып, рахат сезіміне шо­мылар еді. Шұрайлы тілі шуақ шаш­қан, ұйқастары қорғасындай құйыл­ған, идеясы иманды, түйіні тәлім­ді, оқа­лы өлеңдер өрнектеп, жан-жүре­гіміз­ді жылытып, жабықсақ жадыратып, қамықсақ қуантып, шаттансақ шал­қытып, өмір-тіршілікке ғашық еткен ға­жап ғазалдарымен көңілімізді күн­дей жайнатып, гүлдей үлбіретіп жыр қа­шаған Жүрсін ақынның көзін кө­ріп, өле­ңін оқып, қатар ғұмыр сүріп жатқа­ны­­мыздың өзі біле-білсек бақытты шақ қой.

 

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,

сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты