Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Елсізде қалған ескерткіштер

210 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өтпелі кезеңнің өкпек желі талай шағын ауылдардың шаңырағын шайқап кетті. 2019 жылы ғана сегіз ауыл жабылыпты. Соңғы отыз жылда ондаған елді мекеннің жұрты ғана қалды. Осы ауылдардың бәрінде Ұлы Отан соғысында опат болған майдангерлерге қойылған обелискілер бар. Қазір сол обелискілер жел мен күнге тозып, сыры өшіп қалқайып тұр. 

Елсізде қалған ескерткіштер

Бұрнағы жылы ел ағасы Болат Көшім­­баевтың қолқалауымен ақсақал­дың туған жері Зеренді ауданына қарасты Жаңатуған ауылына ат ізін салған едік. Көркі көз сүйсіндіретін Үлкен Түктінің етегіндегі ауылдың жай­раған жұрты ғана жатыр. Бір кез­де осы бір құнарлы топырақты ме­кен­деген бір қауым елдің күн кеш­ке­нін айғақтайтын көне жұрт қана. Оң қапталың мен сол қапталыңда қабыр­ға­сы ырсиған, мұржасы сорайған, қи­ра­ған үйлердің үйіндісі. Бұзылудан аман қалғаны ауыл ортасындағы Екінші дүние­жүзілік соғыста опат болған жа­уынгерлердің есімдері жазылған ес­керт­­кіш қана екен. Көптен адам аяғы ба­сып, қамқор қолы тимеген соң ескерт­кіш­тің маңайын қаулап өскен арам­шөп қап­тап кетіпті. Кісі бойындай алабота, түйе­жапырақ, ошаған. Жолау­шы­ның қолында құрал-сайман қай­дан бол­сын, жанталасып бәкімен кесіп, қол­мен жұлып тазалаған болдық. Ес­керт­­кіштің қоршауына сүйеніп тұр­ған ақсақалдың жанары жасаураған.

– Заманында қырық үйлі Жаңатуған атан­­ған шоқ жұлдыздай шағын ғана ауыл еді, – деген Болат Ахметжанұлы, – ті­герге тұяқ қалмаған ақсүйек ашар­шы­­лықтан аман өткен, алапат соғыс ке­­зі­нде еркек кіндіктінің бәрін көген­де­­­гендей тізіп қан майданға аттан­дыр­ған­да, «орнында бар оңалар» демек­ші, уы­ғы сөгілгенімен, шаңырағы шай­қал­­маған. Енді, міне, жұрты ғана жатыр. Ата жұртқа ел адамдары 9 мамыр мере­кесінде, ораза айтта ат ізін салса салар, басқа уақытта боздақтардың есім­дері жазылған қасиетті ескерткіш же­тім­сіреп тұрғандығы анық. Осы қы­рық үйден майданға 46 жауынгер ат­танған. Оның 29-ы Отан үшін от кешкен ұрыс даласында опат болды, 17-сі аман-есен елге оралды, топырақ туған жерден бұйырды. Кейінгі ұрпақ жазықсыздан жазықсыз шейіт болған, ел қорғаған ерлерді ұмытпауы тиіс. Сон­дықтан көшкен елдің жұртында қал­ған, қайран да қайран аталарымыз бен ағаларымыздың ардақты есімдері жа­зылған ескерткіштерді жапан түзде жал­ғызсыратып, жетімсіретіп тастап кету­ге болмас.

Жаңатуған жалғыз емес, табиғаты та­мылжыған Зеренді ауданының Кіші Түк­т­інің ит тұмсығы өтпейтін қалың орма­нының етегін баса ірге тепкен Крупская, Қызылқайнар, Қарабұлақ ауыл­дарында екі-үштен ғана отбасы түтін түтетіп отыр екен. Олар да сәтін сал­ған күні ірге көтеруі әбден мүмкін. Сонда ол ауылдардың да қотанындағы ескерт­кіштер иесіз қалмақ. Облыста мұндай ондаған ауыл бар. Ендігі іс – көптен бері көп көңілінен қағыс қалған иманды шаруаны қолға алу. Мәселен, жұртта қалған ескерткіштердегі жауынмен өшіп кеткен тізімдерді қайта жаңғыртып, түгендеп, аудан немесе селолық округтердің орталықтарына көшірсе. Әйтпесе, бүгінгі күннің сұра­нысына толық жауап беретін жаңа­сын салсақ. Қазір небір сапалы құ­рылыс материалдары жеткілікті. Ке­ше­гі Кеңес заманында мұндай обелиск белгілер қаңылтырмен қапталды, жа­уын­­герлердің тізімі көп жерде сыр­мен жазылды. Арада бірталай уақыт өт­кен соң қанша сапалы болса да, жазу өше бастады. Сырлы жазу көз­ден өшкенімен, Отан үшін от кешкен ерлердің есімдері көңілден өшпеуі керек. Бұл ең алдымен ет жүрегі елім деп соққан есіл ерлердің аруағына деген кісілік, кішілік, перзенттік парыз болса, екінші жағынан халық көретін, жас ұрпақ патриоттық тәлім-тәрбие алатын өміршең өнеге.

– Шынында да бұл ескерілмеген шаруа екен. Қан майданда опат болған есіл ерлердің мәйіті майдан даласында қалды. Енді қасиетті есімдері көшкен елдің жұртында уақыт табынан тозған обелискілерде тұр, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, – егер барлығын жинап ел ішінде қайта орнатсақ, үлкен тәрбиелік мәні бар жұмыс болар еді. Меніңше, мұның ешқандай қиындығы жоқ. Сол ауылдардың азаматтары бар ғой. Қай қиырда жүрсе де елдің ерлеріне қа­тыс­ты иманды шаруаға қолұшын береді деп ойлаймын.

Былтыр Жеңіс мерекесі қарсаңында Біржан сал ауданындағы Сәуле ауы­лында дәл осындай адамгершілік не­гіз­дерге бағытталған оңды оқиға орын алды. Іргесі берік, болашағы бар ауылға жанындағы көшіп кеткен Қойтас ауы­лын­дағы ескерткішті әкеліп орнатты. Қазір жаңаша кейіптелген, жана­шыр­­лықпен жаңғыртылған ескерткіш сәуле­лік­тердің ғана емес, төңіректегі тәмам елге тәуір мысал болып, еңсесі биік қал­пымен өткеннің өнегелі ісін еске са­лып тұр.

– Бұл арада елмен ақылдасып алған дұрыс болар еді, – дейді Көкшетау қала­лық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – бәлкім көшкен елдің жұр­тында қалған обелискілерді сол елдегі қорымның жанына орнат­қа­ны­мыз жөн болар ма еді, әй­те­уір, кеуде­сі­нде жаны бар мұсылман қауым ата-бабаларының басына Құран оқытуға келеді ғой. Әлде бәрін жинап, аудан орталығындағы көрнекті жерге тұтас бір аллея салуға болар ма екен? Қалай болған күнде де ескерусіз тастауға болмайды. Қазір қалталы азаматтар ел шаруасына белсене араласып жүр ғой. Мысалы, осы Зеренді ауданына қарасты біздің Баратай ауылында белгілі кәсіпкер Асқар Әлиев көп жерде кездесе бермейтін тамаша ескерткіш салып берді. Майдангерлердің бүгінгі ұрпақтары кәсіпкердің осы бір ісіне әбден разы. Ескерткішпен бірге ауыл­дағы қорымды да мал аяғы баспайтындай етіп тап-тұйнақтай етіп қоршады. Бұл қолынан іс келетін әр адамның аза­маттық, адамгершілік парызы. Міне, осындай өнегелі істерді көрген, елге жаны ашитын, жақсылыққа ынты­зар әрбір азамат туған жерінің топы­ра­ғындағы жалпақ жұрт қасиетті санай­тын іске қолғабысын тигізсе, дәл бүгін­гі­дей барымызды шашып, жо­ғал­тып жүрмес едік.

Ен далада иесіз қалған көне обе­лис­кілер самал жел соққан сайын күңі­ре­не­тін тәрізді. Бәлкім, кейінгі ұрпақтың елеу­сіз тастағанына, ескермегеніне наза­лана ма екен?! Көктем келіп, жер аяғы кеңіген соң төрт көзіміз түгел ақыл­­­­дасып, осы бір шетін шаруаның қиюын келтірсек. Сонда ел де еңселі, ел үшін жанын қиған ерлердің де аруағы разы.

 

Ақмола облысы