Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Құс санағы: Қоқиқаздар қайда кетті?

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның негізгі орнито­логиялық аумақтарының бірі Қаракөл көлінде 55-нші Inter­national Waterbird Census (IWC) Халықаралық суда жүзетін және су маңайы құстары­ның қыс­қы санағы жүргізілді.

Құс санағы: Қоқиқаздар қайда кетті?

 

Жас «бёдвочерлермен» (құс­тар­ды бақылаушы) бірге об­лыс­тық та­биғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының, Маң­ғыс­тау облы­сы бойынша экология де­пар­та­ментінің, Үстірт мем­ле­­кеттік та­биғи қорығының, «Та­би­­ғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңір­лік ас­социациясы мен «Ecojer» қазақстандық эколо­гия­лық ай­мақ­тық бастамалар қауым­дас­ты­ғы Өңірлік кеңесінің өкіл­дері атса­лысты.

Іс-шараны ұйымдастырушы Орта­лық Азия Рамсар өңірлік бастамасы (ОА-РӨБ) үйлестіру комитетінің мүшесі, «Қаракөл сақшылары» ерік­тілер экопатруль жасағының же­текшісі Әділбек Қозыбақовтың ай­туын­ша, биыл осы акция ең алдымен суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияның (Рамсар конвенциясы) 50 жылдығы қарсаңында өткізілді.

1

– Қаракөл көлінде жылдың әр­түр­лі мезгілінде суда жүзе­тін және су маңайы құстарының 175-ке де­йін түрі мекендейді. Оның ішін­де 20-дан астамы Қа­зақстанның «Қы­зыл кіта­бына» енгізілген. Бұлар – сұң­қыл­дақ аққу мен кіші аққу, бұйра және қызғылт бірқазан, сары, мысыр және кіші аққұтан, қоқиқаз, жал­бағай, қара­­бай, ақбас үйрек, аққұйрықты су­­бүркіт және тағы басқалар, – дейді Ә.Қозыбақов.

Сонымен қатар ол «Қаракөл сақ­шылары» еріктілерінің қазіргі таң­да қандай мәселелерді шешу үшін жұмыс­танып жүргендеріне тоқталды.

– Сулы-батпақты алқапты са­ни­тар­лық тазартудан, құстар са­нағын өткізуден және халыққа түсіндіру жұ­­мыстарынан басқа, біз бақылау мұ­на­раларын орнатып, экология­лық соқ­пақтар салып, «Қаракөл көлі» эко­ло­гиялық-ағарту орталығының тұ­­­­­­­­жырымдамасын жасауға бас­та­ма­шылық білдірудеміз. Қа­ра­­көл көлін экологиялық туризм нысаны ретінде тұрақты пай­даланбағандықтан, Үстірт қоры­ғының инспекторларына көл жаға­лауының өндірістік және тұр­­мыстық қалдықтармен лас­тануын, балық пен құстың брако­ньерлік аула­нуының алдын алу қиынға түсіп тұр. Ұйымдасқан туризм, оның ішін­де оқушылар мен студенттердің Қара­көлге оқу және зерттеу мақсаттары­мен ке­ліп тұруы «жабайы» туристер мен бра­коньерлерді үркітетіні анық, – деді ОА-РӨБ үйлестіру комитетінің мүшесі.

Сонымен, Қарақия-Қаракөл мем­ле­кеттік зоологиялық қау­малының бө­­лігі Қаракөл көлінде жүргізілген 55-нші IWC санағы мынадай нәтиже берді: сыбырлақ аққу – 5 500 дарақ, айдарлы қара ала үйрек – 3 500, қасқалдақ – 2 мың, түрі белгісіз үйректер – 4 мың, боз шағала – 200, өгіз шағала – 18 дарақ.

Ақтау қаласындағы химия-био­логиялық бағыттағы Назар­баев зият­керлік мектебінің химия пәні мұғалі­мі, ҚБСА «Жасыл әлем» Ақтау клубы­ның жетек­ші­сі Бақытгүл Жақсылықо­ва бұл жолы Қаракөлде бірде-бір қо­қи­қаз кез­деспегенін жеткізді. Оның пікірінше, соңғы кезде қоқи­­қаз­дарды ұшқышсыз ұшатын ап­паратпен түсі­ру жиілеп кеткені­не бай­ланысты се­зімтал құстар квад­рокоптершілер тез тауып ала­­тын жерлерден аулақ кетуге мәж­­бүр болды.

– Қаракөл көлі – Ақтау қаласы мен маңындағы елді мекендер ­үшін жылу және электр қуатын бе­ріп, теңіз суын тұщытып отыр­ған «МАЭК-Қазатомөнеркә­сіп» ЖШС өн­дірістің табиғатқа оң әсер тигі­зудің бірегей үлгісі болып отыр. Құстардың қысқы са­нақтарына біз 2016 жылдан бері жыл сайын қатысып жүрміз. Бұны өскелең ұрпақ үшін кәсіби бағдар ретінде де қарастыруға болады. Себебі өңіріміз­де орни­тологтер, зоологтер және  био­­лог мамандары тапшы, – деді Б.Жақ­сы­лықова.

Жас «Қаракөл сақшылары» қыс­­тың әдеттегідей емес, жылы жә­не ашық күні Қаракөлдің құс­­тарын санау өздері үшін оң әсе­­рін тигізгенін айтты. Сулы-бат­­пақты алқапты сақтап қалу және Қаракөл көлінің құстарына қолайлы жағдай жасау олар үшін оңай емес болса да абыройлы миссия екенін жеткізіп, туған жердің табиғаты үшін мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді.

Сонымен, қоқиқаздар қайда кетті? Табиғат аясында демалуды құс атып, жағалауға қалдықтар қалдырып, аппараттармен құс­тарды суретке, видеоға түсіру се­­кілді жеңіл көңіл көтеру­мен шатас­тыратындардың кесірі тиіп, жы­лы орнын суытуға мәжбүр бол­ды ма?

 

Маңғыстау облысы