Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Жылу шығыны шаш етектен

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырау жылу-электр орталығы күтпеген жерден тығырыққа тірелді. Кәсіпорынды «көгілдір отынмен» қамтитын «Интергаз Орталық Азия» АҚ тасымалдау құнын биылдан бастап әр 1000 текше метрге шаққанда 4 551 теңге көлемінде белгіледі. Бұл – қосымша құн салығын есептемегендегі меже және бұрынғы төлемнен екі есе дерлік көп.

Жылу шығыны шаш етектен

Жалпы, коммуналдық қызметтің құны қалай қалыптасады? Монополия мекеме құзырлы орынға өтініш жол­дағанда тарифті өзгерту себептерін то­лық көрсетеді. Яғни тұтынушыға ұсы­нылатын жұмыс көлемі ғана емес, соған жұмсалатын шығын мөлшері де есептеледі. Соның ішінде мәселен, энергетикалық қуаттарды өндіру үшін технологиялық мақсатқа жұмсалатын отын да бар. Ал Атырау жылу-электр ор­талығы қазандықтарына шикізат ретінде табиғи газды пайдаланатындықтан, өз жұмысын жеткізушілердің қызметіне қарай реттеп отырады. Әр жылы «кө­гілдір отын» құны қаншалықты өзгеріп отыратындығын ескереді.

Міне, осы орайда «Атырау-Жа­рық» акционерлік қоғамы дирек­тор­лар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновтің Энергетика ми­нис­трлігіне жолдаған хатында көр­сетілгендей, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қызмет құнын кенет көтеруі төбеден ұрғандай әсер еткен. Расында да, өзгесін сөз етпегенде, тек осы отынға жұмсалатын қаржы жоспарлы 2 млрд 402 млн 765,16 мың теңгеден 4 млрд 613 млн 917,39 мың теңгеге күрт кө­теріледі екен. Демек, өсім 192 пайыз­ды құраған. Соның салдарынан жалпы кәсіпорын бойынша коммуналдық қызмет көрсету үшін кететін шығын 7 млрд 929 млн 271,93 мың теңгеден 10 млрд 140 млн 424,17 мың теңгеге арт­қалы отыр. Сонда арадағы үш млрд теңге шамасындағы қаражат қалай жа­былмақ?

Атырау жылу-электр орталығының қазандықтарға пайдаланатын биылғы отын шығыны 2 млрд 211 млн 152 мың шамасында күтілуде. Бұл – о бастағы белгіленген межеден екі есе дерлік артық көрсеткіш.

Он шақты жылдан аса уақыт жүйелі жүргізілген инвестициялық бағдарлама нәтижесінде атыраулық энергетиктер бірнеше ірі жобаны межеге сәтті жеткізіп, аймақта электр және жылу энергияларына байланысты түйткілдердің түйіні тарқатылған-ды. Кәсіпорын да жемісті жұмысын жалғастырып жатқан. Бірақ мына жағдай қалыпты қызметке кедергі келтірді. Енді нендей амал бар?

Осы орайда шекті тарифке түзету ен­гізуге тура келеді. Атыраулық кәсіп­орын өткен жылғы 28 тамызда Энергетика министрлігіне оны реттеу жөнінде ұсыныс жолдаған-ды. Бұл республика бойынша монополия мекемелердің табысты жұмыс істеуі үшін есебін жаңа жүйемен жүргізу қажеттігінен туған. Соған байланысты биылғы 19 қаңтарда шекті тариф бекітілгенше «Интергаз Ор­­талық Азия» АҚ-ның тасымалға бел­гіле­ген бағасын тоқтата тұру да айтылды.

Атыраулық энергетиктер аталған ком­панияға хатпен шығып, тасымал ба­ғасын көтеруді сәл кейінге қалдыруды да сұраған. Бірақ олар биылғы 27 қаң­тарда қайтарған жауабында келісім бер­меген. Сондағы айтатын уәжі – Қы­зылорда-Жезқазған-Теміртау-Нұр-Сұл­­­тан арасын жалғайтын «Сарыарқа» магис­­тральды желісін сенімді басқаруға алуы­на байланысты шығын көлемінің артуы.

Бірақ бұл шығынды біреудің, яғни атыраулықтардың есебімен жабу жарасымды ма?

Осы орайда облыс тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін «Атырау-Жарық» АҚ, оның бір өндірістік буыны – жергілікті жылу-электр кәсіп­орны басшылығының тығырықтан шығу үшін жан-жаққа хат жолдауы – қарапайым тұтынушылардың тұрмысы түзу болуын көздегендік. Себебі бұ­лар­дан басқа Ұлттық экономика минис­трлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтініш жіберіліп, «көгілдір отынды» тасымалдау құнын көтермеу сұралған.

Мұның бәрі кәсіпорынның қалыпты қызметін қалыптастыру ғана емес, қара­пайым халықтың қалтасына қол салмау үшін де жасалған-ды. Күллі аймақты электр және жылу энергияларымен қамтамасыз етіп отырған өндіріс ошағы да ойсырап қал­мауы қажет, тұтынушы да қиналмауы керек.

Қалыптасқан жағдай қолданыстағы тарифке өзгеріс жасау қажеттігіне соқ­­тырды, ал ол қалай жасақталады? Бү­гін­де Атырау жылу-электр орталы­ғынан өндірілетін әр гигакалория жылу энер­гиясының құны – 7 516,95 теңге. Облыс­­тық табиғи монополияларды реттеу департаменті өткен жылғы 2 қара­шада осылай бекіткен. Содан халық­қа ұсынылып отырған баға – 4 832 88 теңге. Байқап отырғаныңыздай, жылуды өн­ді­руге кететін шығыннан екі есе дерлік аз.

Ал арадағы айырма немен өте­леді? Кәсіпорынның бұл шығыны қа­лай ақталады? Міне, осы орайда тұтыну­шылардың басқа тобына салмақ салынады. Мәселен, кәсіпкерлерге арналған тариф – әр гигакалориясына 14 209,89 теңге. Ақырында, бюджеттік мекемелерге бекітілген тариф 16 078,17 теңге болатын.

Енді табиғи газ қымбаттаған сәтте осы тарифті аз-кем көтеру керектігі туындады. Монополия мекеме тұтынушыға салмақ салмай, бизнес нысандары мен бюджеттік мекемелерге арналған бағаны өзгертуді ұсынған. Оның да екі нұсқасы қаралған. Біріншісінде, кәсіпкерлік құрылымдары мен бюджеттік мекемелерге өсім 6,46 пайыз көлемінде көрсетілген. Екіншісінде, соңғыларының тарифін ғана қазіргі 16 078,17 теңгеден 19 243,68 теңгеге көтеру көзделген.

Соңғы нұсқаның тиімділігі – қазіргі пандемия кезінде бизнес нысандарын қолдау. Расында да, олар біраз шығынға батып отыр. Енді коммуналдық төлемді көтерсе, оны мүлдем төлей алмау қаупі де жоқ емес. Оның сыртында осы шығынды жабу мақсатында ертең өндірген өнімі мен көрсетер қызметін халыққа қымбатқа ұсынса, ол да қарапайым жұртшылықтың қалтасына салмақ салады. Міне, осыны ойлаған энергетиктер кәсіпкерлік құрылымдарға арналған тарифті де қозғамағанды жөн көрген.

Жалпы, Ұлттық экономика минис­трлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің бұйрығына орай «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ бойынша 2021-2025 жыл­дарға арналған жылу тарифі белгіленген. Қолымыздағы кестеге қара­ғанда, оны осы аралықта сатылап көтеру көр­се­тілген. Алайда, атыраулық энергетик­тер биыл төлем мөлшерін былтырғы деңгейде сақтауды шешіпті.

Ал жылу энергиясын өндірушілердің шаш етектен шығыны осымен өтелді ме? Әрине, жоқ. Жаңа тариф ақпаннан бас­тап күшіне енеді десек, «көгілдір отын» тасымалына байланысты қаңтардағы шығынды жылу-электр орталығы өзі көтермек.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

журналист