Тарих • 11 Ақпан, 2021

Тарихқа тағзым

1078 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хакім Абай «Түйсігі бар әрбір адам үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта» демеп пе еді. Демек, кітап оқу арқылы ғана адам мәнді білім алады, терең ойлауға машықтанады. Әлемнің тылсым сырларын, тарихын, жаңа құндылықтарды зерделейтін мүмкіндікке ие болады.

Тарихқа тағзым

Міне, жақында қазақ ру­ханияты тағы бір құнды дү­ниемен толықты. Көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кері, танымал ғалым Өмір­зақ Озғанбаевтың бес том­дық шығармалар жинағы жа­рыққа шықты. Әлі сиясы кеуіп үлгірмеген жаңа туынды «Ресей Мемлекеттік думасы», «Тарих тағылымы», «Қа­зақтың шешендігі мен кө­семдігі астасқанда», «Жарық жұл­дыздар», «Тағзым» атты бес томнан құралып, қазақтың тарихи тұлғаларының, атақты көсемдері мен шешендерінің ел көсегесін көгерту жолындағы жанкешті қайраткерлік істері толағай толғаныстармен баян­далған.

Автор шығармаларында Алаш мұрасы мен мұратын та­нудың терең толғамы кө­рініс тапқан. Ұлтымыздың сан ғасырлық рухы мен мұра­тының ұлы бұлқынысына айналған Алаш қозғалысы қай­раткерлерінің тағдыры да – өзекті мәселе. Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жыл­дан-жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп жат­қандығы көңіл қуантады. Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді ай­қындау болып табылады. Қа­зақтың оқыған, ұлтжанды азаматтарының тізе қосып, ел­дің болашағы үшін ат­қарған ерен істері де айқын көрініс тапқан. Ресейде қос үкіметтің орнауының салдары қазақ халқының өз алдына шаңырағы бөлек ел болуын көксеген Алаш серкелерінің саяси сахнаға шығып үлкен мінбер Мемлекеттік Думадан үн қатқаны тарихтан мәлім. Бұл кітаптарда Ә.Бөкейхан, Б.Құлманов, М.Тынышбаев, Ш.Қосшығұлұлы, т.б мем­лекеттік жүйе құруға күрес­кен қайраткер тұлғалар туралы деректерді көптеп кез­дестіресің.

Ғалым Өмірзақ Озған­байұлы ағамыздың еселі де еңселі еңбегі жиырмасыншы ғасыр басындағы қоғамдық ой-сананы оятып, ұлтын азаттық пен тәуелсіздік жолына жетелеген халқымыздың аяулы перзенттерінің аруақтарына бас иіп, мәңгі өшпес бейнелеріне қойған ескерткіші деп айтуға болады. Тарихи-танымдық мұ­рамыздың қайнарын қалқып алып, шығарманың өзегіне айналдырып еш қоспасыз, боя­масыз, бұлтартпас деректерді, айнымас айғақтардың қиысын келтіре қолдана отырып оқыр­манға жайып салған.

 

Бейбіт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі