Қоғам • 11 Ақпан, 2021

Теңдік және мүмкіндіктер құқығы

499 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда әйелдерге күш көрсету оқиғаларының көбейгені байқалып отыр. Осы орайда Түркістан облысының ауыл-аймақтарында тұратын әйелдерге цифрлы және гендерлік құқықтар бойынша онлайн тренингтер өткізілді.

Теңдік және мүмкіндіктер құқығы

«Qolda 2.0» шұғыл кө­мек бағдарламасы аясында «Заң та­лабы» құқық қорғау орта­лығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдас­тыр­ған тренингтерге 50 қыз-келіншек қатысты. Қатысушы­лардың дені Түркістан, Арыс, Шардара, Сарыағаш, Жетісай, Түлкі­бас, Сайрам, Төле би, Мақта­арал аудандары сынды шалғай өңірдің тұрғындары.

«Қазір ажырасу процесі жүріп жатыр. Сондықтан маған сот кең­сесінің платформасын пайдалануды үйрену керек болды. Онлайн тренинг туралы Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерінен білдім. Қосымша арқылы полицияға арыз беруді, сондай-ақ өзімнің негізгі құ­қық­тарымды және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қандай жаза күтетіні туралы біл­дім. Тренинг өте қызық болды, гендерлік мәселелермен қатар, практикалық жаттығулар мен теорияны үйлестіре отырып маңызды тақырыптар қозғалды», дейді Түркістан қаласының тұрғыны Е.Кемелбекова.

«Qolda 2.0» шұғыл көмек бағ­дарламасы басталғаннан бері «Заң талабы» құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің адвокатына физикалық, жыныстық зорлық-зомбылық бойынша хабарласып жатқандардың саны артқан.

«Тұрмыстық зорлық-зом­былық құрбандарына құқық­тық және психологиялық көмек көрсетіледі. Қоғамдық бір­лес­­тік психологтері зорлық көр­гендерге психоэмоционалды жағдайын түзету бойынша кеңес беріп, арт-терапия өткізеді. Былтырдан бері хабарласып жатқан физикалық және жыныстық зорлық-зом­былық құр­бандарының жасы 14-тен 48 жасқа дейін, арасында кәме­летке толмаған балалар да бар. Тре­нингтерде ген­дерлік құқықтар, цифрлы құ­қықтар және оның рөлі жайында айтыл­ды», дейді «Заң талабы» құ­­қық қорғау орталығы» қоғамдық бір­­лестігінің төрағасы Мурад Юнусов.

Жоба аясында Шымкент қа­ласы және Түркістан облысы бойынша тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету, тұр­мыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін сенім телефоны мен онлайн-чаттың жұмысын жолға қою, #StopViolence ұра­нымен ақпараттық науқан өткі­зу, жастар мен ауыл-аймақ­тар­да тұратын әйелдерге арнал­ған цифр­лы білім беру және гендерлік теңдік бойынша онлайн тренингтер ұйымдастыру, әйелдерге зор­лық-зомбылық көрсеткен ер адамдарға әрекетті қайталамау мақ­сатында жұмыстар өт­кізу жоспарланып отыр. Алда­ғы тренингтер шеңберінде гендерлік құқықтар және теңдік, әйелдерге мемлекеттік деңгейде құқықтық қор­ғау көрсету, зорлық-зом­бы­лықтың түрлері, тұрмыстық зор­лық-зомбылық құрбандарына ар­налған іс-қимыл алгоритмі, әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін интернетті пайдалану тақырыптары қамтылады.

Ал #StopViolence кампания­сы жоба аяқталғанға дейін, яғни осы жылдың сәуір айына дейін жалғасады. «Алдағы екі ай­да Түркістан облысындағы 7 ауданға 21 сапар жоспарланған (Арыс қаласы, Түркістан қаласы, Шардара, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Сайрам аудандары). #StopViolence кампаниясы аясында әйелдер мен қыздарға олардың құқықтарын түсіндіріп отырамыз. Сонымен қатар әйел­дерге «Егер сіз от­басылық зор­лық-зом­былық құрбаны бол­саңыз, не істеуіңіз керек?» атты ақпараттық материалдарды, ал ер адамдарға «Ашумен қалай күресуге болады?» деген брошю­раларды таратамыз», дейді атал­ған бірлестіктің төрағасы Мурад Юнусов.