Аймақтар • 11 Ақпан, 2021

Түркістан облысында «Жастар жырлайды» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Сайрам ауданында жергілікті жас ақындар асыға күткен «Жастар жырлайды» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Былтыр жастармен өткен кездесуде аудан әкіміне Амалхан Төлебек жастардың жинағын шығару жөнінде ұсынысын жеткізген болатын. Ол аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің тарапынан қолдау тауып, 14 – 29 жас аралығындағы 20 ақынның шығармалары алғаш рет жарық көрген жыр жинаққа еніп отыр.

Жас ақындардың шығармалары енген кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан аудан әкімі өлеңімен өрлігін танытып, замандастарын жақсылыққа үндейтін, елдік пен бірлікті ту еткен мемлекетшіл жастар қай кезде де қоғамның ең белсенді тобы ретінде танылатынын атап өтті.

«Жас ақындардың қарым-қабілеті әртүрлі болғанымен, бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Кітап – құнды дүние, әрі естелік. Сайрам топырағында қаншама біртуар азаматтардың кіндік қаны тамған. Бұл, әрине біздің халықтың даладай дарқандығы мен жанының жомарттығына, жолдасқа адал, қонағын сыйлайтын кең пейіліне бұйырған тағдырдың тартуы болар. Қоғамға қалтқысыз қызмет еткен кешегі Құрманбек Жандарбеков, Ошат Рахым, Ерсін Қойбағар, Тұрсынай Оразбаева сынды азаматтардың ізін жалғап, туған жердің жақсы атын шығаратын – бүгінгі дара, саналы, дарынды жастар. Сайрам ауданында жас ақындардың көптігі мені қуантты. Олардың шығармашылығын жинақтап, бір кітапқа енгізу – үлкен жетістік. Сондықтан да жас ақындардың жыр жинағын шығару ұсынысына қолдау таныттық. «Жастар жырлайды». Кітаптың атын осылай қойдық. Ендеше, жастарымыз жақсылықтың жаршысы болып, игілікті жырлай берсін. Шығармашылық жолындағы алғашқы қадам жастарды даңғыл жолға, биік белестерге бастасын!», деді Ұласбек Сәдібеков құттықтау сөзінде.

Ал жастардың атынан сөз алған Амалхан Төлебек мұндай қолдау шабыттандырып, бойға сенім ұялатқанын жеткізді.

Аудандағы барлық кітапханалар, мектептер мен колледждер және кітап сүйер қауымға тегін таратылатын кітаптың редакторы – өңірге белгілі ақын Нұрғиса Төремұратов. Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспаханасында басылған «Жастар жырлайды» кітабы 5 бөлімнен тұрады.