Руханият • 11 Ақпан, 2021

Күн сөздігі: Матильда эффектісі

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Матильда эффектісі – әйелдердің ғылымға қосқан үлесін жүйелі түрде жоққа шығару, олардың жұмы­сының құнын төмендету және әйел­дердің атқарған жұмысын әріптес ерлер­дің иеленуі.

Күн сөздігі: Матильда эффектісі

Бұл эффект жайында алғаш рет суфражист-аболиционист Матильда Джоселин Гейдж (1826-1898) өзінің «Әйел өнертапқыш ретінде» атты очеркінде сипаттаған. Ал «Матильда эффектісі» терминін 1993 жылы тарихшы Маргарет В.Росситер енгізген. Мұндай шеттетуге ұшырағандардың бірі физика саласы бойын­ша Нобель сыйлығын алған алғашқы әйел, көрнекті ғалым Мария Склодовская-Кюри (1867-1934). Ол үміт­керлер қатарына Нобель сыйлығы комитетінің мүшесі, швед математигі Магнус Гёста Миттаг-Леффлер мен күйеуі Пьер Кюридің өтінішімен ғана енгі­зілді. Мария Склодовская-Кюри еш­қашан Франция ғылым академиясына қабыл­данбаған.

1960 жылдардың аяғында британ астро­физигі Джоселин Белл Бернелл алғаш­қы радиопульсарларды ашқан еді. Аталған жаңалық үшін 1974 жылы физика саласындағы Нобель сыйлығы оның жетекшісі Энтони Хьюиш пен Мартин Райлға беріліп, Джоселин Бернелл есімі ұмытылды. Бірақ жас ғалымның Нобель сыйлығынан шығарылуын Фред Хойл сынды танымал астрономдар сынға алды. 1991-2005 жылдардағы мыңнан астам ғылыми жарияланымды талдаудың негізінде, ер ғалымдар әйелдерге қарағанда ер авторлар­дың жарияланымдарынан жиі дерек келтіретіндігі анықталған.